ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Сүйікті мамандығының иесі

Денсаулық
Адам жанының арашашысы болып жүрген дәрігерлер туралы қандай жақсы сөздер айтсақ та жарасымды әрі орынды деп білемін. Өйткені олар түн ұйқысын кейде төрт бөліп, науқас жандармен бірге жаны ауыратын жандар.
Олардың бірі — қаладағы екінші шағын аудандағы дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Орынбекова Бақыткүл Мыңбайқызы.
Ол осы салада отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер. Бұл мамандықты өзі сүйіп таңдаған. Мектепте 6-сыныпты оқып жүргенінде қатты ауырып, Шымкент қаласындағы балалар ауруханасында жатқанда қасындағы балаларды көріп, келешекте балалар дәрігері болсам деп шешіпті. Мектепте орыс тілінен шығарма жазғанда да «Мен балалар дәрігері боламын. Олардың ауырмауы үшін бәрін жасаймын» деп түйіндепті.
Қаладағы М.Әуезов мектебін бітірген ол Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, бітірген соң алғашқы еңбек жолын Жетісай аудандық ауруханасында бастайды. Кейіннен 2000 жылдан бастап отбасылық жағдайымен Шардара аудандық ауруханасына ауысып, жұмысын жалғастырады.
Шардара қаласындағы екінші шағын ауданда 11 мың халық тұрса, олар 5 терапевтикалық, 4 балалар аймағына бөлініп, оған 9 дәрігер медициналық қызмет көрсетеді.
– Біз алты жастан жоғары бала-қариялардың бәріне дәрігерлік қызмет көрсетеміз. Олардың қатарында туу жасындағы және жүкті әйелдердің денсаулығын бақылап, диспансерлік есепте тұратындардың қан қысымын, жүрегі, бүйрегі, бронхитін анализ алып тексеріп тұрамыз. Профилактикалық екпелер жасаймыз. Салауатты өмір салтын сақтау бойынша үйлерді аралап, түрлі жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын түсіндіреміз, – дейді Бақыткүл Мыңбайқызы.
Денсаулық сақшысы болып бақытын еңбектен тапқан, өз қызметін мінсіз атқарып, көптің құрметіне бөленіп жүрген Бақытгүл Мыңбайқызына алда мол жетістіктер тілейміз.

Ақтолқын КӨБЕЙ –
М.Әуезов атындағы ЖББМ-тің 7-сынып оқушысы
Made on
Tilda