ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ АТАНДЫ
9.02.2024
Адам өмірінде белсенді болу өте маңызды. Спортпен айналысудың маңызы зор екендігін бәріміз білеміз. Спорт – біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі іспеттес. Тіпті спортқа қатысым жоқ дейтіндердің өзі басы ауырып, балтыры сыздағанда спортпен айналысу керектігін айтатынын жиі естиміз. Ауданымызда спортпен айналысатын жастардың көбейгені көңіл қуантады.
«Шартарап–Шарайна» ақпараттық-танымдық газеті спортшыларымызды өз өңірімізге, яғни аудан көлемінде танытудан тайған емес. Шардара әлемге «Шардара - Армспорт» спорт клубымен, түрлі деңгейдегі чемпиондарымен танымал. Газетіміздің бүгінгі санында жуырда ғана армрестлиг спортынан еліміздің атын бүкіл әлемге танытып келген жерлестерімізбен таныс боласыздар.

Қаңтар айының 31 күні мен ақпан айының 6 күні аралығында Норвегия елінің Лофтхус қаласында Армрестлингтен Әлем кубогы өтті. Аталған байрақты бәсекеге “Шардара Армспорт” құрамасынан ел намысын қорғаған Ибрагим Әділет, Тұрғанбек Тұрарбек, Басымбек Нұрболат, Полат Ермахан және Құттымұратов Медет сынды құрыш білекті спортшыларымыз және аға жаттықтырушы Малбасов Ғани аттанған болатын.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған құрыш білектілер сайысында жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. 65 келі салмақта Ибрагим Әділет, 70 келі салмақта Тұрғанбек Тұрарбек, 75 келі салмақта Басымбек Нұрболат, 85 келі салмақта Полат Ермахан қарсыластарынан басым түсті. Ал аса ауыр +110 келі салмақта Құттымұратов Медет қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Еліміздің көк Туын көкке көтеріп, Әнұранымызды Норвегия елінің төрінде шырқатты.

Құттымұратов Медет Құттымұратұлы Шардара қаласының тумасы. 1994 жылы 11 қаңтарда дүниеге келген. №1 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алып, 2011 жылы Шымкет қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Денешынықтыру және спорт» бөлімінде білім алып, қазіргі таңда «Шардара Армспорт» спорт клубында жаттықтырушы қызметінде.
Қол күрес спортымен мектеп қабырғасынан бастап айналысқан Медет Құттымұратұлы 2009 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпины, Азия кубогының чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегері. Әлем кубогының чемпионы, Әлемдік гранпри жарыстарының жеңімпазы атақтарына қол жеткізген. Қазіргі таңда бір шәкірті Хали Қасымжомарт жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы және Азия чемпионы атанды, Әлем чемпионатының жүлдегері, ҚР спорт шебері атанды.
– Спорт мені көп нәрсеге тәрбиеледі деп айтсам артық айтқандығым емес. Өйткені ұстазымыз Қарсыбаев Арман Романұлы бізге «Жақсы чемпион болудан бұрын, жақсы адам болу міндет» деп тәрбиеледі. Біздің спортта тәрбие – ең бірінші орында. Сонымен бірге спорт алға нақты мақсат қойып, соған жету жолында қанша қиындық кездессе де жетуге болатынын үйретті. Қиындық деп отырғаным, үздіксіз жаттығу, уақтылы ұйықтау, тамақтану, осының барлығын өз орнымен жасамаса жеңіске жету мүмкін емес – дейді жерлесіміз.
Басымбек Нұрболат Сапаралыұлы, Шардара қаласында 2005 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келген. №1 М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепке барып 2022 жылы жақсы деген бағамен бітіріп шығады. Ол Шымкент каласындағы Орталық Азия Инновациялық OAIU университетінің студенті.
Ол армрестлинг спортымен мектеп қабырғасында жүріп-ақ айналысып бастаған. Нұрболат Сапаралыұлы еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында 2016 жылдан бастап қазіргі таңға дейін көптеген жетістіктерге жетті. Нұрболат Қазақстан Республикасының, Азия , Әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері атанып үлгерді.
Тұрғанбек Тұрарбек Есембекұлы Шардара қаласында 2005 жылы 23 қазанда дүниеге келген. Ол орта мектепті қаламыздағы №1 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте оқыған. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы “Шымкент университетінің» студенті. Оның армрестлинг спортымен айналысқанына 5 жылдың жүзі болыпты. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионы, Әлем чемпионы және Әлем кубогының иегері атанды. Ол қол күрес спортына 8 сынып оқитын кезінде Заңғар атты досының айтуымен барған.

Шардара қаласының тумасы Полат Ермахан Жарылқасынұлы 2006 жылы 10 наурызда дүниеге келген. 9 сыныпқа дейін Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте оқып, 10-11 сыныптарды Шардара мектеп-лицейінде оқиды. Қазір Шымкент қаласындағы Орталық Азия Инновациялық OAIU университетінің студенті. Қол күрес спорт түрімен мектепте оқып жүрген кезінен айналысады. Ермахан Жарылқасынұлы Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия чемпионы, Әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері.

Ибрагим Әділет Айтжанұлы, 2007 жылы 14 сәуірде Шардара ауданы, Шардара қаласында дүниеге келген. Шардара қаласындағы №1 М. Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте 11 сынып оқушысы. Әкесі Айтжан Ибрагимұлы Бектұрсынов, жеке кәсіпкер болып жұмыс жасайды. Ал анасы Ұлбосын Асқарқызы Спанова мектепте мұғалім болып жұмыс атқарады. Әділет 2019 жылдан бастап армрестлинг спортына қызығушылық танытып, осы спортпен айналыса бастайды. Нәтижесінде 2023 жылы Біріккен Араб Әмірлігі Аджман қаласында қол күрестен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында Азия чемпионы, Алматы қаласында жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанады. Әділет Айтжанұлының арманы – Әлемнің 12 дүркін чемпионы атану.

Спортпен айналысу ешқашан кеш емес. Қазіргі таңда бала тәрбиесінде спортқа көңіл бөлу өте маңызды. Үйде телміріп телефон қарағанша, далада таза ауада жүгіріп, доп тепкенге не жетсін. Құрметті ата-ана, балаларымыздың болашағын бүгіннен бастап қолға алайық! Жоғарыда біз таныстырған спортшыларымыздың қатарынан сіздің де балаңыз да орын алып тұратын болса,ғажап емес пе?!
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda