ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Тері лейшманиозынан сақтаныңыз

Денсаулық
Лейшманиоз аурулары – бұл адам мен жануарлардың ішкі ағзалары (висцералды лейшманиоз) мен теріні (тері лейшманиоздары) зақымдайтын трансмиссивтік аурулар тобы.
Ауру қоздырғышы-лейшманиялар екі қожайында дамитын қарапайым паразиттер. Аурудың (инкубациялық ) жасырын кезеңі 1 аптадан 1-1,5 айға дейін, көбінесе 10-20 күн. Зоонозды тері лейшманиоз ауруының табиғи ошақтарында індет таратушы үлкен құмтышқан (Rhombomys opimus), ал тасымалдаушысы үндемес (Phlebotonus papatasi).
Эпидемиологиясы: Аурудың көзі үлкен құм тышқандар, жануарлар (иттер, шибөрілер, түлкілер т.б.). Таратушылары-москиттер. Орта Азияда -22 түрі бар.
Лейшманиоз белгілері құмтышқандар құлақтарының артқы ұшында инфильтрат, жара түрінде байқалады. Ауру көзін шаққан кезде үндеместер инфекцияны жұқтырады, 7-ші күнінде өздері лейшманияларды тарататын мүмкіншілігіне жетеді.
Жұғу жолдары: Ауру үндемес шаққан орнында қабынған терімен қоршалған дөңестің пайда болуынан басталады. Алғашқыда дөңестің мөлшері 2-4 мм, соңынан 10-15 мм-ге дейін жетеді. Сонымен қатар айналасындағы қабынған терінің де көлемі едәуір ұлғаяды. 1-2 аптадан соң дөңес іріп, орнында бала алақанындай жара пайда болады. Ол 2-3 айдан соң іріңнен тазаланып, өмір бойы сақталатын тыртықтар қалдырады.
Індет тасымалдаушы үндемес ылғалды жерде, кеміргіштердің індерінде, бұзылған, бос тұрған үйлердің дуал саңылауларында, шаруашылық қоқыстарда мекендеп, көбейеді. Ауыл ішінде олар адам мен үй жануарларының, ал ауылдан тыс жерлерде – кеміргіштердің қанымен қоректенеді. Үндеместер кеш болғаннан таң атқанша белсенділік танытып, күндіз бой тасалайды.
Алдын алу шаралары:
Індет тасымалдаушы үндеместермен күресу үшін көктем және күз айларында олардың өніп-өсетін кеміргіштердің індерін көму, бұзылған, бос тұрған үйлердің дуал саңылауларын сылап-тегістеп, шаруашылық және күл-қоқыстарды арнайы орындарға шығарып,тазалық жұмыстарын жүргізу қажет. Құмтышқандармен күресу – улы дәрілерді (ратиндицидтер, абсолон) індерге салып, кеміргіштерді жояды немесе санын азайтады. Үй-қораларды, сарайларды, жертөлелерді ұзақ мерзімді әсер ететін улы дәрілермен залалсыздандыру қажет. Жеке бас қорғану - бұл неше түрлі репеленттерді (жәндіктер мен кенелерді үркітуші әсерге ие заттар) қолданып, жәндіктердің шағуынан сақтану. Ересек адамдар егістікте жұмыс істегенде жеке бас қорғану заттарын қолданып, жәндіктердің шағуынан сақтануы керек. Сонымен қатар үй-жайларда терезе-есіктерге тор іліп, ұйықтарда масахана пайдалану қажет. 18 жасқа толмаған балаларды егістік жұмыстарына жұмсамағандарыңыз дұрыс болады.
Лейшманиоздың белгілері білінген жағдайда тез арада дәрігерге қаралып уақытында ем қабылдау қажет.
АБДУЛЛАЕВ Н.–
Шардара аудандық
санитариялық- эпидемиологиялық
бақылау басқарма жетекші маманы
Made on
Tilda