ШАРТАРАП ШАРАЙНА

№16 колледжде «Жас шекарашылар» әскери-патриоттық клубы ашылды

ҚР қарулы күштері
Ата-бабаларымыз талай жылдар бойы армандап, аңсаған Тәуелсіз-дігімізге қол жеткізілген соң 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі құрылды.
«Ерлік елге ұран, ұрпаққа өнеге» дегендей Ұлы Отан соғысы жылдары Ұлы Жеңісті жақындатуға күш салған аға ұрпақтың ерлік істерін жалғастырып, Тәжік, Ауған жерінде азаматтық борышын өтеп қайтқан ардагер жауынгер жерлестеріміздің ерлігі мәңгі есімізде.

Қазіргі таңда Шардара ауданында орналасқан «Шардара» шекара бөлімінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен сарбаздар мен әскери қызметшілер келіп шекара тыныштығын сақтауда аянбай еңбек етуде.
Шардара қаласындағы орталық стадионда Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің құрылғанына 32 жыл толуына орай Шардара ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі жанындағы әскери-патриоттық орталығының жетекшісі Әли-Асқар Шералиевтің ұйымдастыруымен ауқымды шара өтті. Оған қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев:
– Қадірлі шекарашылар, офицерлер мен сарбаздар! Сіздерді аудан басшылығы атынан шекара қызметінің 32 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Мына ұлан-ғайыр, кең байтақ жерді ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен иеленіп, бізге аманаттап кетті. Енді сол жерді қырағылап күзету баршамыздың міндетіміз. Соны түсінген шекарашыларымыз төбеден құс ұшырмай, судан балық өткізбей, жердің бір қада-мын өзгеге аттаттырмай қас қақпай күзетуде. Шекара қызметі біздің ауданда да бар. Біздер олармен үнемі байланыстамыз, – деп үздік шекара қызметіндегі сарбаздарға аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың Алғыс хаттарын тапсырды.
Келесі кезекте Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі, отс-тавкадағы майор Қылыш Сәтбаев пен Шардара қаласы Майқала шағын ауданының биі Таңсықбай Саховтан кейін құттықтау сөз сөйлеген Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы ардагерлер бірлестігінің төрағасы Дәндібай Қосаев бірқатар шекарашыларға еліміздің Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ұлан-ғайыр мемлекетіміздің шекарасын қорғаудағы еңбектері үшін марапаттаған Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері республикалық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Н.Т.Кадировтың Алғыс хаттарын табыстады.
Мерекелік салтанатты шара қаладағы №16 колледжде студент жастардың отан-сүйгіштігін, шекара қызметіне дайындығын арттыру мақсатында «Шардара» шекара бөлімімен байланыста болатын Қазақстанның халық Қаһарманы, Еңбек және соғыс ардагері Қалмырзаев Мәулен Реметұлы атындағы «Жас шекарашы» патриоттық клубының ашылуына жалғасты.
№16 колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дүйсебаева Гүлшат «Жас шекарашылар» әскери-патриоттық клубын колледжде ашудағы басты мақсат пен оның студенттерге берер рухани байлығы жөнінде айтса, Мәулен Қалмырзаевтың шөбересі Бәкір Ақжігіт Ерболұлы бабасының өмірбаяны мен ерліктері жайлы айтып берді.
Мақтаарал ауданындағы келер жылы ашылғанына жүз жыл толатын №90 Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің әскери және подполковник Аманбек Шуканов атындағы «Жас шекарашылар» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Жайлыбай Пирманов:
– Мен мектепте 2014 жылдың 21 ақпанында шекарашылармен байланыс жасап, оларға құрмет көрсетіп, көмектесу мақсатында «Жас шекарашылар» әскери-патриоттық клубын ашқанмын. Қазіргі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандарында 127 мектепте бар. Бұл оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін, шекараны қорғауға деген ынта-жігерін, әскери дайындықтарын арттырады. Биылғы жылы бұл екі ауданнан жүзге жуық түлектің әскери оқу орындарына түсуіне осындай клубтар мен мектеп әскери жетекшілерінің үлесі мол болды деп айта аламын. Біз шекара шебіндеміз. Артымызда – Астана. Сондықтан баршамыз бір кісідей қырағы болуымыз керек. №16 колледжде «Жас шекарашылар» әскери-патриоттық клубының ашылуына құтты болсын дей отырып, мектептерде де ашылса деймін, – деп, №16 колледждің әскери жетекшісі Нұркен Әбдіжаппарға «Жас шекарашылар» әскери-патриоттық клубының туын табыс етті.
Мақтаарал ауданы шекара басқармасы басшысының орынбасары подполковник Жандос Байтұров та Мақтаарал, Жетісай аудандары сияқты Шардара ауданының мектептерімен де тығыз байланыс жасап, шараларды бірге өткізуді алда жоспарлап отырғандықтарын айта келіп онға жуық мектептің әскери жетек-шілерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Сол сияқты мерекелік жиынға аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Оспанов, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Мейіржан Мұсабеков, Ауған соғысының ардагерлері Амангелді Беласаров, Мырзагелді Жақсылықов, Шардара аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары капитан Рысбек Нұрдәулет, әскери-патриоттық жұмыстар жөніндегі инспектор Ақерке Омарова, Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлері Мұсырманбек Молданұров, Рысмаханбет Жүсіп, Зират Зариповтер қатысты.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметі Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының арнайы «Мақсат» бөлімшесі әскери жаттығулар жасап, шекара бұзушыны ит көмегімен ұстап, әртүрлі көріністер көрсетті. Аудандық мәдениет сарайының әншілері патриоттық әндер орындады.
Іс-шара соңынан мерекелік дастарқан ұйымдастырылды.

Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda