ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ҚАЗЫНА ДАРЫҒАН КӨНЕ ДҮНИЕ

Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Қолөнер – дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдарын жасайтын ұсақ өндіріс. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасайды. Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі. Қазақстанда көшпелі шаруашылықтың қажетіне сай қолөнершілер мал шаруашылығына керекті желі, шылбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсау, шідер, кісен, қада, ер-тұрмандар жасаумен шұғылданды. Олар құмнан, тастан, саздан құмыра, көзе, ыдыс-аяқ; мүйізден, сүйектен, мал мен аң терісінен, ағаштан әшекейленген нақышты дүние-мүлік, домбыра, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз сияқты музыка аспаптарын темірден, мыстан қылыш, найза, қанжар, айбалта, күрзі секілді құрал, қару жасады. Қазақ халқының қолөнерінде киіз үй жабдықтарын, ағаш төсек жасау, түйін түю, ши орау, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, сондай-ақ моншақ, білезік, сақина, сырға, алқа, шолпы сияқты зергерлік бұйымдар жасау кең дамыды.

Бүгін сіздерді ұлтымызда кең өріс алған, бір шаңырақта бір емес бірнеше данасы алуан түрі кездесетін алашамен таныстырғалы отырмыз. Алаша тоқу - қолөнердің бір түрі. Ғалымдар тоқыма өнерінің Қазақстанда дамуы мен қалыптасуын, XIX ғасырдың соңы мен 1980 жылдар аралығы деп айғақтап отыр. Алаша – бүктеуге, жинауға, алып-салуға қолайлы мүлік. Мұны ұсталатын орнына қарай әрі енді, әрі көлемді етіп жасайды. Өрмекпен тоқылған алашаның ені әдетте 40 – 45 сантиметрден аспайды. Сондықтан бірнеше кесіндісін біріктіре құрауға тура келеді. Бұл үшін шебер тоқылған материалдың ұзына бойы мен енін өлшеп, одан кейін неше бойы кесіп, құрау қажеттігін есептейді. Әдетте өрмек жіптерінің 35-40 сантиметрдейі тоқуға келмей қырқылады. Мұны «өрмектің қырқындысы» дейді. Алашаның бойларын құрақ құрау үшін осы қырқынды жіпті пайдаланған. Бұл жіптер ақ, қара, қызыл, жасыл т.б. түсте. Ендердің жапсар бойын осы түрлі-түсті жіпті кезектестіре отырып бұзау тіс тігісімен аралықтарын 1-2 сантиметрдей етіп қосымша сыналана енгізіледі де алашаның көлемі үлкейе түседі. Өрмектің жеңіл әрі жиі қолданылатын екі түрі бар. Оның біріншісі «су» өрнегі де, екіншісі «тіс» өрнегі. «Су» өрнегін өрмектің белгілі бір шетінен ерсі жіп пен қарсы жіптің өнбойын бір түсті етіп жүгірту арқылы тоқиды. «Тіс» осы екі жіптің екеуін екі түсті түрмен жүгіртіп тоқиды. Өрмекте мүйіз, өсімдік, геометриялық фигуралар тәрізді күнделікті өрнектер тоқу кездеседі. Мұндай тоқуды «терме» атайды. Терме өрнегіне жоғарыда айтылған жабдықтармен қосымша «ілмек», «өткерме», «мәймөңке» деген жабдықтар қолданылады. Мәймөңке өте жұқа етіліп, жып-жылмағай, бұдырсыз істеледі. Өрмек жіптерін қиып, үзіп, не шатыстырып алмас үшін мәймөңкені өте ептілікпен қолданады. Алаша — әртүрлі түске боялған мақта, жүн жіптерінен өрмекпен тоқылатын төсеніш мүлік. Екі әдіспен тоқылады. Бірі — түрлі-түсті жіптерді жарыстыра жолақтап тоқу. Екіншісі — әр түсті бой жіптерді санап отырып, теріп тоқу арқылы көп мәнерлі өрнектер түсіру. Алғашқысын «Қақпа алаша» деп, соңғысын «Терме алаша» деп, кейде «Кілем алаша» деп те атайды. Алашадан төсеніш, түс кілем, аяққап, қол дорба, жем дорба, желбау, (атқа, түйеге, өгізге) жабулар, қоржындар, белбеу, басқұр т.б. көптеген тұрмыстық бұйымдар жасайды.
Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайы қорында көненің көзі тарихтың өзі, қазыналы өнер туындысы болып саналатын алашалардың бірнеше түрі сақтаулы. Солардың бірі (сурет-2) 2,90х1,90 см болатын жібек алаша. Бұл алашаны ХХ ғасырдың 30 – 40 жылдары жергілікті шебер тоқыған. Алашаны мұражайға тапсырған Қоссейіт аулының байырғы тұрғыны, ардагер-ұстаз, Шардара ауданының Құрметті азаматы, Кеңес Одағы тұсында екі дүркін ауылдық Кеңесінің депутаты болған, Республикалық және КСРО ағарту ісінің үздігі атанған, Батыр ана Мамаева Зоя. Ұлағатты ұстаз қолы қалт етсе мұражайға келіп ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Мұражайға алашадан өзге көптеген мұражайлық маңызы бар көне заттарды Қоссейіт аулынан жинастыруға белсене кірісіп септігін тигізген музей жанашыры.
Қорымыздағы алаша иірілген жібек жіптен, өрмек арқылы тақыр тоқу әдісімен тоқылған. Қызыл, сары, жасыл түстерден тұрады. Сары, қызыл, көк, ақ, қара түсті жолақтарға кері түспен ұлттық пішінде өрнектелген. Дәстүрлі өнерді жалғап, насихаттап жүрген Зоя апамыздың анасынан қалған жәдігер. Салмағы өте жеңіл. Дегенмен адам еңбегін көп қажет етеді. Ұлттық қолөнер түрлері халықпен бірге жасап келеді және жасай береді. Өкінішке орай қазіргі қоғамда қажеттіліктен шығып қалғанымен, осы өнерді дамыта отырып, жер жерде халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттау, қолөнер бұйымдарының маңызын арттыра беру аса құрметті және игілікті іс болмақ.
«Кілемге бергісіз алаша бар, Ханға бергісіз қараша бар» деген сөз орамы алаша бұйымдарының кейде, өзінің эстетикалық және көркемдігі жағынан кілем бұйымдарынан да артық бағаланғандығын аңғартады. Бүгінгі таныстырылымдағы тақыр алашалардың кең тараған түрі – терме алаша. Оның ішіне кежім теру немесе бұқар теру, орама алаша, қайыра теру, бір түсті теру, тақыр тоқу сияқты түрлері жатады. Жалпы бұлармен қатар, алаша бұйымдарының техникасы мен өрнегіне қарай жолақ алаша, өрнекті алаша, жүн алаша, жіп алаша, мақта алаша, жол алаша, екі қабат алаша, жалаң қабат алаша, көмкерулі алаша, жиекті алаша, шашақты алаша деген түрлері де бар. Осыдан-ақ алашаның қолдану аясының кеңдігін және алашасыз қазақ тұрмысын көзге елестету қиын екенін байқаймыз. Алашаны тоқу барысында әртүрлі материалдар – иірілген жүн жіп, әртүрлі маталар, мақта-мата, кенеп, түрлі-түсті бояулар, кейде металл және т.б. қолданылады. Алдымен, шикізат көзіне қарай қой немесе түйе жүні іріктеліп, дайындалады. Қойдың көктемгі жабағы жүні алынады. Оңтүстік өңірлерде қосымша мақта-мата жібі де пайдаланылады. Орта есеппен алғанда бір алашаға шамамен 3-4 қойдың жүнінен иірілген жіп жұмсалады.
Енді сол алаша дайындалатын өрмек құралына тоқталайық. Ағаштан дайындалатын, күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісі – аспалы немесе термелі өрмек оған кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады. Ал екіншісі – жай өрмекті шекпен, алаша қап, қоржын, белбеу, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады. Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі ... деп Ұлы Абай әндеткендей көркемдігі көздің жауын алар ұлтымыздың даналары құндақталып шыққан қазына дарыған алаша, кілемдері тұрмысымызда көне зат саналса да халық жадынан ескірмесін дегім келеді.
Өрмек басындағы тоқымашы. Н.Г. Хлудов. 1905 ж. ҚР МОМ
С.ОТАРОВ–
Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері
Made on
Tilda