ШАРТАРАП ШАРАЙНА

11 ЖАСАР СУЛЕЙМАН СҰЛТАН: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САХНАДАҒЫ ҚАЗАҚ БИІНІҢ ЖҰЛДЫЗЫ

Каталония, Испания. Fiestalonia Milenio халықаралық фестивалінің сахнасында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас таланттардың арасында Қазақстанның Орал қаласынан келген 11 жасар Сулейман Сұлтанның жұлдызы жарқырады. Қазақ дәстүрінің рухымен қаныққан оның әсерлі қойылымы қазылар алқасының жүрегін жаулап алып, жас өнерпаз өз өнеріне лайықты алтын медаль иеленді. Сулейман 20-дан астам елден қатысқан беделді шараның жұлдызына айналып, қазақ өнерін әлемдік сахнада асқақтата таныстырды.
Fiestalonia Milenio фестивалі 25-30 қазан аралығында Каталонияда өтіп, онда Африка, Малайзия, Литва, Германия, Украина және басқа да елдерден келген жас таланттар бас қосты. Фестивальде вокалдық және хореографиялық студиялар, оркестрлер, театрлар мен жеке орындаушылар өнер көрсетті. Алайда, Қазақстан атынан қатысқан жалғыз өкіл Сулейман қазақ мәдениетін өзіндік, ерекше интерпретацияда танытып, қарсыластарынан озып шықты.
Фестиваль ұйымдастырушылары жас таланттың қабілетіне соншалықт тәнті болғаны сонша, тіпті фестиваль президентінің өзі ең үздік қатысушыны іріктеу үшін Қазақстанға арнайы келді. Ақтөбеде іріктеуден өткен соң, Сулейман Испанияға шақырту алып, оның сапары толықтай ұйымдастырушылар есебінен төленді. Бұл қадам олардың жерлесімізге деген сенімін айқын көрсетті. Әрине, бұл сапар ұмытылмас әсер қалдырды, ал Сулейман үмітті ақтады: оның өнері фестивальдің мәдени бағдарламасындағы шарықтау сәтіне айналып, қазылар алқасы мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сулейман Сұлтан бес жасынан бастап бимен айналысып, осы уақытқа дейін халықаралық сахнада танылып үлгерді. Мысалы, өткен жылы ол Бішкектегі байқауда Гран-при жеңіп алды. Сулейманның би әлеміне қадам басуына ата-анасының өнері шабыт берді: оның әкесі Сұлтан Даутов — Батыс Қазақстан филармониясының көркемдік жетекшісі және балетмейстері. Ол ұлының алғашқы ұстазы, кәсіби жолының барлық кезеңінде қолдау көрсетіп келеді. Әкесінің шығармашылық қызметін ерте жастан көріп өскен Сулейман үш жасында биге қызыға бастады, ал бес жасында сахнаға шығуды өтінді.
—Бұл оның өзінің саналы түрде жасаған таңдауы болды, — дейді Сұлтан Даутов. — Ол тек ересектерді қайталаған жоқ, биге өз дүниесін, өзіндік ерекшелігін енгізуге тырысты. Біз оның шығармашылық әлеуетін дамытуға тырыстық, ешқандай шектеулер қоймай, еркін эксперимент жасауына мүмкіндік бердік.
Жақында Сулейман Орал қаласындағы шығармашылық орталықта құрылған жаңа «РУХ» ер балалар ансамблінің құрамына қосылды. Қазақстан үшін ерекше болған ансамбльде 30-дан астам ұл бала ұлттық би дәстүрлерін дамытуда. Осы ансамблде Сулейман өзінің пікірлес, ойлас достарын тауып, басқа жас өнерпаздар үшін үлгіге айналды. Сұлтан Даутовтың айтуынша, қазақстандық бишілер хореографиялық күрделілігі бойынша үздік үштікте және олардың билері қозғалыстар мен қимылдар арқылы көрермендерге тарих пен мәдени құндылықтарды жеткізеді.
Сулейман Сұлтанның халықаралық байқауларға қатысуы қазақ би өнерін әлемге танытуға және елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлкен үлес қосуда. Жас бишінің өнері тек Қазақстан таланттарына назар аудартып қана қойған жоқ, сонымен қатар ұлттық мәдениетіміздің қаншалықты бай әрі көпқырлы екенін көрсетіп берді. Сулейман Сұлтан, сөзсіз, өзінің туған халқының әлемдік сахнадағы елшісіне айналды, дәл осындай жас кезінде де мәдени алмасу мен ұлттық өнерді ілгерілету миссиясын атқара алатындығының айқын дәлелі болды.
Сулеймен Сұлтан – қазір би әлемінде жарқырап тұрған есім. Оның халықаралық аренадағы жеңісі – ұлы өнер жолындағы алғашқы қадам ғана және ол қазақ мәдениеті мен оның салт-дәстүрінің дүние жүзі көрермендерінің жүрегінде шынайы лебізін оятуға қаншалықты қабілетті екенін көрсетіп үлгерді.
Е.ТӘЖІБЕК
Made on
Tilda