ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жерлестеріміз майдан мен тылда ерен ерлік жасады

ҚР қарулы күштері
Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Әрине Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Халқымыз елімізге қатер төнген сәттегі отансүйгіштігімізді, бірлігіміз бен ынтымағымызды көрсете біліп, жанқиярлықпен Отанымызды қорғай білді. Тарихи оқиға болды.
Фашистік Германия шабуыл жасаспау туралы 1939 жылдың 23 тамызындағы Кеңес Одағымен жасалған келісіміне қарамастан 1941 жылдың 22 маусымында КСРО аумағына соғыс жарияламастан басып кірді. Ұйқыда жатқан бейбіт халықты түнгі сағат төрттегі «Соғыс» деген суық сөз оятты. Бүкіл ел болып елімізді азат ету жолында ерлікпен еңбек етуге тура келді.
Жалпы екінші Дүниежүзілік соғысқа 34 миллион 478 мың адам қатысты. Орта Азия елдерінен соғысқа 3 миллионнан астам жауынгер қатысқан болса, оның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар. Соғыс майданына қазақстандықтардың әр 5-шісі аттанып, әрбір екінші жауынгердің майдан даласында қаза болғаны, 600 мыңнан астам жауынгердің елге оралмағаны жөнінде мәліметтер бар.
Осындай ел басына күн туған шақта шардаралықтар да Отан қорғауға қатысып, бірқатары тылда еңбек етті. Қала орталығындағы «Тұңғыш Президент саябағындағы» Ұлы Отан соғысына қатысушылардың аллеясындағы тізімде бұрын 797 адамның аты-жөні болса, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында оның қатары тағы 14 адамға артты. Олардың соңғысы ретінде Ресейдің Ростов облысының Октябрь ауданындағы «Бауырластар зиратынан» 82 жылдан соң табылған Сламидин Әбілдәұлы болды. Олардың қатары әлі де арта түспек.
Біздің ауданымызда да сол сұрапыл соғысты басынан өткерген бірқатар азаматтар бейбіт күнде еңбек етіп, ауданның дамуына үлес қосты. Есімдері құрметпен аталып жүрген олардың қатарында «Көксу» совхозын ұзақ жыл басқарған, еңбегі еленіп «Халық Қаһарманы» атанған Мәулен Қалмырзаевтан бастап, Әзімбай Сарайбаев, Әбілқасым Жұматаев, Тағабай Айтөреев, Жүрінбай Айтөреев, Кеңес Одағының батырлары Сейітқасым Әшіров, Абылай Әлімбетов, Тоғанбай Қауымбаев тағы басқалар бар. Ұлы Отан соғысы ардагерінің соңғы сарбазы Жаппар Серікбаев 2018 жылы соңғы сапарға аттанды.
Қазір ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысушы жауынгер қалмады. Дегенмен соғысқа қатысушылардың Валентина Жукова, Күлсара Қарсыбаева, Жалғас Роматова, Бике Шотанова секілді жұбайлары немере, шөбере, шөпшек сүйіп, солардың қызығын көріп ғұмыр кешуде. Сол сияқты Құдайберген Асанұлы, Орынбасар Ақмолдаев, Сатима Бұқарбаева, Күлпан Ерімбетова, Түгелбай Жәукімов, Анатолий Коломыц, Қатира Нұрымбетова, Айдын Оразбекова, Айдос Сарсенов, Срайыл Сахов, Жаңыл Смайлова, Әбубәкір Сыздықов, Жамал Тажиева, Аманқылыш Төреханов, Зерекүл Қалдарбекова секілді тыл ардагерлері де өсірген ұл-қыздарының құрметіне бөленіп, егеменді еліміздің қамқорлығына бөленіп, бақытты өмір сүруде.
Биыл Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 80 жыл толып отыр. Сол кездегі жастардың өзі бүгінде тоқсаннан асып жүзге жақындады. Әрине, олардың жүректерінен әліге дейін соғыс салған жара жазыла қойған жоқ. Бәріне шүкіршілікпен осы күнге жетіп отыр. Осындай үлкен мерекеде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жұбайларына, тыл ардагерлеріне және де Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендерге әлеуметтік қолдау көрсету бойынша мемлекеттік және демеушілік қолдаулар көрсетіле бермек.
Соғыста қан кешіп, ерлік жасаған майдангерлеріміз бен соғыстағыларға қажетті азық-түлік пен киім-кешек жөнелтуге атсалысқан тылда тер төккен ата-аналарымыздың теңдессіз ерліктері мен табандылықтары ғасырлар бойы мәңгі жасай береді. Ауыр күндердегі адал еңбектері үшін барша тыл ардагерлеріне бас иіп, алғыс білдіреміз. Осындай айтулы мерекеде тыл ардагерлеріне, майданда қан кешкен сарбаздардың жұбайларына зор денсаулық, шаңырақтарына бақ пен береке тілейміз.
Ж.СЕЙДУАЛИЕВ
Made on
Tilda