ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Облыстық мәслихат депутаттары Референдумның маңыздылығын түсіндірді

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәжіліс залында облыстық мәслихат төрағасы Әбішев Нұралы Әлмаханұлы, энергетик Сайманов Сейітмұрат Мырзабекұлы, Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрайымы Қамбарова Зухра Медеуқызы қала тұрғындары мен кәсіпкелермен кездесіп, алдағы 6 қазанда өтетін Референдум жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесуді «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы, Референдумды насихаттау жөніндегі штабтың төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлы ашып, жүргізіп, өткізілген кездесулер жөнінде мәліметтер берді.
Кездесуде сөз алған Нұралы Әлмаханұлы елімізде электр энергиясына деген тапшылықтың жыл сайын артып бара жатқанын атап өтті. Айталық, осыдан он екі жыл бұрын Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұтынған электр энергиясы 450 мегаваттан болса, қазіргі кезде 1000 мегаватқа артқан. Мұндай өсім алдағы кезде де жалғаса беретіндіктен тапшылықты жою мақсатындағы бірден-бір жол АЭС салу керектігі деп түсіндірді. Атом электр станциясының пайдасын көріп, дамып кеткен елдерді мысал ретінде келтірді. Сонымен қатар АЭС-ке қажеті уран өзімізде өндірілетіндіктен электр энергиясы арзанға түсетінін, оның салынуына 10-12 жыл кететінін, пайдалану мерзімінің ұзақ жылдарга негізделгені айтылды.
Қазақстан Халық партиясы Түркістан облысының филиалының төрайымы Қамбарова Зухра Медеуқызы да Атом электр станциясының артықшылықтарына тоқталды. Желден алынатын энергияға жел тоқтап қалуы, күннен алынатын энергияны өндіруге күн бұлтты болып қалуы, судан алынатын энергияға су жетімсіз болып, электр энергиясына тапшылықтың арта түсуі мүмкін екенін атап өтті. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген бар. Бірақ диқан сонда да егеді. Сол сияқты, АЭС салудан да қорқудың қажетсіз екендігін айтты.
Аудандық мәслихаттың төрағасы, Референдум өткізу жөніндегі штабтың мүшесі Мүтәлиев Бұлтбай Лесбекұлы:
– Чернобыль салынған кезде біздің мінетін көлігіміз «Москвич», «Запорожец», «Волга» еді. Ал қазір біз бірдеңеге соғыса қалсақ жан-жағыңнан бес-алты жерден азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылардың көмегін көреміз. Сол сияқты қазіргі салынатын АЭС-терде қауіпсіздік шаралары жетілдірілген. Технология дамыған. Ұшақ құлайды деп мінбей қойып жатқан жоқпыз, машина апатқа ұшырайды деп мінбей қойып жатқан жоқпыз, жер қимылдайды деп үй салмай жатқан жоқпыз. Сол сияқты АЭС салуға да бір жақты қарамай, пайдалы жағын да ойлауымыз керек, – деді.
Кездесуде ауыл биі Таңсықбай Сахов жиынға қатысушыларға Референдум өткізілетін күні сайлау учаскелеріне барып таңдау жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Made on
Tilda