ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ШАРУАЛАР СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНА КӨШУДЕ

Ауданымызда бірқатар шаруақожалықтары егістік алқабын игеріп отыр. Өткен жылы ауа-райының қолайсыздығы шаруаларды шығынға батырған еді. Сол себептен де биыл диқандардың көбі тамшылатып суару жүйесіне көшуде. Қазіргі таңда инновациялық технологиялар ауданымызда да қолға алынған. Себебі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны көптеп ауқымды түрде енгізу қажеттілігі және суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы орайда аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауданда су үнемдеу әдісін дамытуды тапсырған болатын.
Шардара ауданы, Жаушықұм ауылына қарасты «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруақожалығы 500 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Биыл 370 гектарына күнбағыс егіп, оны тамшылатып суғару әдісімен суландыруда. Бұдан бөлек, жүгері және бау-бақша өнімдерін өсіруде.
Шаруа қожалығы 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, жұмыс ауқымына байланысты 20-30 адамға қосымша жұмыс беріп отыр. Мұнда 23 ауылшаруашылығы техникасы жұмыс істейді. Өнімдері ҚХР, Түркия мемлекеттері мен ішкі нарыққа өткізіледі.
-Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауы аясында шаруақожалықты дамытып, завод ашуға да ниеттіміз. Бұл тамшылатып суару дүниежүзі бойынша су тапшылығының алдын алатын және өнімділікті көбейтетін әдіс деп білемін,- дейді қожалық басшысы Оразалы Шыршықбаев.
Сонымен қатар ауданымызда тамшылатып суландыру алқаптары артуда. Сөзімізді нақтылай кетсек, Жаушықұм ауылының тұрғыны Жұмабеков Төлеген өз шаруа қожалығындағы 10 гектар жерді игеріп бастаған. Егістік алқаптың 3 гектар жеріне тамшылату суландыру әдісімен пияздың “Кэнди” тұқымын егіп баптауда. Өз сөзінде:
-Тамшылатып суландыру әдісі ағын суды үнемдеп қана қоймай, артық арамшөптерді жою және суғару кезінде жеңіл болуда. Алдағы уақытта бүткіл егістік жерімізге тамшылатып суғару технологиясын ендіреміз деген жоспар бар. Бұл әлемдік су үнемдеу әдісі,- дейді шаруа қожалығының иесі Төлеген Жұмабеков.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев аудандағы ауыл шаруашылығына жауапты бөлімдерге су үнемдеу технологиясын барлық ауылдық округтерде ендіруді тапсырды.

Бота Болатова
Made on
Tilda