1989 жылы 15 ақпанда мыңдаған жерлес бауырларымыз қаза тапқан, талай аналарды перзенттерінен айырған қасіретті де, қайғылы «Ауған соғысы» аяқталды. Жылдар өткенімен жауынгерлердің өшпес ерлігі мәңгі есімізде сақтаулы. Бүгінде сол кездегі интернационалдық борыштарын адал атқарған азаматтарымызды құрмет тұтамыз.
Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімшілігі, ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Сүлейменов Олжастың ұйымдастыруымен Қ.Тұрысбеков ауылдық Мәдениет үйінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Отқа оранған он жыл» атты ардагерлермен кездесу іс-шарасы өтті.
Кездесу кеші алдымен Ауған соғысы ардагерлерін салтанатты түрде күтіп алып, Ауған даласында ерлікпен қаза тапқан қарулас жолдастарын 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Шараға Шардара аудандық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Джумалиев Мырзахан, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Мырзахметов Сапарғали және Байбосынов Мұстафа, Оразбеков Қайрат, Жақсылықов Мырзагелді, Таджиев Назархан, Әшімов Мұхтар, Беласаров Амангелді, Әбдәзимов Сапархан, Әлжанбаев Махамбет, Шардара ауданы Ауған соғысы ардагерлерінің бірлестігінің жанынан ашылған әскери патриоттық орталық жетекшісі Шералиев Асқар қатысты.
Кездесу кешіне Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, аудандық Мәдениет сарайының басшысы Ағабек Дөңбаев, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі Алтынбеков Аманғани, Шардара ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы капитан Рысбек Нұрдаулет Жомартұлы сөз сөйлеп, Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері мәңгі ел есінде болатынын атап өтті.
– Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуымен ардагерлерді құттықтаймын. Ауған соғысына Түркістан облысынан 2269 жауынгер қатысса, Шардара ауданынан 108 азамат ауған жерінде әскери борыштарын өтеді. Бүгінгі таңда жас буынды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде сіздердің қосар үлестеріңіз зор болмақ - деді Бақытжан Таласов.
Іс-шара барысында Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің азаматы Ауған даласында қарулы қақтығыста ерлікпен қаза тапқан «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Оразбеков Мұхтар Жасұзақұлын еске алды.
Ауыл әкімі Алтынбеков Аманғани бірқатар Ауған соғысы ардагерлері Әбдәзимов Сапархан мен Әлжанбаев Махамбетті Алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ, Ауған соғысы ардагерлері атынан Джумалиев Мырзахан, ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Сүлейменов Олжас Сәрсенұлы, Қабылбеков Ержан Мукарамұлы, Сыздықов Сәбит Болатұлын өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде атқарған қызметтері үшін Алғыс хатпен, Мамыхов Динмухамет Базарбайұлын «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттады.
Кездесу кешінде күміс көмей, жез таңдай Ауыл әжелері әннен шашу шашты. Ш.Уәлиханов және А.Әлімбетов атындағы жалпы білім беретін мектептің ұстаздары Мамыхов Дінмұхамед, Оразымбетова Нұрсұлу, Сәбит Сыздықовтың оқушылары, іс-шараға белсене қатысты. Мың бұрала билеген, әсем әннен шашу шашқан, «Қанжардан құтқарған қазақ тілі» атты сахналық көрініс құрған оқушылардың өнеріне тәнті болдық. Кітапхана меңгерушісі Базарқұлова Салиха апайдың жасаған көрнекіліктері сахнаның сәнін келтірді. Мәдениет үйінің қызметкерлері Ержан Қабылбеков, Элвира Икрамбай, Морев Геннадийлер іс-шараның мазмұнды болып шығуына атсалысты.
Іс-шара соңында мектеп оқушылары ардагер аталарына сұрақтар қойды. Ардагер ағалар бастарынан өткен қиындықты еске алып, алдағы уақытта соғыс деген зұлматтың зардабын жас ұрпақтың тартпауын тіледі.
Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған сардарлар мен сарбаздар ерлігі қашанда ел есінде. Оларға көрсетілер құрмет те ерекше.