2025 жылдың 1 маусымынан бастап елімізде тұрақты туризмнің Ұлттық стандарты күшіне енеді. Бұл – туризмнің табиғатты қорғау, жергілікті жұртқа пайда келтіру, ұлттық абыройды арттыру ісімен ұштасуы тиіс екенін айқындайтын маңызды құжат. Стандарттың қабылдануы – Қазақстанның кең байтақ табиғи байлығын тиімді әрі ұқыпты пайдалану, туризм саласын өркениетті жолмен дамыту деген сөз. Бұл стандарт БҰҰ Даму бағдарламасы аясында әзірленіп, әлемдік озық тәжірибелерге сүйенгенімен, Қазақстанның табиғаты мен мәдени ерекшеліктеріне бейімделіп жасалған. Яғни бұл – сырттан келген үлгіні көшіру емес, соны ұлттық жағдайға сай түрлендіріп, елге пайдалы бағытқа бұру. Жаңа ережелер экологиялық турлардың түр-түрінен бастап, энергия үнемдеу, қалдықтарды дұрыс басқару, биоалуантүрлілікті сақтау секілді нақты талаптарды қамтиды. Бұл құжат туристік қызметтің сапасын әділ бағалауға мүмкіндік береді және соның арқасында табиғатты ұзақ уақыт сақтап қалуға жол ашылады. Ең бастысы — туризм енді тек табыс көзі емес, жауапкершілік пен абырой ісі болмақ. Еліміздің әр өңірі өз мүмкіндігінше бұл бағытқа бет бұрып жатыр. Мысалы, Шарын шатқалы мен Көлсайда экосоқпақтар салынса, Катонқарағайда киіз үйлі этнотурлар дамып келеді. Бурабайда гидтер арнайы оқудан өтіп, туризмнің сауықтыру бағытына басымдық берілуде. Біздің Түркістан облысында табиғи және мәдени мұра бірін бірі толықтырып тұрады. Сайрам-Өгем, Ақсу-Жабағылы, Қаратау, «Сырдария–Түркістан» ұлттық парктері мен қорықтары — сирек кездесетін түрлерді қорғауды, орнитологиялық туризмді және мәдени бағыттарды үйлестіретін мекендер. Мұнда жергілікті халықтың белсенді араласуы дәстүр мен қазіргі табиғат қорғау тәжірибесі арасындағы тірі байланысты қамтамасыз етеді. Ал біздің Шардараға келсек, экотуризмнің әлеуеті зор екені айқын. Мұнда адам қолы тимеген жағажайлар, Сырдария бойындағы сирек кездесетін құстар мен балықтар әлемі, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен шөлейтті дала экожүйесі табиғатқа жақын болғысы келетін туристерге таптырмас бағыт бола алады. Сонымен қатар, Шардара су қоймасы жағалауындағы кемпингтер мен балық аулау турларын заманауи талапқа сай бейімдеу – табыс көзіне айналатын нақты мүмкіндік. Шардара ауданындағы кәсіпкерлер мен іскер азаматтарға осы саланы қолға алудың нақты жолдары бар. Біріншіден, экотуризм тек үлкен қаржы мен күрделі құрылым емес. Киіз үйлерден құралған эко-демалыс орындары, ауылдағы үйлерді туристерге бейімдеу, табиғатта серуен ұйымдастыру, шағын этно-музейлер ашу — бәрі де экотуризмге жатады. Екіншіден, туристік маршрут жасау үшін жергілікті тарих пен табиғат ерекшеліктерін насихаттау қажет. Бұл істе ауыл қариялары, өлкетанушылар, мектеп мұғалімдері, жастар белсенділері бірлесе алады. Сонымен қатар, туристік қызмет көрсету (гид болу, қонақ күту, ұлттық тағам ұсыну, қолөнер бұйымдарын сату) – жаңа жұмыс орындарын ашады. Мемлекет те бұл бағытты барынша қолдап отыр. Экотуризм жобаларына инвестициялық жеңілдіктер, гранттар мен жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Әсіресе ауылдық туризммен айналысатын кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты», «Даму» бағдарламалары арқылы нақты қаржылық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, экогидтерді оқыту, маршрут жасауға әдістемелік көмек беру, жарнамалық қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, қазіргі таңда «Kazakhstan Travel» ұлттық компаниясы еліміздегі экотуризм нысандарын арнайы карталар мен платформаларда жариялап, туристерді бағыттауға көмектесуде. Егер шардаралық кәсіпкерлер өз жобаларын сол тізімге енгізе алса, туристік ағым күрт артады. Экотуризм — бүгінгі таңда табиғатты сүйетін, таза әрі мағыналы демалыс іздеген адамдардың таңдауы. Ал Шардара — табиғаты, суы, дәстүрі мен тыныштығы арқылы бұл бағытты дамытуға таптырмас мекен. Ұлттық стандарттың күшіне енуі — бұл салада нақты ереже, жүйе, жауапкершілік бар деген сөз. Сондықтан табиғатты қорғап, жергілікті халықтың табыс көзін кеңейтетін жобаларды қолға алу — кезек күттірмейтін іс. Ендеше, табиғатқа құрмет көрсетіп, елге абырой әкелетін эко-туризмге бет бұрсақ, ұтылмаймыз — ұтамыз. Е.ТӘЖІБЕК