ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ашық алаңдағы пікірталас

Білім
Шардара ауданы білім бөліміне қарасты мектептердің информатика пәні мұғалімдері арасында «TedX» форматта «Робототехниканы оқытуды ұйымдастырудың нысандары мен әдістері» тақырыбында кездесу «Шардара» мектеп-лицейінде өтті.
Іс-шараның мақсаты – оқыту процесінде инновациялық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың робототехникаға қызығушылығын арттыру және проблемаларды шешу дағдыларын дамыту.
Кездесуге М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының информатика пәні мұғалімі, робототехника саласынан бірнеше халықаралық байқауларда шәкірттері оза шапқан жеңімпаздардың жетекшісі Саудабаева Маржан ханым қатысты.
Бірінші ортақ тақырып информатика сабағында робототехниканы оқытуды ұйымдастыру болды. Қазіргі таңда ауданымыздың көп мектептерінде LEGO Education SPIKE және LEGO Mindstorms Education EV3 роботтары жоқ. Мамандардың айтуынша, сыныпта робот жасауды үйрену оқушыларға ғылым, технология, инженерия және математика сабақтарын одан әрі жақсы түсінуге көмектеседі. Ал болашақ туралы болжамдардың барлығы роботтардың кейбір мамандық иелерін толығымен алмастыра алатынын айтады. Бұл үрдіс қазірдің өзінде басталып кетті. Сондықтан болашақ мамандар бәсекеге қабілетті болуы үшін, еңбек күші болатын роботтардың қалай жұмыс істейтінін түсінуі үшін қазірден бастап робототехника негіздерімен таныс болса нұр үстіне – нұр деген пікірді ортаға салды.
Робототехниканы оқытудың әдістері туралы көкейтесті мәселелерді тек спикерлер ғана емес, кездесуге қатысқан басқа да мамандар өз пікірлерімен бөлісті. Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің ақпараттық жұмыстар жөніндегі орынбасары, информатика пәні мұғалімі Утешов Сабит робототехника мәселесінің қазіргі уақытта әлі де күрделі мәселе болып тұрғанын атап өтті. Ол облыстық халықаралық байқауларға қатысудың қиын екенін және ауданымызда санаулы ғана мектептің мамандары қатысып жүргенін айтты. Бұл мәселе бірнеше жыл бойы өзектілігін жоймай келе жатқанын да жеткізді.
А.Әлімбетов атындағы жалпы білім беретін мектептің робототехника пәнінің мұғалімі Әуезбек Бақтиярдың айтуынша, барлық балада бірдей қызығушылық бола бермейді. «Бір сыныпта оқитын оқушылардың жартысы ғана қызығушылық танытуы мүмкін. Ал осы саланың негіздерін үйреніп қана қоймай, жобалар жасап, жарыстарға қатысатындар саны одан да аз болады. Бұл – қалыпты жағдай. Біздің мектепте робототехника үйірмесі үшінші сыныптан бастап барғысы келетіндер бар. Жалпы үйірмеге барғысы келетін балаларға 5-сыныптан бастап шұғылдануға кеңес береміз», деді. Маманның сөзіне сенсек, цифрлы технология өмірдің барлық салаларына еніп жатыр. Ал болашақ жастарға сол өзгерістерді түсіну өте маңызды. Сондай-ақ робот жасау арқылы балалардың логикалық ойлау қабілетін, инженерлік қабілеттері дамитынын айтады.
Мен Шардара ауданының білім бөлімінің информатика пәні әдіскері ретінде робототехникадан белсенді орта (команда) құруға ұсыныс білдірдім. Әрбір маманның озық идеяларын жүзеге асыруға әдіскер ретінде барлық тараптан қолдау көрсететінімді атап өттім.
Кездесуде белсенділік танытқан әріптестеріме алғысымды айтып, алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен баршаны құттықтап, жақсы көңіл-күйде тарастық.
КАКАРОВА Тамара Ендібайқызы
Шардара ауданының білім бөлімінің информатика
пәні әдіскері
Made on
Tilda