ШАРТАРАП ШАРАЙНА

САРБАЗДАР КЕЛІСІМ ШАРТПЕН,ШЕКАРАНЫ КҮЗЕТУГЕ БАРДЫ

ҚР қарулы күштері
Тамыз айында аталып өтетін шекарашылар күні қарсаңында Арнасай шекара заставасында Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігі жанындағы әскери патриоттық мектептің жетекшісі Әли-Асқар Шералиевтің ұйымдастыруымен келісім-шарт негізінде сарбаздарды шекара қызметіне қабылдау жиыны өтті. Оған Ауған соғысы ардагерлері Түркістан облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі, майор Қылыш Сәтбаев, Тәжік-Ауған шекарасындағы соғысқа қатысушылардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәндібай Қосаев, мүшелері Ерлан Қожабеков, Бақыт Әйтенов, Семей ядролық сынақ полигоны ардагерлерінің Шардара аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуелбек Күбенов, мүшесі Көпжасар Тұрабаев, Майқала шағынауданының биі, «Ел биі» медалінің иегері Таңсықбай Сахов, Арнасай шекара заставасы командирінің орынбасары подполковник Марат Елубаев қатысты.
Жиында алғаш сөз алып, ашып берген майор Қылыш Сәтбаев шекара қызметі жайлы кеңінен мағлұмат беріп, болашақ шекарашыларға ел қорғауда барынша қырағы болып, ел үмітін ақтау басты міндет екендігін түсіндірді.
Өзінің сөз кезегінде ардагер Таңсықбай Сахов:
– Шекара сарбаздарының негізгі мақсаты елі мен жерін қорғау. Отанымыздың, еліміздің, жеріміздің тағдыры сіздердің қолдарыңызда. «Отан – оттан да ыстық» деген.
Отанды, елді көздеріңнің қарашығындай қорғаңдар. Еліңе, жеріңе істеген еңбектерің ешқашан ескерусіз қалмайды. Мына кең байтақ даламызды ата-бабаларымыз қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғап, сендер мен бізге аманатқа тастап кетті. Аманатқа қиянат қылмайық. Мұқият болыңдар, сақ болыңдар. Елдігімізді білдіретін көк туымызды құлатпаңдар. Сақадай сай, әрқашан бірлікте болыңдар, – деді.
Өзге шығып сөйлеушілер де жалынды сөздерімен шекарашыларға күш-қуат сыйлады.
Жиында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары патриоттық әндер орындап рухын көтерді.
Алдағы шекарашылар күніне дейін осында алғашқы дайындықтан өтіп, шекара қызметін меңгерген отыздан астам келісім-шартпен шекара қызметіне қабылданғандар Қызылқұм қойнауындағы шекаралық пункттерге жіберілетін болады.
Гүлжан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda