ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Спортты жанына серік еткен Сәбит

Спорт
Жаманқараев Сәбит Әжіханұлы 1966 жылы бұрынғы Көксу совхозының №2 Нәлібай мал фермасында дүниеге келген. Әкесі Әжіхан бұрын Қараой аталып, кейіннен Нәлібай елді мекені болған фермада 1958 жылдан зоотехник болып, кейіннен 1983 жылға дейін совхозда аға зоотехник қызметін атқарған. Тәжірибе алмасу мақсатында Мәскеу, Жеті батыр қалалары мен Индия елінде бірнеше рет іс-сапарда болған. Әр келгенде ауылдастарына сәлем-сауқат ала келетін. Атақты спортшы Боровик Володяның анасы сондай сыйлықтың бірін «Әжіхан Индиядан әкеліп берген орамал» деп өмірден өткенінше көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Әжекең бірнеше рет аудандық облыстық марапаттарға ие болып, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалінің иегері болған.
Анасы Жаманқараева Күлімхан 7 ұл мен 3 қызды дүниеге әкелген Батыр-Ана. Сәбит перзенттер арасындағы алтыншысы. Шырынқыз, Бердіқұл, Бергенқұл, Бақберген, Байболсын, Зоя, Қайрат, Роза, Дәулет атты бауырлары бар.
Сәбит Әжіханұлы 1973 жылы Нәлібай фермасындағы С.Сейфуллин атындағы мектептің 1-сыныбына, алғашқы ұстазы Орынкүл Жұмабаеваның сыныбына оқуға барады. Мектеп директоры, «Республикалық оқу-ағарту ісінің үздігі» Бақтыбай Асылбеков өте мықты білімді ұстаз болды. Мектеп ауласына неше түрлі ағаш көшеттерін егіп, суландырып, көгалдандырған. Ауданнан, облыстан келген басшылар құм төсіндегі атқарылған осындай жұмысты көріп, ризашылықтарын білдіретін. Асылбекова Гүлбар, Еспанов Көбекбай және Тұрсынкүл, Улипа, Гүлайым апайларынан Сәбит біліммен қатар қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды, кішіпейілділік пен отансүйгіштікті үйренді. Еспанов Оңалбай ағайы ауылдағы жаңалықтарды газеттерге жазып тұратын.
Сәбит жалаң аяқ құм кешіп, шекесін күн қақтағандықтан шымыр, әсіресе спортқа бейім болып өсті. Алғашқыда есекке мініп, аударыспақ ойнап өскен бала біртіндеп тайға мініп, бата көкпарларға да қатысатын болды. Өзге қатарластарымен бірге ләңгі теуіп, асық атудан да алдына жан салмады. Үлкендерге еліктеп алғашқыда жілікті жасырып қолмен сындыратын ол кейін әбден машықтанып алған соң отырыстарда кәрі жілікті иіп, тоқпан жілікті жерге қойып жұдырығымен ұрып сындыратын деңгейге жетті. Сол шынығулардың пайдасын қазірге дейін көріп жүр.
Орта мектепті Көксу ауылындағы Саттар Ерубаев атындағы мектепте бітірді. Кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын Украйнаның Харьков, қазақстанның Байқоңыр аймағында өтеп қайтты. Аз уақыт совхозда құрылыста жұмыс істеп, 1990 жылы Шымкент дене тәрбиесі техникумына оқуға түсіп, С.Сейфуллин мектебінде «Дене шынықтыру» пәнінен сабақ береді. Кеңес Одағы тарқап, еліміз егемендік алғаннан соң Көксу ауылына қоныс аударып, осындағы Саттар Ерубаев атындағы мектепке денешынықтыру пәні мұғалімі болып орналасады.
Спортты жанындай сүйген Сәбит бойындағы қабілетін одан әрі шыңдап, мүмкіндігін пайдалану мақсатында Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіреді. Шардара қаласындағы №3 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып, басшылары Ермек Аманқұлов пен Жиенбек Тәліповтермен бірге қосымша жұмыс атқарады. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысады.
Асық атудан ұстаздар, сынып жетекшілері арасындағы аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүрген Сәбит Әжіханұлы республикалық турнирде де бірінші орын алып, чемпион атанды. Қазақстан Республикасы асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабырхановтың атынан «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгісімен марапатталды.
Білім беру саласында аянбай еңбек етіп, жемісті де адал қызмет атқарғаны және білім беру саласының дамуына үлес қосып атсалысқаны үшін Түркістан облысы білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің, аудан әкімінің, кәсіподақ ұйымдарының Алғыс хаттарымен бірнеше дүркін марапатталған.
Республикалық «Білім шыңы – Ғылым сыры» редакциясының ұйымдастыруымен өткізілген «Жылдың үздік 100 мұғалімі» жобасына қатысып, ұсынған озық іс-тәжірибесі жинақ кітапқа енгізіліп, Қазақстан Республикасы көлемінде таратылғаны үшін ұлағатты ұстаздық жолындағы шығармашылық ізденістерінің арқасында өз шеберлігін, біліктілігін жоғары дәрежеде танытқаны үшін Сәбит Әжімханұлы «Жылдық үздік мұғалімі» төсбелгісімен марапатталады. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады. Айталық, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық үгіт-насихат жұмысына белсене атсалысқаны үшін Республикалық Қоғамдық штаб жетекшісі Ерлан Қошановтың Алғыс хатымен марапатталған.
Қамшының сабындай қысқа өнегелі өмірін қазақ қоғамының дамуына арнаған, «Менің құрдастарым» атты жастарды отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке баулитын құнды шығарма қалдырған көп қырлы қайраткер Саттар Ерубаевтың туылғанына 110 жыл толуына байланысты Сәбит Әжіханұлы «Республикалық Көк Түріктер қағанаты» қоғамдық қорының «Саттар Ерубаев» атындағы төсбелгісімен марапатталған.
Осындай ұлағатты ұстаздардың шәкірттері де спорт саласында мол жетістіктерге жетіп жүр. Саттар Ерубаев атындағы мектептің спортсүйер оқушылары Жастар жылы аясында Шардара ауданының 55 жылдығы, Наурыз мерекесі, Түркістан облысының Жастар арасындағы біріншілігі аясында өткізген Шардара аудандық №3 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол ойындарында үнемі I-II орындарды иеленіп келеді. Сол сияқты оқушылары Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы футболдан 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі облыстық турнирде бірінші орынды жеңіп алған.
Ләңгі тебу, асық ату, жілік басу, асау атты жуасыту мен көкпар шабуды меңгерген Сәбиттің отбасында қандай екендігі жөнінде жұбайы Кенжегүлден сұрағанымызда:
– Иә, Сәкеңнің кішкене болса да ақындығы бар. Соны пайдаланып егемендік алған жылдары кішігірім құдалық тойларды басқарып, асабалық жасаған жағдайлары да болған. Мен сырнай, домбыра тартып, ән айтып қасына серік болып жүрдім, – дейді.
Ал ауылдастары болса Сәбиттің әкесі Әжіханның қасында көп жүргендіктен төрт түлік малдың жасын ажырата білетіндігін, сойылған малды жіліктеп беретіндігін, анасы Күлімханнан ас мәзірлерін үйреніп, сыйлы қонақтың табағына қандай жіліктердің салынатынын өте жақсы білетіндігін айтады.
Қазіргі кезде бұл жөнінде оқушыларына да қосымша сабақ өтіп, оларды қазақы дәстүрді біліп өсуге баулуда.
Сәбит Әжіханұлы отбасында бақытты жан. Жұбайы Кенжегүлмен бірге төрт ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Бекзаты мен Рысбайы Алматыда тұрады, жеке кәсіпкерлер. Гауһар қызы Атакентте тұрмыста. Кенже қызы — Айзересі 8-сыныпта оқиды.
Спорттың бірнеше түрін меңгеріп, оны оқушыларына үйретіп жүрген ұлағатты ұстаз Сәбит Әжіханұлының алар асулары мен шығар биіктері әлі алда деп білеміз.
Ж.ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda