4,575 миллиард теңге бөлінді
9.02.2024
Қазақстан Республикасы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 8 бабының 1-1 тармағына сәйкес мәслихат жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы және тұрақты комиссиялардың қызметі туралы есеп береді. Осыған орай ауданымызға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Әбішев Нұралы Әлмаханұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Сермаңызов Бақытжан Қыпшақбайұлы келіп аудандық мәслихат депутаттарымен, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлерімен, аудан ардагерлерімен, ауыл округтері әкімдері мен мекеме, білім саласы қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Сапаров Нұрмаханбет Нартайұлы ашып, жүргізіп отырды.

Кездесуде Түркістан облыстық мәслихатында 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен 2024 жылы атқарылатын жұмыстар жайлы Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Қыпшақбайұлы баяндама жасады.

2023 жылы сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатына 46 депутат сайланған. Үш тұрақты комиссия – бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 10 отырысы өткізіліп, 38 мәселе қаралса, әлеуметтік-мәдени, даму, өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 10 отырысы өткізіліп, 91 мәселе қаралған. Сол сияқты кәсіпкерлік, құрылыс инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссияның 8 отырысы өткізіліп, 44 мәселе қаралған. Облыстық мәслихаттың 8 сессиясы өткізіліп, 115 шешім қабылданған. Депутаттар тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 361 депутаттық сауал жолданып, оның 231-і қанағаттандырылған, қалғандары орындалу үстінде.

Баяндамашы Шардара ауданына 2023 жылы 66 нысанға 4227 миллион теңге бөлінгенін, оның мақсатты пайдаланылғанын атап өтті. Ал биылғы жылы Шардара ауданына 19 нысанға 4575 миллион теңге бөлініп отырғаны да айтылды. Ол нысандар қатарында Қызылқұм ауылының ауыз су жүйесі, Жаушықұм ауылын газбен қамту, үш мектептің күрделі жөндеуі, ауыл шарушылығы бойынша 9 нысанға жалпы 3,3 миллиардтан астам теңге бөлінбек. Сол сияқты Мәдениет үйлері мен жолдарды жөндеу жұмыстары бар.

Баяндамашы Бақытжан Қыпшақбайұлына еңбек ардагері Жамантай Жаңабаев ауданда балық өнімдерінің қымбаттығы, еңбек ардагері Маханбет Мұңалбаев, аудандық мәслихат депутаты Б.Раймұханов ауыз су, "Жайлы мектеп" құрылысы жайлы, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев ауданға жаңа техникалардың көптеп келіп жатқанына байланысты №16 колледжде тракторшылар курсын ашу, аудандағы 23 мектепте алғашқы әскери дайындық сабағын өтуге қажетті оқыту құралдарының жоқтығы, соған қаржы бөлу жайлы сұрақтарын қойып тиісінше жауаптарын алды.

Түркістан облыстық мәслихатында атқарылған және биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды тыңдаған Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қыстау Ілесов пен ардагер Таңсықбай Сахов облыстық мәслихаттың төрағасы Әбішев Нұралы Әлмаханұлының өткен жылдың мақта терімі науқаны кезінде шаруалармен кездесіп, мақта қабылдау пункттерін аралап, халықтың өтініштерін дер кезінде шешуге атсалысқандығын атап өтіп, алдағы жұмыстарында жетістіктер тіледі.

Өз кезегінде Нұралы Әлмаханұлы ауданда әлі де өз шешімін таппай жатқан мәселелерді қамтып, оларды шешуде аудандық депутаттардың кейбіреуінің нашар жұмыс жасап жатқанын атап өтті. «Депутаттар халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпір» болуы керек. Бірақ «Темір көпір де» бола алмай жүргендері бар. Біздің шешімдеріміз, мемлекеттік қолдаулар әлі халыққа жетпей жатыр. Көбісі жеңілдетілген жанар-жағар майды, тыңайтқышты, несиелерді қалай алу жолдарын білмейді. Соларға көмектесіп, түсіндірулері керек, оны түсіндіретін депутаттың өзі түсінбейді» деді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрмаханбет Нартайұлы қорытындылап, облыстық мәслихаттың төрағасы Әбішев Нұралы Әлмаханұлына халыққа қажетті мол ақпарат бергені үшін аудан халқы атынан ризашылығын білдірді.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda