ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты

Президент Көкше төріндегі құрылтайда осыдан үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді.
– Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығы-ның мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген қоғамдық әдепті реттеу; теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқау-ыл қою; отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру; әйелдер колониясындағы жағдайды түзеп, қылмыстық атқару жүйесіндегі заңнаманың жүкті немесе кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қатысты тұсын қайта қарау, кәсіптік- техникалық колледждерді дамыту ісінде жаңа мамандықтарға сұраныс пен еңбек нарығындағы жағдайды ескеру секілді өзекті мәселелерге қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салды.

Made on
Tilda