ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Lesson Study» әдісі арқылы тілдік дағдыларды жетілдіру

Білім
Білім беру саласында мұғалімдердің кәсіби дамуы маңызды рөл атқарады. Оқыту әдістерін жетілдірудің тиімді жолдарының бірі – Lesson Study әдісі. Бұл тәсіл мұғалімдерге өзара тәжірибе алмасуға, оқыту әдістерін жақсартуға және оқушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Lesson Study әдісі үш негізгі сабақты бірлесіп жоспарлау, сабақты бақылау және зерттеу, сабақты талдау және қорытындылау кезеңдерінен тұрады.
Осы әдісті қолдану арқылы мұғалімдер оқушылардың білімін тереңірек зерттеп, тиімді оқыту стратегияларын анықтай алады. Lesson Study аясында өткізілетін тізбектелген сабақтардың ерекшелігі – әрбір келесі сабақ алдыңғы сабақтың нәтижесіне сүйене отырып жоспарланады.
Сырбек Каттебеков атындағы жалпы білім беретін мектепте жылдық әдістемелік іс-жоспарына сәйкес, қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне оқушылардың қызығушылығын арттыру, зияткерлік деңгейін дамыту, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыру мақсатында «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына негізделген құндылықтарды тиімді қолдану» атты апталықта тізбектелген сабақтар жоспарланды. Бұл тәжірибеде Lesson Study әдісі негізінде зерттеу тобы құрылып, сыныптағы проблемалар анықталды.
Зерттеу тобы оқушыларды деңгейіне қарай А, В, С топтарына бөліп, олардың әрқайсысының ерекшеліктерін ескерді. Мысалы, А деңгейлі оқушы сабақты жақсы оқыса да, ақпаратпен бөліспейді; В деңгейлі оқушы сабақта белсенділік танытпайды; С деңгейлі оқушының сабаққа қызығушылығы төмен. Осы мәселелерді шешу үшін «оқушылардың оқылым дағдысын қалай қалыптастыруға болады?» және «ол үшін қандай әдіс-тәсілді қолданамыз?» деген сұрақтар төңірегінде талқылау жүргізілді.
Нәтижесінде, 9 «Д» сыныбына қазақ әдебиеті пәнінен үш тізбектелген сабақ өткізілді: 1. «Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романындағы ана бейнесі», 2. «Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романының көркем тілі»,3. «Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романының жаңашылдығы».
Тізбектелген сабақтардың нәтижесінде А, В, С деңгейлі оқушылар өз білім дәрежесін көрсетті. Мұғалімдер сабақ жоспарын жетілдіру үшін бірлесе жұмыс жасады, оқушылардың ойлау қабілеті мен өз бетінше жұмыс істеу дағдылары дамыды. Оқытудың жаңа әдістерін сынақтан өткізу арқылы мұғалімдер өз тәжірибесін байытты. Бақылау мен талдау нәтижесінде болашақ сабақтарға арналған нақты ұсыныстар жасалды.
Қорытындылай келе, Lesson Study әдісін білім беру жүйесінде кеңінен қолдану мұғалімдердің де, оқушылардың да дамуына үлкен үлес қосады. Бірге бас қосу – бұл бастама, бірге болу – бұл прогресс, ал бірігіп жұмыс жасау – бұл жетістік.
ИЗТУРГАНОВА Раушан Жолдасовна – С.Каттебеков атындағы ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Made on
Tilda