ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Шегірткенің қаупі күшейіп тұр

Төтенше жағдайлар
Бұл – жай ән салып жүретін жай шегіртке емес. Атының өзі сұсты: марокколық, азиялық, италиялық. Бұлар ұшқанда аспанды торлап, қонған жерін күл-талқан етеді. Түркістан облысында шегірткелердің қаптайтыны тағы байқалды. Жыл басында жүргізілген зерттеу олардың Арыс, Сарыағаш және Келес аудандарында шоғырланғанын көрсетті.
Уақытында залалсыздандырмаса, шегірткелер өршіп, егістік пен жайылымға қатер төндіреді. Былтыр марокколық және италиялық түрлері Сырдариядан өтіп, Шардарадағы егінге қауіп төндірген.
Биыл шегіртке залалын болдырмау үшін арнайы штаб құрылып, оның төрағасы облыс әкімінің орынбасары Н.Тұрашбеков бекітілді. Штаб құрамына аумақтық инспекция, ауыл шаруашылығы басқармасы, әкімдіктер, шаруалар мен диқандар кірген. Жұмыс нақты жоспармен, қатаң бақылаумен жүріп жатыр.
Залалсыздандыру жұмыстарына арнайы техникасы бар мердігер тартылған, қосымша 300-ден астам адам жұмыл-дырылған. Жердің жартысы жер үсті техникасымен, қажет болса, ұшақпен өңделеді. Қажетті дәрілер дайын.
Фитосанитарлық орталықтың мәліметіне сүйенсек, өңдеу жұмыстары басталып кеткен, биылғы шаралар нәтижелі болмақ. Қазіргі таңда Жаушықұм алқабында өңдеу қызу жүріп жатыр. Мамандар мен арнайы техникалар күн-түн демей жұмыс істеуде.
Жалпы, ұйымдасқан ұтады. Бұл науқан да абыроймен аяқталады деген сенім бар.

Н.ОРАЗБАЕВ – Шардара аудандық аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы
Made on
Tilda