ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Аудандық мәслихаттың сессиясы өтті

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес сегізінші шақырылымдағы Шардара аудандық мәслихатының кезекті отыз бесінші сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудандық прокуратура мен аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары, ауыл әкімдері қатысты.
Сессияны Шардара аудандық мәслихатының төрағасы Мүтәлиев Бұлтбай Лесбекұлы ашып, күн тәртібімен таныстыр-ды.
Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша «Аудандық жер қатынастары бөлімінің жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру қорытындылары туралы есебі» тыңдалды. Бұл мәселе бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрманов Қайсар Мырзабайұлы хабарлама жасады.
Баяндамашы өткен жылы пайдаланылмай жатқан 21,0 мың гектар жердің қайтарылып, нәтижесінде төрт ауылдық округке жайылымға берілгенін атап өтті. Сондай-ақ, биыл шамамен 13,0 мың гектар жер қайтарылып, өзге ауыл округтеріне де жайылым ретінде берілетінін айтты. Сонымен қатар депутаттардың «жайылымдық жерлерге бақша егілуде» деген сұрағына орай, бұл мәселені анықтау бойынша тиісті жұмыс-тар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Келесі кезекте Қызылқұм және Сүткент ауылдық округтері әкімдерінің өздеріне жүктелген қызметтер мен міндеттерді іске асыруы туралы есептері тыңдалды. Қызылқұм ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Арын Абай, Сүткент ауылдық округінің бас маманы Нұралы Исаев хабарлама жасады.
Аталған ауылдарда көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жүйелі жүргізілгенімен, ауыз су мәселесінде әлі де кемшіліктер бары айтылды. Сонымен қатар Қызылқұм ауылдық округі орталығының шекарасын кеңейту және мәдениет үйлеріне газ тарту мәселесі талқыланды.
Сессия барысында аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев 2024 жылы аудандық мәслихат сессияларында депутаттар тарапынан айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстардың және депутаттық сауалдардың орындалу барысы туралы баяндады.
– Өткен жылы депутаттар өз сайлау учаскелерінде сайлаушылармен және «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімінде 51 қабылдау өткізді. Оған 188 азамат қатысты. Жеке және заңды тұлғалардан 26 өтініш түсіп, қолданыстағы заңнама аясында жұмыстар атқарылып, өтініш иелеріне мерзімінде жауап қайтарылды. Депутаттар тарапынан мекемелерге 43 депутаттық сауал жолданып, олардың 39-ына жауап алынды. Қалған 4 сауалдың орындалуы бақылауға алынған, – деді мәслихат төрағасы.
Сессияда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өмірбек Рүстемнің өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауы жөніндегі есебі де тыңдалды. Дегенмен депутаттар «Каз-крахмал» зауытының инфрақұрылымдарының әлі аяқталмағанын алға тартып, күзге дейін пайдалануға берілмесе, диқандардың өнімдерін тапсыра алмай, қиындыққа тап болу қаупі барын ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауды күшейту қажеттігін айтты.
Сессияның күн тәртібіне «Шардара аудандық Қоғамдық ке-ңесінің құрамын бекіту туралы», Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №17-85-VIII «Шардара ауданындағы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы», 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №49-284-V «Шардара ауданы әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы», 2008 жылғы 26 наурыздағы №6-39-IV «Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жаңа құрамын бекіту туралы», 2013 жылғы 20 қыркүйектегі №19-125-V «Шардара ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия құрамын бекіту туралы», «Аудан әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы», 2008 жылғы 26 наурыздағы №6-49-IV «Шардара ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» және 2006 жылғы 20 маусымдағы №27-158-III «Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қойылып, қаралып, тиісінше шешімдер қабылданды.
Ж.ЖІГЕРҰЛЫ
Made on
Tilda