ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Оқушылар «Шартарап-Шарайна» газетінің редакциясында қонақта болды

Білім
Өткен аптада біздің «Ibilim High School» мектебінің 9 «Б» сынып оқушылары аудандық «Шартарап–Шарайна» ақпараттық-танымдық газетінің редакциясына арнайы барып, газеттің дайындалу, жарық көру жолымен жан-жақты танысты. Жан-жақты талқылау барысында оқушылар журналистиканың қоғамдағы айрықша рөлін сезініп, газеттің даярлану тетіктерін ұғынып қайтты. Олар журналистика кәсібінің қаншалықты күрделі, сонымен қатар қызықты екенін түсініп, ақпарат тарату ісінің маңызды тұстарына мән берді.
Газет редакторы Қары Нұрмахан Қауысұлы басылымның тарихы мен дамуы жөнінде кеңінен әңгімелеп, оның алғашқы нөмірлерінен бастап бүгінгі күнге дейінгі шығармашылық даму жолына шолу жасады. Ол мақалалардың дайындалуы, тілшілер мен редакторлардың бірлесе жұмыс істеуі, беттеу дизайны және баспаханада басып шығару үрдісі туралы егжей-тегжейлі баяндады. Сонымен қатар газеттің өз оқырманын табудағы басты ұстанымдары: ақпаратты сапалы, шынайы әрі тың тұрғыда ұсыну екенін тілге тиек етті. Осы ретте газет бетіне енген әрбір мақаланың тарихи құнды мұраға айналатынын, ал уақыт өте келе оның болашақ ұрпақ үшін керемет дереккөз болатынын ерекше атап өтті. Редактор газет жұмысының ұдайы жаңашылдыққа ұмтылатынын, өткен жылдан бастап материалдарға QR-код қосу арқылы бейнематериал ұсыну тәсілі енгізілгенін айтты. Бұл жаңалық оқырманды мақаланың мазмұнымен шектелмей, қосымша ақпарат алуына мүмкіндік береді. Газетке кез келген азамат өз ойын, өзекті мәселе немесе өмірден түйген тәжірибесін жазып жіберу арқылы қоғамның дамуына үн қоса алатыны да сөз болды.
Редакция ұжымымен кездесуде газет тілшілері Жаңабай Сейдуәлиев, Аяжан Тәжі, беттеуші Райхан Ысқақова және оператор Гүлжан Бейсенбайқызы өз тәжірибелерін ортаға салып, басылымды дайындау кезіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Олар мақаланы әзірлеуде журналистің ақпарат жинау жолдарынан бастап, деректі нақтылау мен сенімді дереккөздерді іздеудің, алған мәліметті терең зерттеп, қалың оқырманға түсінікті әрі тартымды етіп ұсынудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ кейде тақырыптың өзектілігі мен қоғамда туындаған мәселелерді дер кезінде көтерудің қандай жауапкершілік жүктейтінін, газет бетіне жарияланған материалдың әлеуметтік ықпалы мен қоғамдық пікір қалыптастыруға әсер ететінін тілге тиек етті.
Кездесу барысында оқушылар газеттің күнделікті жұмыс үдерісін көріп қана қоймай, өздері қызығушылық танытқан журналистика саласы жайлы толымды ақпарат алды. Нұрмахан Қауысұлына оқушылар Жолдас Жансая, Кемал Назерке, Қаныбек Даниал, Турабек Әділет қойған, сұрақтарға жете мән беріп, оларға өзара салыстыру, талдау жасау арқылы болашақ мамандықты таңдау жолдары туралы кеңестер берді.
Сынып жетекшісі Шіркітбай Маханбет пен әлеуметтік педагог маманы Айтхали Бағдат кездесу барысында оқушылардың белсенділік танытып, сұрақтарды тереңнен қойғанына ризашылық білдірді. Олар мұндай іс-шаралардың жас буын өкілдерінің болашаққа деген сенімі мен кәсіби бағдарлануына үлкен әсер ететінін жеткізді. Сонымен бірге білім беру бағдарламасында осындай тәжірибелік бағыттағы шараларды жиі ұйымдастыру қажеттігін, оқушылардың тек теориямен шектелмей, өмірмен тікелей байланыс орнатуы маңызды екенін атап өтті.
Кездесудің соңында редактор Нұрмахан Қауысұлы мектеп оқушыларына алдағы уақытта мамандық таңдауда үлкен мән беріп, сүйікті ісі арқылы қоғамға пайда тигізетін шынайы маман болуға тілектестігін білдірді. Ол газеттің меншік иесі «Нұр-МБК» ӨК төрағасы Кариев Нұрболат дайындаған естелік сыйлықтары мен шағын сертификаттарын табыстап, осындай ілтипатты шаралардың журналистикаға деген құрметті нығайтып, ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыруға үлес қосатынын атап өтті.
Бұл іс-шара оқушылардың журналистика саласына деген ынтасын арттырып қана қоймай, өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарын кеңейтті. Олар газеттің әр бетіндегі мақалалардан шындықты іздеп, қоғамның рухын сезініп, уақыт талабына сай ақпаратты дәл әрі сапалы жеткізудің үлкен жауапкершілік екенін жете түсінді. Журналистер мен редакторлардың, жалпы газет қызметкерлерінің көзге көрінбейтін, бірақ аса қажырлы еңбегін өз көзімен көрген балалар келешекте осындай еңбекқор, ұқыпты әрі қоғам мүддесін ойлайтын журналист болуға талпыныс жасағысы келетінін аңғартты. Сондай-ақ бұл кездесуден алған әсерлері олардың өз-өзін дамытып, болашақ мүмкіндіктерге жетелейтін жаңа идеяларға жол ашарына сөз жоқ сенім ұялатады.
АЙТХАЛИ
Бағдат Бейсенбекқызы
«Ibilim High School» мектебінің әлеуметтік педагог маманы
Made on
Tilda