ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫНДАҒЫ ТОЛАҒАЙ ТАБЫСТАР

Спорт
Шардара ауданының спортшылары үшін тарихи жеңіс болып табылады

Осындайда еске түседі. Осыдан оншақты жыл бұрын болса керек. Ол кезде аудандық баспасөз қызметінде жұмыс жасап жүрген кезіміз. Күн сайын келетін құшақ-құшақ газет-жорналдарды сүзіп шығып, ауданға қатысы бар материалдардың астын сызып, аудан әкімінің назарына ұсынамыз. Сондай бір пошта қарап отырған кезде «Егемен Қазақстан» газетінің тұтас жарты бетін алып жатқан мақалаға еріксіз көзіміз түскен. Батыс Қазақстан облысынан хабар жазған әріптесіміз оралдық спортшының қол күресінен әлем чемпионатына жолдама алғанын және сол байрақты бәсекеде үшінші орынға қол жеткізіп, қола медальді еншілеп келгенін сүйіншілеп отырып жеткізіпті. Армрестлинг спортының батыс өңірінде енді құлаш жайып келе жатқанын, жерлес спортшыларының бұл қоласы алтынға бергісіз жетістік екенін тәптіштеп жазып, оқырманға кеңінен таныстырыпты. Аудандық емес, облыстық емес, топырлап шығып жатқан сарыжағал газеттер емес, еліміздің ресми түрде шығатын бас басылымына үшінші орынға қол жеткізген спортшысын аспандатып шығарған батысқазақстандық журналистің ниетіне қалай риза болмайсың. Барды бағалау деген сол болса керек. Бұл кезде біздің шардаралық қол күресшілеріміз әр барған әлемдік додадан 5-6 алтын медаль еншілеп келіп жатқан болатын. Және біз үшін ол заңдылық сияқты қабылданатын. Әрбір титтей табыстың арқасында қыруар еңбек тұратынын жақсы білсек те соған жете мән бермейтініміз бар. Әйтпесе, кешегі жазғы олимпиадада көргеніміздей, үшінші орын түгіл, сол ширек финалға жету үшін жан берісіп, жан алысқан сайыстардан өтудің өзі үлкен күш. Армрестлинг спорты да дәл солай болса керек. Келесі кезеңге шығу үшін күш-жігеріңді, айла-әдісіңді ұштастырып, бұла күші бұлтылдаған қарсыласыңды қапы қалдыруың керек. Әр мемлекеттің ең мықты деген спортшылары іріктеліп сайысқа шығатынын ескерсек, сондай мықтыларға күшін мойындатқан Шардараның шарболат ұл-қыздарына қалай сүйінбейсің!
Сонымен, тамыз айының 15-25 күндері арасында армрестлингтен Молдова елінің астанасы Кишинев қаласында әлем чемпионы ұйымдастырылды. Оған 61 мемлекеттен 1500-ден астам спортшылар қатысып, күш сынасты. Аталмыш додаға «Шардара Армспорт» спорт клубынан 47 спортшы қатысты. Оларды Түркістан облысының №4 Олимпиада резервіне мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұржан Төреқұлов, бас бапкер Асан Байғозиев, жаттықтырушы Дархан Асылбеков бастап барды.
Он күнге созылған дүбірлі додада бабы келскен, бағы жанған спортшылар жеңіс тұғырына көтерілді. Молдова жерінде жас жеткіншектер, жасөспірімдер және жастар арасында өткен жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, мерейлері үстем болған жерлестерімізді атап өтсек.
Алғашқы сайыстарын сәтті бастаған Назерке Жаңбырбай, Нұрислам Әбсаттар, Жармахан Сәрсенбай, Мейрамбек Патилда, Нұрболат Басымбек үшінші орынға табан тіреп, қоржынымызға қола жүлде салды. Ақтық сынға дейін алқынбай жеткен Думан Әмірхан, Сүндет Аязхан, Заңғар Назар, Ердос Сәрсенбаев, Сымбат Сәрсенбаева, Анель Қалдыбай, Ермахан Полат, Мұқасан Самат, Данияр Роман есімді қол күресшілеріміз екінші орынды еншілеп, күміс медаль иеленді.
Мұнан бұрын да бірнеше байрақты бәсекеге қатысып, жеңіс тұғырынан түспей жүрген спортшымыз, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұйымдастырылған жарыста қарсыластарынан басым түскен Ұлықбек Құралбаев әлем чемпионы атанып қайтты.
Жас жеткіншектер арасында Нұрсұлтан Алдан, Текжігіт Хали, Элдар Анвар, Ерсұлтан Серік есімді спортшылар барлық қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионы атанды. Сол сияқты жасөспірімдер арасында Мейрамбек Есен, Жасурбек Маманияз, Болат Мелдебек, Әділет Ибрагим, жастар арасында Ердәулет Мұхамбетов, Санжар Зәрубек, Қасымжомарт Хали, қыздар арасында Назым Зәкірова, Ұлжан Оразбай, Аружан Абдулла, Ырысты Оразхан есімді қол күресшілеріміз әлем чемпионы атағын иеленіп, алтыннан алқа тағынды.
Чемпионатқа жиналғандардың назары аса ауыр салмақта (+110 кг) бақ сынаған Медет Құттымұратов сынды шардаралық қол күрес шеберіне ауды. Ол барлық қарсыластарын жапыра жайпап, жанкүйерлерін тамаша шеберлігімен тәнті ете білді. Финалдық ойында грузиялық түйепалуанмен қол күрестірген Медет Құттымұратов оны айқын басымдықпен жеңіп шығып, абсолютті чемпион атанып қайтты. Осылайша Қазақстан құрамасы бас-аяғы 20 алтын медаль жеңіп, командалық есепте кезекті рет І орынға көтерілді.
Апта басында елге оралған қол күрес шеберлерін жерлестері жоғары дәрежеде күтіп алды. «Шардара Армспорт» спорт клубында Молдовадан оралған даңқты спортшыларды ұлтымыздың қымыз-қымыранымен қарсы алып, сый-құрмет жасады. 2001 жылы ауданда армрестлинг спортының негізін қалап, әлемдік деңгейдегі көшбасшылыққа жеткізген аудан әкімі Арман Қарсыбаев жеңімпаздарды құттықтап, «Алғыс хаттармен», бағалы сыйлықтармен марапаттады. Молдова мен Қырғызстанда өткен әлем чемпионаттарында шардаралық спортшылардың тамаша нәтиже көрсеткен жетістігін аудан басшысы «тарихи жеңіс» деп бағалады.
Ал, әлем чемпионатының абсолютті чемпионы Медет Құттымұратовқа демеушілер есебінен темір тұлпар – «Тойото Камри» автокөлігі тарту етілді. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дегендей, Медеттің жеңісіне шын жүректен ниеттес, тілеулес болып қуанған демеушілердің бұл азаматтығы да өзгелерге үлгі боларлық дүние десек жарасады.
Сонымен, ауданда армрестлинг федерациясы құрылған 2001 жылдан бері биылғы жетістікті қосқанда қол күресінен барлығы 127 әлем чемпионы шықты!
Гир көтеруші спортшыларымыз да қоржынға 11 алтын медаль салып, командалық есепте Қазақстан құрамасы ІІ орынды иеленіп отыр. Қырғызстанның Чолпон ата қаласында өткен әлем біріншілігіне Шардарадан 22 спортшы қатысып, бақ сынап келді. Оларды бас бапкер Мұхан Әбдіраханов бастап апарды. 600-ден астам спортшылар бұл чемпионатта гир тасын серпе көтеру, жұлқа көтеру және ұзын цикл түрлері бойынша жарысқа түсті. Серпе көтеруден кіші жасөспірімдер арасында Нұрқанат Жансанбай, жастар арасында Бағжан Байдуллаев, Ерасыл Қуаныш, Нұрбала Серікбай есімді жерлестеріміз әлем чемпионы атағын иеленді. Жұлқа көтеруден жасөспірімдер арасында Айдар Данышхан, жастар арасында Бақдәулет Шынтанов, Нұрбатыр Тұрғанбай жеңіс тұғырына көтерілсе, ұзын циклда жастар арасында Ерасыл Қуаныш, Бақдәулет Шынтанов, Медет Әуесбек, Ажар Серікбай есімді спортшыларымыз қоржынға алтын медаль салды.
Басқа да спортшыларымыз, атап айтқанда, Ильяс Бақыт, Еркебұлан Келдібаев, Оразхан Ережеп, Бақдәулет Келесбек, Нұрислам Өсербай, Нұрболат Ергеш, Ерсұлтан Бейсенбай есімді ұландарымыз ІІ орынды еншілеп, күміс медаль иеленсе, Елнұр Нұрлыбайұлы, Жасмин Серікбай есімді спортшылар ІІІ орынды иеленіп, қоржынымызға қола медаль салды.
Айта кетейік, гир спорты Шардара ауданында 2016 жылы ашылған болатын. Содан бергі уақыт ішінде, Чолпон атадағы жеңісті қосқанда 21 әлем чемпионы шығып отыр.
Армрестлинг пен гир спорты федерациясына Арман Романұлы басшылық жасайды. Темірдей тәртіп пен орынды талаптың арқасында толағай табыстарды иеленіп келе жатқан шардаралық спортшылардың жетістігін мұқым ел мойындайды. Ауданның ғана емес, тұтас бір елдің мерейін асырып, абыройын асқақтатып отырған шардаралық спортшылардың әрбір жеңісі біздер үшін де зор мақтаныш. Салауатты өмір салтын әдемі сөзбен емес, нәтижелі істерімен насихаттап келе жатқан жерлестеріміздің жеңісті күндері көп болсын!

Әділ ӘБДІРАМАНОВ
Made on
Tilda