ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Туған жерде ту тіккен жас

Білім
«Қазақтың әрбір түйір тас қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек», деп толғанған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның келелі ойы бүгінгі ұрпақ бойына көшкені қуантады. Сөзіміздің жарқын мысалы жастық жігерін, болашақ бағдарын өскен өңіріндегі білім көкжиегін кеңейтуге бағдарлаған – Мақсат Пірімбетов. Қаламыздағы №3 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты түлегі түлеп ұшқан шаһарында «IBilim High School» іргетасын қалап, 30 маманды жұмыспен қамтып отыр. Шардаралық шәкірттерін Кембридж, Оксфорд табалдырығына талпындырып жүрген Мақсаттың өзге де көңілдегі көрікті ойын өзімен тілдесіп, білдік.
Қоғам құндылықтары сан құбылған дәуірде қала дидарына асыққан жан аз емес. Алуан мүмкіндікті ауылының ауасына алмастырған Мақсат, керісінше, туған топырағында жаңа мүмкіндіктер есігін өзі ашып жатыр. Оның университет қабырғасында оқып жүргенде келген білім орталығын ашу туралы ойы - бүгінде іске асқан жоспар. Тарқата айтсақ, «IBilim High School» мектебінің тарихы 2018 жылдан бастау алады. Алдымен «IBilim Center» атауымен 5-6 сынып оқушыларын НЗМ, БИЛ, «Дарын» секілді мектептерге, 10-11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау бағытында қосымша курс ретінде ашылған. 2023 жылы жаңа ауқымды міндет жүгін арқалап «IBilim High School» деген брендпен толыққанды жеке мектеп ретінде жұмысын бастады.
«Мектеп ашудағы басты мақсатымыз – ауыл және аудан орталығында тұратын балаларға заманауи білім беру мүмкіндігін жасап, білім сапасын қала мектептерімен теңестіру. Қазіргі таңда мектепте 250-ден аса оқушы, 30-ға жуық ұстаз бар. Мектебімізде елге қызмет ететін, саналы, білімді шәкірт тәрбиелеуге баса мән береміз. Оқушыларға мамандық таңдау бағытында профориентациялық көмек те көрсетеміз. 10-11 сыныптарға ҰБТ-ға жүйелі дайындық жүргізіп, олардың жинаған ұпайына қарай мемлекеттік грант жеңіп алу мүмкіндігін арттыруға күш саламыз. 7-9 сыныптарда ағылшын тілі мен математика пәндерін тереңдете түйсіндіруге айрықша көңіл бөлеміз» деген «IBilim High School» мектебінің директоры мектептің міндеті мұнымен шектелмейтінін де атап өтті. «Қазіргі заманда оқушы бойына академиялық білімнен бөлек soft skills — яғни қарым-қатынас, шешім қабылдау, сыни ойлау, көшбасшылық қасиеттерін сіңіру өте маңызды. Біз оқушы жетістігін тек ҰБТ нәтижесімен шектемей, өмірге қажетті дағдыларды үйретуге де баса назар аударамыз», деді Мақсат Пірімбет.
Мақсат Пірімбет - осы ірі қадамы арқылы өскен өңірінің дамуына саналы түрде үлес қосып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі оқушы, ертеңгі маман, ата-ана екенін ескерсек, мектеп осы және келер шақтың кемел болуын қамдап жатыр.
«Жалпы білім беру жүйесінің нақты нәтижесі кемі 10-15 жылдан кейін көрінеді. Қазір бұл жұмыстың нәтижесін бағалау қиындау. Біздің мақсатымыз - оқушылар еңбек нарығына шыққанда елге қызмет етіп, туған жеріне пайдасын тигізетін азаматтар тәрбиелеу. Сол кезде ғана «IBilim High School»-дың Шардараға қосқан нақты үлесін айқын көруге болады деп сенемін. Ал қазір оқушыларға табиғатты таза ұстау, қоршаған ортаға жанашыр болу, бір-біріне құрмет көрсету, ата-анамен дұрыс қарым-қатынас орнату секілді адами құндылықтарды үйретіп, тәрбиелік бағытта жұмыс жасап келеміз», дейді ол.
Қоғамға қызмет ісін қаланың саяси-мәдени өмірінен тыс қарастыруға әсте болмас. Бұл ойымызға кейіпкеріміз бастаған ұжымның тілегі ұштасып жатыр. Бүгінде аталған мектеп аудан көлемінде ең белсенді білім ордаларының қатарында. Аудандық, қалалық, тіпті облыстық деңгейдегі түрлі интеллектуалдық сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алып, аудан атын сан салада асқақтатып жүр.
«Жайдарман» ойындарында екі жыл қатарынан аудан әкімі кубогінің чемпиондары атанғанымыз біздің ұжымның ұйымшыл әрі белсенді екенін көрсетеді. Әлеуметтік-экологиялық шаралардан да тыс қалмаймыз. «Таза Қазақстан» акциясы аясында оқушыларымыз табиғатқа жанашырлық танытып, сенбіліктерге, экологиялық шараларға үнемі қатысып отырады. Мектеп аясынан тыс, жалпы Шардараның мәдени өміріне де өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Кәсіпкерлермен бірлесіп, үш рет «Jastar» театрын шақырып, жергілікті жұртшылыққа мәдени демалыс сыйладық. Осы бағыттағы тынысымыз тоқтамайды», деп ойын ортаға салған кейіпкеріміздің алдағы жоспарлары да ауқымды. Енді ол сапалы білім дәнін көршілес аудандарға да сеуіп, өңіріміздің өсуіне ықпал етпек.
«Қазіргі таңда Жетісай, Сарыағаш, Арыс секілді аудан орталықтарында да «IBilim High School» мектептерін ашу бағытында жұмыс басталып кетті. Басты мақсатымыз — ауыл, аудан жастарына тең мүмкіндік беріп, сапалы, заманауи білім алуға жағдай жасау», деп кейіпкеріміз сөзін түйіндеді.
Биыл ауданымызда атаулы жыл, асқаралы – 60 жылдық. Біздіңше, Мақсаттай мақсаты туған жерге ту тігумен үндесіп жатқан жастар барда шағалалы Шардараның шырайы кіріп, дәуірлер дүбірінде даңқы аса бермек!
Дана МЫРЗАҚАДІР– «Egemen Qazaqstan» газеті интернет-редакциясының тілшісі , Астана қаласы
Made on
Tilda