ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Білім кәсіподағының құрылғанына биыл 100 жыл

2025-05-28 10:54 Білім
Қазақстан Республикасының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құрылғанына биыл – 100 жыл. Мерейлі датаға орай Астана қаласында ғасырлық тәжірибе: «Тарихтан тағылым – болашаққа бағдар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға халықаралық еңбек ұйымдарының өкілдері, мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдар, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктері, еліміздің барлық өңірлерінен келген кәсіподақ белсенділері, сала ардагерлері мен шетелдік сарапшылар қатысты.
Конференция барысында негізінен қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында кәсіподақ қызметін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар сала еңбеккерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың инновациялық тетіктерін енгізу, қызметкерлермен өзара іс-қимылдың жаңа нысандарын дамыту мәселелерін сөз етті.
Конференцияны салтанатты түрде салалық кәсіподақ төрағасы Мұқашева Айгүл Мақсатқызы ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында кәсіподақ қозғалысының қалыптасу және даму кезеңдері, жеткен жетістіктері, еңсерілген қиындықтар мен білім беру жүйесіне қосқан үлесі қамтылған «Кәсіподаққа – 100 жыл» атты деректі фильм көрсетілді.
Конференцияда ҚР Премьер – министрінің кеңесшісі – Асылова Бибігүл Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту вице министрі Оспан Еділ Сабырұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Биахметов Асқар Сақтағанұлы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұралин Асылбек Жамашұлы, ХЕҰ жұмысшылар кеңсесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің меңгерушісі Сергиус Гловацкас, білім интернационалының бас хатшысы Дэвид Эдвардс, Еуропалық білім кәсіподақтары комитетінің директоры (ЕТUCE) – Йелмер Эверс, халықаралық Еуразия білім кәсіподақтары бірлестігінің (UAESEB) және Түрік Республикасы TURK EGITIM-SEN білім кәсіподағының төрағасы Талип Гейлан, ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы Даулеталин Сатыбалды Телағысұлы, «Адами капиталды, білім және ғылымды дамыту жөніндегі ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Бекжанова Гүлнәр Ғинаятқызы, салалық кәсіподақтың ардагері, бұрынғы төраға Амантаева Майра Тұрғанқызы құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Премьер – Министрінің кеңесшісі Бибігүл Асылова конференция қатысушыларына ҚР Премьер – министрі Е.Көшербаевтың құттықтауын оқып берді.
Құттықтауда: Бүгінде салалық кәсіподақ тек қана құқық қорғау алаңы емес, сонымен қатар әлеуметтік әріптестіктің маңызды тетігіне айналды. Мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен орнатылған өзара түсіністік пен тең құқықты ынтымақтастық арқылы кәсіподақ қызметі қоғамымыздағы әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл – үлкен жетістік. Себебі білім, ғылым саласы – ұлттың болашағы, ал сол саланың мамандары – елдің ең басты капиталы – делінген.
ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы СатыбалдыДәулеталин: Кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығын, оның ішінде білім беру жүйесіндегі салалық кәсіподаққа 100 жылдығын біз «Өткенге мақтанышпен, бүгінді өзгертіп, болашаққа сеніммен!» ортақ ұранымен өткізіп жатырмыз. Біз мақтан тұтарлық жетістіктерге иеміз – 120 жыл бойы кәсіподақ қозғалысы елдің игілігіне қызмет етіп келеді. Біздің бастамаларымыз шынымен нәтижелі болып, кәсіпорындар мен ұйымдардағы, соның ішінде білім беру саласындағы қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде.
Бұдан кейін «Дәстүрден инновацияға: Қазақстандағы білім және ғылым саласындағы кәсіподақ қозғалысының эволюциясы» тақырыбындағы негізгі баяндамамен салалық кәсіподақ төрағасы Мұқашева Айгүл Мақсатқызы сөз сөйледі.
Ол тарихи сабақтастықты сақтау, кәсіподақтардың әлеуметтік миссиясын күшейту және қазіргі білім беру кеңістігін қалыптастыруға белсенді қатысу маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда салалық кәсіподақ әлеуметтік – еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау жолында белсенді жұмыс атқарып, мемлекеттік органдар және жұмыс берушілермен сындарлы ынтымақтастық орнатып отыр, – деді.
Өз сөзінде салалық кәсіподақ төрағасы кейбір жұмыс нәтижелерін келтірді.
Тек 2024 жылдың өзінде салалық кәсіподақ заңгерлері 34 мыңнан астам өтініштерді қарап, 715 жағдайда келісу комиссияларында, 52 жағдайда соттарда қызметкерлерге көмек көрсетті, 24 заңсыз жұмыстан шығарылған қызметкер қайта жұмысқа орналастырылды.
Еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау аясында 2653 тексеру жүргізіліп, 4828 құқықбұзушылық анықталды.
Конференция аясында өткен тақырыптық сессияларда салалық кәсіподақ қозғалысының дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша басқа да баяндамалар жасалды.
Қатысушылар білім және ғылым жүйесіндегі кәсіподақ ұйымының ролін күшейту, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты – 3 қалыптастырумен жүзеге асыруға қатысуын арттыру секілді көптеген өзекті мәселелерді атап өтті.
Бұл іс-шара өз кезегінде салалық кәсіподақтың білім және ғылым саласы қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін табандылықпен қорғап, уақыт талабына сай әрекет ететін маңызды қоғамдық институт ретінде өз орнын сақтап отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
НҰРЫМБЕТ Жалғас Жүнісұлы — «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының
Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық кәсіподақ комитеті» филиалының төрағасы.