ШАРТАРАП ШАРАЙНА

МАМАНДЫҒЫМ - МАҚТАНЫШЫМ

Білім
Уябасарова Жахангул Байболқызы – Түркменстан Республикасының Чарджоу облысындағы Карабекауыл ауданында дүниеге келген. Қазіргі Алатау батыр ауылдық округіндегі «Қазақстан» орта мектебін аяқтаған. Шымкент педагогикалық институтында оқып, «тарих пәні мұғалімі» мамандығымен бітіріп, қазіргі таңда С.Каттабеков атындағы жалпы білім беретін мектепте мамандығы бойынша қызмет атқарады. Педагог-сарапшы. Еңбек өтілі 36 жыл.

Ұстаз – шәкірттеріне білім беріп, болашақ өмірге бағыт-бағдар беретін ардақты жан. Ұстазға барлық бала еліктеп, ұқсағысы келетіні ақиқат. Бала күнінен ұстаздық мамандыққа еліктеп өскен Жахангул Байболқызы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен соң, еңбек жолын С.Каттабеков атындағы жалпы білім беретін мектепте бастады. Ол алғашында «пионервожатая» болып тәжірибе жинақтап, бір жылдан соң өз мамандығымен жұмысын жалғастырады.
Сол тұста қызмет еткен әріптестері, тәжірибелі ұстаздар Үзілдік Қожағалиева, Гүлзипа Жасағанбергенова секілді апайларының іс-тәжірибесін үйреніп, тәлім-тәрбиесін алады.
– Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек деп ойлаймын. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Тарих мамандығын таңдауым, өз елімнің тарихын жетік меңгергім келді. Тарихты оқи отырып, бірінші өз еліңнің тарихын білесің, яғни ата-бабаңның басынан өткен оқиғаларын, адамның пайда болуынан бастап, бүгінгі күніңе дейін зерттейсің. Тарих – болашақтағы біздің өткеніміз бен бүгініміз. Сондықтан жас ұрпаққа тарихымызды терең түсіндіру – менің басты міндетім, – дейді Жахангүл Байболқызы.
Жұмыс барысында өзінің педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп, ізденімпаздығын көрсете білген Жахангүл Байболқызы көптеген оқушыларды түрлі деңгейдегі байқауларға қатыстырып, шыңдай білді. Оның оқушылары түрлі олимпиадалардың, конкурстардың жеңімпаздары атанды. «Ясауитану-2021 жыл» байқауында Әбдірзақ Жанайша ауданнан бас жүлдені жеңіп алса, «Ясауитану-2022 жыл» байқауында Бақажан Жақсыгүл ауданнан Бас жүлде, облыстан ІІІ орынды иеленіп қайтты.
«Ұстаз – ұстаз емес, шәкірті үшін күймесе, Шәкірт – шәкірт емес өз ұстазын сүймесе» демекші, шәкірттердің махаббатына бөлінген Жахангүл апайдың шәкірттері бүгінде түрлі салада табысты еңбек етіп келеді. Тарих пәнін таңдаған оқушылары Төлесбай Жансүйген Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде «Заңгер» мамандығын қызыл дипломмен бітіріп, қазіргі таңда Астана қаласының Алматы аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші қызметін атқарып жүрсе, Зейілбек Мұхаммедали Талғатұлы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде тарих факультетін аяқтап, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінде Ғылым комитетінің бас сарапшысы қызметін атқаруда.
Жахангүл Уябасарова өзі де түрлі байқауларға, конкурстарға қатысып білімін толықтырып келеді. Оңтүстік Қазақстан Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Өнеркәсіп төңкерісі әлемді қалай өзгертті» тақырыбында үздік жариялымы үшін Дипломмен марапатталды. Республикалық «Білім бойтұмары», «Көкжиек», «Педагогикалық шеберлік» ғылыми-әдістемелік журналдарына мақалалары жарық көрді. Оның «Тарих сабағын дамыта оқыту технологиялары» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы аудан көлеміндегі мектептерге әдістемелік оқулық ретінде таратылған.
Шәкірттеріне шамшырақ болып, жол көрсетуші ұстаздар қауымы әрқашан мақтауға лайық. Жахангұл Байболқызына еңбегіңіз еленіп, шәкірттеріңіздің алғысына бөленіп жүре беріңіз дейміз.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda