ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Математика апталығы өтті

Білім
Жуырда Сырбек Каттебеков атындағы жалпы білім беретін мектеп қабырғасында «Математика пәні апталығының» қорытынды кеші ерекше салтанатпен өткізілді. Бұл игі шараны әріптесім, математика пәнінің мұғалімі Кошкинова Жұлдыз екеуіміз бірлесіп ұйымдастырдық.
Бұл кешті өткізудегі басты мақсатымыз – оқушылардың математикаға деген ынта-ықыласын арттыру, логикалық ойлау дағдыларын шыңдау, пәндік білім деңгейлерін тексеру және апталықтың жетістіктерін қорытындылау еді.
Қорытынды кеш барысында «Білім ринг» атты білімділер сайысы ұйымдастырылып, оған 8-сынып оқушылары белсенділікпен қатысып, өздерінің терең математикалық білімдері мен машықтарын көрсетті. Сайыс қызу да қызықты өтті, қатысушылар әр кезеңде жоғары белсенділік танытып, көрермендерді де таңдандырды.
Жалпы 7 кезеңнен тұратын бұл сайысқа: Темір Анель, Бисен Айгүл, Амангельдіқызы Гүлназ, Нарсұлтан Мейірхан, Ұласбек Асылжан, Алипбай Бақдәулет, Төлеген Нұрғиса және Ұзақбай Шахаббат қатысып, өз білімдерін жоғары деңгейде дәлелдеді.
Сайыс барысында әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар мен логикалық есептер берілді. Оларды шешу үшін тек білім ғана емес, жылдамдық, тапқырлық және зейін де қажет болды. Қызықты сұрақтар қойылып, ерекше есептер шығарылған сәттерде оқушылардың логикалық пайымдаулары мен шығармашылық ойлау қабілеттері айрықша көрінді. Әр кезектегі тапсырма сайын қатысушылардың ынта-жігері күшейіп, өзара қолдау мен ынтымақтастық рухы сезіліп тұрды.
Кеш соңында сайыстың үздіктері анықталып, жеңімпаздар лайықты марапаттарға ие болды. Жарыста оза шауып, бәсекелестерінен оқ бойы алға шыққан оқушылар қатарында:
І орын – Нарсұлтан Мейірхан
ІІ орын – Ұзақбай Шахаббат
ІІІ орын – Темір Анель
Олар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталып, барша көрерменнің қошеметіне бөленді. Қатысушылардың барлығына алғыс айтылып, олардың математикалық білімі мен ізденістерін жоғары бағаладық.
Математика апталығының қорытынды кеші оқушылар үшін таза білім нәрімен сусындау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар көңілді әрі пайдалы уақыт өткізудің таптырмас тәсілі болды. Іс-шара барысында оқушылар математика пәнінен өз білімдерін шыңдап қана қоймай, жаңа достар тауып, өзара жақындаса түсті.
Қорытынды кештің өз дәрежесінде өтуіне үлес қосқан барлық ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да осындай мазмұнды шараларды қолға алып, оқушылардың білім алуға деген құлшынысын арттырып, достық пен ынтымақты одан әрі нығайта береміз.
ЕРЕХАНОВА Алуа Еркінқызы
С.Каттебеков атындағы ЖББМ математика пәні мұғалімі
Made on
Tilda