Аудан әкімі Арман Қарсыбаев тек қаланың тыныс-тіршілігімен ғана емес ауыл округтерінде де жиі болып, ондағы қордаланған мәселелерді шешу бағытында тиімді шешімдер қабылдауда. Айталық соңғы жылдарда жаз мезгілерінде ағын су мәселесінің көтеріліп жүргенін жақсы білеміз. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Қызылқұм мен Алатау батыр ауыл округтеріндегі ПУИД-2 бағдарламасы арқылы жүргізіліп жатқан ағын су каналдарын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама бойынша жөндеуге тиісті 211 шақырым каналдың 45 пайызы мен 404 шақырым қашыртқының 80 пайызының жұмысы атқарылған.
Аудан басшысы сапарында Ақшеңгелді ауыл округіндегі ұзындығы 47 шақырымды құрайтын 5, Достық ауылдық округіндегі ұзындығы 19 шақырымдық 3 жекеменшік каналдардың жай-күйімен де танысып, жекеменшік каналдарды өзара келісіммен немесе заң жүзінде мемлекет теңгеріміне өткізу мәселесін де талқылады.
Көксу және Қоссейіт ауыл округтерінде де қашыртқыларды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Көксуда 76,5, Қоссейітте 12,0 шақырым қашыртқы тазаланып, жұмыстар одан әрі жалғасуда.
Арман Романұлы қуаттылығы жылына қыстық киімнен 60 мың, арнайы жаздық киімнен 144 мың, аяқ киімнен 72 мың дана шығаратын Алатау батыр ауыл округіндегі «Шебер» тігін цехының, «Нұрсила» жиһаз шығару цехының жұмысымен танысты. Күріш өндірумен және өңдеумен айналысатын «Сая» фермерлік қожалығының жұмысымен танысып, кәсіпкерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды талқылады.
Қызылқұм ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеу бойынша жасалып жатқан жұмыстармен де танысты. Бұл бойынша сметалық құжаттар дайындалып, қаржыландыру үшін салалық басқармаға ұсынылған. Тиісті қаржы аударылып Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары биыл басталады деп күтілуде.
Сол сияқты аудан әкімдігінде өткен аппараттық лездемелік отырыста аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің 2023 жылғы атқарған, 2024 жылда атқаратын жұмыстары баяндалып, талқыланды. Онда ауыз су, ағын су, ауыл шарушылығының әлеуетін көтеру сөз болды. Сондай-ақ, Жаушықұм мен Төменгі тоғай елді мекендеріндегі газ мәселесі, Шардара қаласындағы кәріз жүйелері мен өзге де өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.
«Көктем есік қағып тұр, ол бізден жайбарақаттықты күтпейді» деген аудан басшысы ауданымыздың әр бағыт бойынша дамуы мен алға жылжуы тікелей өзімізге байланысты екендігін, әр салада сапалы жұмыс атқарып, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша нәтижелі іс атқарылуы керектігін айтты.