ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ЖҰЛДЫЗДАРҒА БАҒЫТ немесе NASA-ДАҒЫ СЫМБАТ БАРСАҒАЗЫ

Білім
Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Сымбат Барсағазының жетістіктері туралы айтқанда арман мен табандылық ғаламның қиыр түкпірлеріне де есік ашатындығына еріксіз иланып, көзіңіз жетеді. Жақында Сымбат АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы United Space School бағдарламасы аясында NASA-да екі апталық халықаралық тағылымдамадан өтіп, ұмытылмас сәттердің куәсі болды. Бұл туралы ол TengriEdu басылымына берген сұхбатында айтып берді.
NASA-да тағылымдамадан өту көптеген жандар үшін ғылыми фантастикадан тыс нәрсе сияқты болып көрінгенімен, Сымбат үшін бұл шындыққа айналды. Ол үлкен күш-жігер мен білімді қажет ететін өршіл жобаға кірісті. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген өзі секілді дарынды пікірлестер командасының бір бөлшегі ретінде Марсқа басқарылатын миссияны әзірледі. Бұл өте қызғылықты өткен екі апта тек техникалық және ғылыми жұмыстарға ғана емес, сонымен қатар ғарыш орталықтарына баруға және аты аңызға айналған NASA ғалымдары мен инженерлерімен кездесулерге толы болды.
Тағылымдаманың маңызды сәттерінің бірі — NASA-дағы қызмет өтілі елу жылдан астам уақытты қамтитын инженер және аэроғарыш ғылымының сарапшысы Том Санзонмен кездесу болды. Оның көптеген ғарышкерлерді, соның ішінде Нил Армстронгты дайындауға қосқан үлесі, ол үшін ғарышты игеру тарихындағы аса маңызды бет болды. Осындай тұлғамен кездесу жас зерттеушінің жан дүниесінде өшпес із қалдырып, оны жаңа жетістіктерге жетеледі.
Алайда Сымбат үшін тәжірибе тек білім алумен ғана шектелген жоқ. Ол өзінің ғылыми жұмыстан жинақтаған тәжірибесін ғарышкерлер үшін оттегін өңдеудің тиімдірек технологияларын жасауға арналған ғылыми жұмыста қолдануды ұйғарды. Бұл зерттеу оның мақсатының амбициясы мен маңыздылығын көрсете отырып, болашақта ғарышты игеруге маңызды үлес қосады.
Сонымен қатар, NASA бағдарламасына қатысу Сымбатқа қысқа мерзімде және бейтаныс адамдармен үлкен жобаларда жұмыс істеуге үйретуімен өте күшті әсер етті. Бұл тәжірибе оның ой-өрісін кеңейтіп, ғарыштағы биология, физика және математика туралы түсінігін тереңдете түсті. Тәжірибенің сәтті өтуінен шабыт алған Сымбат бұл салада ғарышты игеруге одан әрі қатысу перспективасын бағамдай отырып, өзінің әрі қарайғы даму жолын биоинженерияға арнауды ұйғарды.
Сымбат Барсағазының білімге құштарлығы пен тынымсыз еңбегі оның тамаша нәтижеге қол жеткізуінің айқын дәлелі. NASA-дағы тәжірибесі оның ғылыми көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, болашақ жетістіктерге жетуіне бірден-бір маңызды қадам болды. Сымбаттың жетістіктері жаңа буын жас зерттеушілер мен ғалымдардың армандарына қанат байлап, жұлдыздарға ұмтылған жандар үшін шектеудің жоқ екендігін тағы да бір көрсетіп берді.
Made on
Tilda