ШАРТАРАП ШАРАЙНА

А.С. Мамырханқызы: "БІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ - САНАЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ!"

Ауданымыздағы бірнеше алдыңғы қатарлы мектептеріміз білім деңгейі мен тәрбие сапасы жағынан жақсы жетістіктерімен толығуда. Білім беруде, оқушылар арасындағы олимпиадалық кезеңдерде және ұстаздар арасындағы конкурстарда бірқатар жетістіктерге жетіп, тек аудан емес республикалық сайыстарда да өз мәртебелерін асқақтатып келеді. Бұл – аталған саладағы оң өзгерістер мен оған жасалып жатқан жағдайдың жоғары деңгейде екендігін айқындайды. Аталған сипаттамаға лайық мектептердің бірі – «Қоссейіт» жалпы білім беру мекемесінде бүгінде білімді, зияткер және заман талабына сай әр бағытқа тиесілі қабілетке ие креативті жеткіншектер мен білімді педагогтер біліктілік қоржындарын толықтыруда. Ол мектеп басшысы мен ондағы әр кадрдың сауаттылығына тікелей байланысты. Осы тұста мектепте атқарылған және енді атқарылатын жұмыстар мен жоспарлар жайында мектеп басшысы Сулеева Айнаш Мамырханқызымен сұхбаттасқан болатынбыз. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Сәлеметсіз бе, Айнаш Мамырханқызы?! Сұхбатымызды мектептің тарихынан бастасақ.
– Саламатсыз ба! Иә, әрине өте дұрыс. «Қоссейіт» жалпы орта мектебі 2003 жылға дейін балабақша болған, 2004-2006 жылдары «Сырдария» жалпы орта мектебінің бастауыш сыныбы болды. Осы жылы аудан әкімі С. Ибадуллаевтың бастамасымен 9 жылдық мектеп болып ашылып, мектеп директорлығына Ұлықбек Жұман Назарұлы тағайындалды. Жұман Назарұлы 2006-2009 жылдар арасында басшылық жасап, мектебіміз білім, тәрбие жұмыстарынан аудан, облыс көлемінде байқаулардан бірінші орын, бас жүлделерді иемденіп жүрді. Мектептің базасы бұрынғы балабақша болғандықтан, өз қаражатымен мектептің жанынан кітапхана, қосымша кабинеттер ашты.
Одан кейінгі жылдар аралығында О.Қазманбетова, О.Қалшабекова, С.Мошқаловтар басшылық жасады. Мен осы жылдың қараша айынан бастап директорлыққа тағайындалдым.
– Жаңа қызметіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Осы жылда жеткен жетістіктеріңізбен бөлісе отырсаңыз.
– Қазіргі уақытта «Қоссейіт» жалпы орта мектебінде 410 бала білім алады. Оқушыларымыз жарыс, байқауларға барып, алдыңғы орындарды иемденіп жүр. Мектебіміздегі білектілерді қол күрес үйірмесіне баулып жүрген жаттықтырушы Ергешов Бекмұрат Ғаниұлының шәкірттері ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді. Оның шәкірттері Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері атанып үлгерді. Атап өтер болсақ, Самат Мұқасан Әлем чемпионатының алтын иегері, Есенбай Бекзат Азия чемпионатының екі дүркін алтын жүлдегері, Назар Заңғар Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қалдыбай Анель Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Көшербай Ернұр облыс чемпионы, Қалдыбай Өркен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Патилда Мейрамбек, Есен Мейрамбек ҚР чемпионатының қола жүлдегері, Оразхан Арыстан, Сапархан Бекнұр, Сайлау Иманғали, Құрманбек Әділет, Назар Санжар, Оразхан Арыстан сынды оқушыларымыз облыс чемпионы атанды.
– Өте керемет нәтиже екен. Шәкірттеріңіз білім бәйгесінен қандай нәтижелерге жетті?
– Біздің мектептің оқушылары тек спорттан емес, білім бәйгелерінде де топ жарып келеді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығы ұйымдастырған С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» атты шығарма жазу байқауынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Назгуль Адамбекова жетекшілік еткен 9 сынып оқушысы Жақсылық Бибінұр Бас жүлдені иемденді. «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінің «Білгірлер бәйгесі» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Таленова Меруерттің жетекшілігімен Әнуарова Сабина ІІІ орын иегері атанды. «Кенгуру» ойын-конкурсынан бастауыш сынып мұғалімі
Сагимова Жанар Жумабақызы дайындаған оқушылар арасында Давлетбай Шынар ІІІ орын, Дүйсенбек Жасмин ІІ орын иеленді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Ақбота» зияткерлік олимпиадасынан орыс тілі пәнінің мұғалімі Жұмашева Гүлдар Үсенқызы жетекшілік еткен оқушылардан Алайдыр Жансая ІІІ орын, Ромаш Мерей ІІІ орынмен марапатталды. Аудандық "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" байқауынан технология пәнінің мұғалімі Сейтжаппаров Пердеханның жетекшілігімен Құттыбек Нұрислам 1 орынды иеленді.
– Осындай жеңімпаз шәкірттерге білім беріп жүрген ұстаздардың еңбегі зор. Осы тұста мектебіңізде қызмет етіп жүрген ұстаздарды атап өтсек артық болмас.
– Біздің мектепте 108 мұғалім қызмет етеді. Көп жылдан бері ұстаздық етіп жүрген білікті мамандар да жетерлік. Атап өтер болсақ, қазақ тілі мен әдебиеті сабағынан Ташенова Баян Баққарақызы, бастауыш сынып мұғалімдері Бижигитова Сәрсенкүл Таңсықбайқызы, Тайырова Гүлпаршын Бабаханқызы, Нұржанова Әсия Мәмітәліқызы, ағылшын тілі пәні мұғалімі Баянбаева Үрліхан Алипбайтеліқызы, тарих пәнінің мұғалімдері Матбеков Қыдырбай Құрманбекұлы, Ракишева Бағила Сәулетқызы, технология пәнінен Саухатов Ибадулла, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Ибадуллаев Есенбай Ануарұлы, математикадан Өтепбаева Пернекүл Кеңесқызы. Ұстаздар қауымы мектебіміздің мәртебесін биіктетіп, оқушыларды біліммен сусындатып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай қызмет етіп келеді. Біздің басты мақсатымыз – саналы ұрпақ тәрбиелеу!
– Бізге уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет! Атқарып жатқан жұмыстарыңызға толағай табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda