Өңірімізде қаракөл қой шаруашылығын дамытуға сүбелі үлесін қосқан абзал азаматтың бірі, ғалым-зоотехник Ербол Әнәфияев пен оның ұлы, ұлағатты ұстаз болып еңбек еткен Олжас Ерболұлын туған-туыстары еске алып, көпшілікке ас берді. Жиынға қатысқан азаматтар осыдан жиырма жыл бұрын бақилыққа аттанған Ербол Әшірханұлы мен бертінде мезгілсіз қаза болған Олжас Ерболұлының жақсы қасиеттері туралы естелік әңгімелер айтты. Олардың рухына бағышталып құран түсірілді. Осы орайда Ербол Әнефияевтың өмір жолынан қысқаша айтып өтсек дейміз. Ербол Әшірханұлы 1952 жылдың 24 желтоқсанында Келес ауданынан қарасты Тартоғай елді мекенінде дүниеге келген еді. Әкесі Әшірхан Әнәфияев Сыр бойындағы орман шаруашылығында еңбек етіп, бар ғұмырын табиғат байлығын сақтауға арнады. Анасы Адас Жанысбайқызы өмірге 4 ұл мен 5 қыз әкелген алтын құрсақты ана болды. Ербол Әшірханұлы ауылдағы сегізжылдық мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы орта мектепте оқыды. Мектептен соң Шардара қаласындағы құрылыс бұйымдары комбинатында бетон құюшы болып еңбек етті. Жоғары білім алуды алдына мақсат етіп қойған жас талап мұнан соң Самарқанд қаласындағы В.В.Куйбышев атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, ғалым-зоотехник мамандығын иеленіп шығады. Шардараның құрылысында басталған еңбек жолы Шымкент қаласында одан әрі жалғасады. Дәлірек айтсақ, оңтүстік өңірдегі бірден-бір ғылым ордасы – Қазақтың қаракөл ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып он жылға жуық жемісті қызмет атқарды. Ербол Әнәфияев институт қабырғасында еңбек ете жүріп, мал шаруашылығын дамыту бағытында ғылыми жұмыстармен шұғылданды. Білікті маманның болашағынан зор үміт күткен институт басшылығы Ербол Әшірханұлын Шардара ауданындағы Шардара кеңшарына қызметке жібереді. Шардара кеңшары қаракөл қойын өсіріп, арнайы мемлекеттік тапсырыспен елтірі дайындайтын ерекше санаттағы шаруашылық болғаны көпшілікке белгілі. Кеңшарда бас зоотехник болып қызмет атқарған Ербол Әнефияев жоғары білімі мен өмірлік іс-тәжірибесін ұштастыра отырып, өңірде мал басын арттыруға, кеңшардың экономикалық-әлеуметтік жағдайын дамытуға арнады. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаратын білікті маманды кеңшар мен аудан басшылығы зор құрмет тұтатын. Ербол Әшірханұлы іскер маман ғана емес, сүттей ұйыған отбасының арқа сүйер тірегі де еді. Жан жары Зүлия екеуі Сәкен, Олжас, Мария, Анжела есімді ұл-қыздарды өмірге әкелді. Олардың барлығына да жоғары білім әперіп, егемен елімізге қызмет ететін азамат болып қалыптасулары үшін тәлімді тәрбие берді. Көргенді ата-ананың өнегесін алған перзенттері өмірден өз орындарын таба білді. Ұлы ұяға, қызы қияға қонып, қатарларынан кем болмай өсті. Алайда, өмір тек қуаныштардан тұрмайды екен. Ердің жасы – 50 жастан енді асып, нағыз кемеліне келген уақытта сұм ажал Ербол Әшірханұлын арамыздан алып кетті. Атпал азаматтың мезгілсіз қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Тағдырдың жазуына қарсы тұрар амал қайсы. «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, отбасы мен туған-туыстары қайғыны сабырға жеңдіріп, өмір көшін ары қарай жалғастырған. Арадан бірғауым уақыт өткенде бұл шаңырақты қайғының қара бұлты тағы да шарпыды. Әулеттің екінші ұлы Олжас кенеттен дүние салды. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Олжас Ерболұлы 1981 жылы өмірге келген болатын. Дос-жарандарының ортасында сыйлы, әріптестерінің арасында абыройлы бола білген Олжастың көрер қызығы, алар асулары алда еді. «Жазмыштан озмыш жоқ» екен, «әттең-ай» дейміз. «Орнында бар оңалар» деген аталы сөз бар халқымызда. Ербол Әшірханұлының ізін жалғастырып келе жатқан ұл-қыздары бүгінде өсіп-жетіліп, алды перзенттерін үй қылып үлгерді. Олжастың соңында қалған 2 ұлы мен 1 қызы да үлкен азамат болды. Шаңырақтың шамшырағы, саялы бәйтерегі бола білген Зүлия анамыз перзенттері мен немерелерінің ортасында бүгінгі күнге шүкірлігін айтып келеді. Еске алу жиынында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Түркістан облысы мен Шардара ауданының Құрметті азаматы Тоқсанбай Бердібеков замандас досы әрі құдай қосқан құдасы болған Ербол Әнәфияев туралы «Ерекеңмен жүрген кездер алтын уақыттар екен ғой» деп жүрек тебірентер сөз сөйледі. Шардара ауданының Құрметті азаматы, аудандық орталық мешіттің бас имамының кеңесшісі әрі тексеру комиссиясының төрағасы Ислам Омаров ағамыз «Біз бұл әулетпен ежелден таныспыз. «Қызыл абад» деген жерде бірге отырдық, Тартоғайда да бірге ғұмыр кештік. Әшірхан ағамыздың ұрпақтары еңбекқор, көкірек көздері ояу, елдің құрметіне бөленген азаматтар болды» деп баға берді. Ерекеңнің бауыры Досбол Әнәфияев ағасының өмірбаянына шолу жасады. Басқа да асқа келген нағашылар мен құда-жекжаттар, дос-жарандар естеліктер айтып, Әнәфияевтер әулетіне ниет қабыл болсын деген тілектерін жеткізді. Адамның арқасында қалатыны – жақсы істері мен ізгі амалдары дейді. Шардара мен Шымкент қаласында қызмет атқарып, халықтың құрметіне бөленген Ербол Әшірханұлының ел үшін атқарған еңбегі өшпек емес. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» демекші, жылдар жылжыған сайын Ербол Әнәфияев пен ұлы Олжас Ерболұлының қайталанбас тұлғалары да даралана түсетініне, биіктей беретініне күмәніміз жоқ. К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГІ.