ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жастар жат ағым жетегіне кетпеуі тиіс.

Дін
.Жастар - қазақ елінің болашағы. Бүгінгі өсіп келе жатқан жасөспірімдерге тәрбие беру, үлгі болу, өнеге көрсету - жастардың қолында. Бүгінгі таңда еліміздің болашағы - жастар. Біздің жастарымыз түрлі себептермен жат діни ағымның жетегінде кетіп жатқаны қынжылтады. Қазіргі жастардың дінге деген қызығушылығы мен бетбұрысы өте жоғары деңгейде және жылдам жүруде. Алайда, осы дінге бет бұру үрдісінде діни білімді қайдан және қалай алып жатыр деген сұрақ басы ашық күйінде тұр. Елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқ. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Жастардың діни сауаттылығы - қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі - білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы - кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз. Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі - діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы, ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алмай жатады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ екенін көріп жүрміз. Тіпті базбір имамдар шындықтан алшақтап, мына қазіргі өмір жалған, уақытша, ал өмірдің рахаты о дүниеде деп көпшілік құлағын нешебір аңыз әңгімелермен, негізсіз шариғаттармен, ешбір логикаға келмейтін қасаң мәліметтермен қандырады. Жастарымыздың дін жолында адасуының тағы бір себепкері - ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда. Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны - күмәнді діни оқу орындары. Еліміздегі жастардың санасының улануына, шет елдерде күмәнді діни оқу ордаларында білім алған азаматтардың тигізген зияны орасан зор. Дегенмен, діни - рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың және бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани - материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр. Жастардың қызығушылығы, жаңалыққа құштарлығы, тез бейімделгіштігі, рухани ізденімпаздығы сияқты ерекшеліктері оларды әртүрлі жағдайларға жетелейді. Жастарды өзгеше ойлауға жол бермеу мүмкіндіктерінің бірі, ол - спорттық және өнер орындарына тарту жұмыстары болмақ. Себебі қолы бос жастардың уақытты толтырудың ермегі әлеуметтік желілердегі теріс идеяларға байлану мен топтасу арқылы заңсыз әрекеттерге ұрыну жағдайларын туындататыны анық. Жастардың теріс діни ағымдарға тартылуының бірі жастарымыздың рухани аштығы болмақ. Жастар - біздің қоғамымыздың бір бөлшегі, ұрпағымыздың жалғасы. Жастардың тәрбиелі, салиқалы болуы ең алдымен отбасылық тәрбиеден басталады. Ел даналығында: «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын», - сөзі бекер айтылмаса керек. Себебі балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, бала сол жақа бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни азамат болып өседі, спортқа әуес болған балалар, белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық мығым болып келеді. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық шараларға белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Оған дәләл түрлі халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жастардың топ жарып, жүлделі орындарға ие болуы. Сонымен қатар, күнделікті өмірде де спортпен айналысып жүрген жастар қатары көбеюде. Бұл - болашақта ұрпақтың сау әрі белсенді болатының айғағы. Өкінішке орай, зиянды іс - әрекеттер жиі орын алатын орталарда, жамандыққа бір табан жақын болып өсетіні анық. Адам баласы толықсыған шағында ұядан ұшып, өз күнін өзі көре алатындай жағдайға жеткенде, ақ пен қараны ажырата алатындай дәрежеге жеттім деген кезде, жұмыс орнындағы адамдардың ой - пікірі діни ағым жетегінде кетуге себепкер болуы әбден мүмкін. Балалық шақ - адам өміріндегі ең маңызды кезең. Адамның рухани тұлғасының қалыптасуы осы балалық шақтан басталады. Адамның жақсы болуы да, жаман болуы да, дертті болуы да, сау болуы да осы кезеңге тікелей қатысты. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) хадис шәрифінде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы - оны жақсы тәрбиелеу», - деген. Бір әке - шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала, дінге қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата - анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп - оңай түсіп кете барады. Ақиқатында, балаға берілетін тәрбиенің ең бастысы - имандылық тәрбиесі. Өйткені бұл ата - ананың баласының алдындағы ең алғашқы міндеті екенін ұмытпауымыз қажет.
Made on
Tilda