ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Елдос Сметов - ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНДА АЛТЫННАН АЛҚА ТАҚТЫ

Спорт
Ағымдағы жылдың 26 шілдесінде Франция астанасы Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары басталды. Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты тарихта алғаш рет стадионда емес, су үстінде өтті. Онда Ұлттық құрамалар Париждегі Сена өзенін бойлай қайықпен шеру жасады. Салтанатты шараға 100-ге жуық қайық қолданылып, 10 500 спортшы шығыстан батысқа 6 шақырымды қайықпен жүзіп өткен. Шеру Трокадеро алаңының маңында аяқталып, сонда Олимпиада алауы жағылды.
Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан намысын 80 спортшы қорғайды деп жоспарланған еді. Алайда теннисші Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Олимпиадаға қатыспайтын болды. Осылайша, Парижде 79 қазақстандық спортшы бақ сынайды. Олар спорттың 25 түрінен жүлдеге таласады.
Олимпиада ойындарының бірінші күнінде Ұлттық құрама көшбасшысы Елдос Сметов 60 келі салмақта сынға түсіп, дзюдодан Олимпиада чемпионы атанды.
Қазақ балуаны Париждегі ойындардың финалында Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, қарсыласынан басым түсті.
Осылайша, Елдос Сметов Олимп шыңын бағындырып, есімін қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазды. Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында қарсыласына есе жіберіп күміс-пен, ал Токиодағы ойында Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікте болып қола медалды еншілеген. Ал Париждың төрінде Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті. Осылайша Елдос Сметов барлық деңгейдегі дзюдо бәсекесінде алтыннан алқа таққан тұңғыш қазақ балуанына айналды.
Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына қола жүлде түскені де белгілі. Оны пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Ислам Сатпаев пен Александр Ле жұбы жеңіп алды. Сонымен қатар, Париж Олимпиадасында дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмақта сайысқа түсіп, серб Страхиня Бунчичті жығып, қола ме-дальды иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Париж төрінде бір алтын, екі қола олжалап, үздіктер қатарынан табыла білді. Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасының медаль кестесінде үздік ондықта тұр.
«Шартарап – шарайна» - ақпарат
Made on
Tilda