Қасиетті қазынамызды, тағылымға толы тарихымызды, нәрі мол әдебиетімізді, мәдениетімізден ойып тұрып орын алатын жауһар шығармалар мен ұлт үшін жанын қиған, өмірін сарп етіп еңбектің, батырлықтың тамаша үлгісін көрсеткен айтулы тұлғаларды ұрпаққа танытуда кітапхананың орны бөлек. Бүгінгі біздің қоғамда, әсіресе білім беруде жаңа көзқарастар пайда болды және біздің – кітапханашылардың алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бұл өзгерістер кітапхана саласында жиырма жылдан бері еңбек етіп жүрген мені де бей-жай қалдырмады. Біз сөз етіп отырған бұл реформалар ұлт байлығы болған кітапхананы да айналып өтпеді. Жаңаша ойлайтын, ойын бүкпесіз жайып салатын, еркін тынысты, ойы азат, оқырмандардың қызығушылықтары мен сұрақтарына қазіргі кітапханалар сай деп ойлаймын. Кітап сөрелеріндегі қаз-қатар тізілген кітаптардан көз сүрінеді.Ұқыптылықпен орналастырылған түрлі-түсті бояуы қанық әр түрлі кітаптар қазақ әдебиетінің інжу-маржандары, классикалық шығармалары, әлем әдебиеті, тарихнама, сөздіктер, он томдықтар, энциклопедиялар, жинақтар, оқулық кітаптар көз тартып тұрады. Электронды оқулықтар – бөлек әңгіме. Ең бастысы біздің
кітапхананың бос тұрған кезі болған емес. Тәуліктің күндізгі қай сағатында да оқырмандар үзілмейді. Бізде кітап оқу мәдениеті қалыптасқанын
мақтанышпен айта аламын. Сауатты оқырмандар саны көп. Осы орайда, зерделі жастың көбеюіне, сауатты оқырман қалыптастыруда «Оқуға құштар мектеп» жобасының септігі тигенін тілге тиек еткім келеді. Осы жоба аясында ұйымдастырылған облыстық әдістеме орталығының «КіtapХАН» кітап оқу сайысы туралы да тоқталып өтейін. Біздің мектептің жас оқырмандары осы байқаудың әр санын үзбей тамашалайды. Арасында бақ сынап, қатысып жүлделі болғандары да бар. Былтырғы оқу жылында 7-сынып оқушымыз Қыдырбек Алина кітап сайысының апталық, айлық кезеңдерінен мүдірмей өтіп, білімі мен еңбегінің арқасында Түркістан қаласында «Жыл үздігі» атанды. Оқырман жетістігі – кітапхана жеңісі. Кітапханашылар арасында тағы да сол байқаудың апталық кезеңінде жүлделі бірінші орынды иелендім. Әрі қарай айлық кезеңді де тойтарып жүлделі болсам, кітапханамыздың мерейін көтерсем деген ниетім бар. Оған дайындықты да бастап жібердім. Кітапханамызда жалпы кітап қоры – 22867, оқулықтар – 14177, көркем әдебиет – 8960, электронды оқулықтар –122 дананы құрайды. Қоғамда болып жатқан өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге жоғарылауы, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Мектеп кітапханашысының басты мақсаты заман ағымына сай жаңалықта болуы. Ақпараттық жаңа технологиялар мен интернет жүйесі дамыған уақытта оқырмандарға дәстүрлі қызмет көрсетумен қатар, ақпараттық телекоммуникациялық қызметтің сан алуан жолдары арқылы оқырмандарға қызмет көрсету кітапхана жұмысының күнделікті іс-әрекетіне айналуы тиіс. Яғни, кітапхана маманы жан-жақты кәсіби шебер болуы керек. Баланы кітап оқуға қызықтыру үлкен еңбекті қажет етеді.Себебі барлық бала бірдей кітаппен дос емес.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп әр тұлға оқуға тиіс деп санайтын 30 таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта маңызды бағдарламалар жасалуда. Адамзат ақыл – ойының жиынтығы кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық. Сол сандықтағы байлықты қалай алуға болады? Кітап әлеміне баланы қалай енгізуге болады? Әрине, бұған «Табысты оқу» жобасы көмекке келеді. Жақсы кітап деген не? Кітап оқудың маңызы қандай? Кітап оқудың пайдасы неде? Неге кейбір адамдар оқуды әлі де жалғастыруда? Тек демалу немесе бос уақытты өткізу үшін ғана емес шығар? Әрине, кітап оқудың пайдасы зор екендігінде сөз жоқ. Жақсы кітапты оқу арқылы адамның білім көкжиегі кеңейеді, ішкі жан дүниесі байиды, есте сақтау қабілетін арттырады, сөздік қоры көбейеді, өз пікірін еркін жеткізе алады. Мен өз кітапханаммен мақтанамын. Себебі заманауи оқырман да, заманауи кітапхана да бізде бар. Кітапханашыдай қастерлі, мәртебелі мамандық жоқ ау, сірә? Білімді ұрпақ қана ел қамын ойлайды. Санасы сау ұлт пен елдің келешегі нұрлы болуы айқын!
Кітаппен жұмыс жасау арқылы оқушының білім деңгейі артады. Кітап оқу арқылы оқушылардың сөздік қоры дамиды. Балалар әдебиеті бізге терең өмірлік тәжірибе беріп қана қоймай, жас ұрпақ бойындағы парасатқа дүниетанымдық құштарлық, шындыққа сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік сезімдерін оятып, адамгершілікке тәрбиелейді, келешегіне жол ашып, бағыт сілтейді.
ТАСЫБАЙ Перуза Жолдасқызы -
Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім
беретін мектептің кітапхана меңгерушісі.