ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ШАМШЫРАҒЫ БІЛІМНІҢ БАСТАУЫШТАН БАСТАЛҒАН

Білім
Әрбір білім ордасының басты жетістігі – оның оқушыларының терең білімі мен саналы тәрбиесі. Осы мақсатта Шардара аудандық білім бөліміне қарасты А.Әлімбетов атындағы жалпы білім беретін мектепте 20-31 қаңтар аралығында бастауыш сыныптар әдістемелік бірлестігінің онкүндігі ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның басты ұраны – "Білім басы бастауышта қаланар, білімменен әлемге жол салынар" болды.
Онкүндік аясында 1-4 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылған ашық сабақтар олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталды. Сабақ барысында оқушылардың өз ойын еркін жеткізуі, сыни тұрғыдан ойлауы мен жаңа білімді өмірде қолдана білу дағдылары ерекше назарға алынды. Әрбір сабақ оқу бағдарламасына сай құрылып, нақты мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға арналды.
Бастауыш сынып мұғалімдері Н.Мамадиярова, Ж.Утеева, Ш.Маханова, А.Джусипова, М.Нурымбетова, С.Мирзамуратова, Р.Молдагулова, Э.Шатырбаева, А.Букаева, Н.Утеева, Ж.Ибрагимова, М.Тагаева, Н.Бақтиярова, Ж.Баратова, А.Тохмамбетова, Г.Калкешова сынды білікті ұстаздар оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, әр сабақты қызықты әрі мазмұнды етіп өткізді. Әсіресе, оқушыларды ойлануға, талдауға, шығармашылықпен жұмыс істеуге жетелейтін тапсырмалар көп қолданылды. Сонымен қатар, мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдаланып, балалардың сабаққа деген ынтасын оятуға, белсенділігін арттыруға ықпал етті.
Онкүндік барысында оқушылар тек білім алып қана қоймай, түрлі зияткерлік сайыстарға қатысып, өз өнерлерін, қабілеттерін шыңдады. Іс-шара аясында:
Қолөнерден шығармашылық көрме,
"Қыс қызықтары" сурет байқауы,
"Мен көркем жазамын!" каллиграфия сайысы,
"Үлгілі дәптер" көрмесі,
Қозғалыс ойындары мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Бұл байқаулар мен жарыстар балалардың шеберлігін арттырып, олардың мектеп өміріне деген қызығушылығын оятты. Әр оқушы өз бойындағы жаңа қырларын ашып, белсенділік танытты.
Онкүндік аясында ата-аналар да мектеп өміріне белсене араласып, балаларымен бірге қуанышты сәттерді бөлісті. Олар сабақтарға қатысып, шығармашылық көрмелерді тамашалап, өз ойларын ортаға салды. Бұл – мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, балаларға дұрыс бағыт-бағдар беруде үлкен маңызға ие болды.
Онкүндіктің қорытындысы бойынша белсенділік танытып, ерекше жетістіктерге жеткен оқушылар мектеп директоры Ж.Нуралиеваның атынан Мадақтамалармен марапатталды.
Осындай мәнді іс-шаралар балалардың тек білім алуына ғана емес, олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, тәртіп пен ұйымшылдыққа үйренуіне ықпал етеді. Білімге құштар ұрпақ – жарқын болашақ кепілі.
Күлзакира РЫСПАЕВА–
А.Әлімбетов атындағы жалпы білім беретін мектебі директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары
Made on
Tilda