Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке — отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі-өнегесі болса, оған қарап өсетін нысанасы отбасының береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелеудегі ролі зор.
Қоғамда әкелердің ролін жас өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Мәулен Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатта «Рухы биік әкелер – ұлт болашағын мәпелер!» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинарға келген қонақтар алдымен мектептегі жаңадан жасақталған «Әкелер мектебінің» бөлмесінде болып, ондағы жұмыстармен танысты. Сонан соң Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, «Аманат» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет, Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековтер бастаған қонақтар мектеп ғимаратының кіреберісіндегі қойылған Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлының кітаптары қойылған көрмемен,ондағы өмірдеректермен қысқаша танысып болған соң мектеп оқушыларының қолымен жасалған қолөнер бұйымдары көрмесін аралап көріп, оның жасалу жолдары мен пайдаланылуы жайлы ақпараттармен танысты.
Сол сияқты, мектептің спорт залында оқушылардың бос уақыттарында шұғылданатын қазақтың ұлттық ойындары – асық ату, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тарту жарыстары өткізілетін орындармен танысты. Ардагерлер асық атып, арқан тартып балалық балғын шақтарын естеріне түсірді.
Мектептің акт залында семинарды ашып, оның мәні мен мақсаты жөнінде таныстырып өткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков алғашқы сөз кезегін Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Таласов Бақытжан Амангелдіұлына берді.
– «Әкелер мектебінің» басты міндеті — өзіміз өмірге алып келген ұрпақтарымызға дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие беру. Олардың алға нық қадам басуын біз әрқашан назарымызда ұстауымыз керек. Көптеген жастарымыз әлеуметтік желіге көңіл бөліп кеткен. Үлкендер балалармен әңгімелесіп, пікір алмасуды мүлдем тоқтатып қойған. Соның әсерінен ауданымызда жастар арасында қылмыс төмендемей тұр.
– Өздеріңіз де бала болдыңыздар, біз де бала болдық, барлығымыз да әкенің тәрбиесін алдық. Әкеміз, болмаса анамыз бетімізге бір қарағанда, болмаса біздің ұстаздарымыз есік алдына шыққан кезде біз оларға көрінбеуге тырысатынбыз. Ал қазіргі балалар оларды сыйлаудан қалған.
Қазір балалар әлеуметтік желіден тәрбие алады, содан көргенін істейді. Біз бірлесіп осының бәрін тоқтатуымыз керек. Үйде балалармен аз уақыт болса да бірге болып, осы бағытта түсінік берсеңіздер екен, – деген Бақытжан Амангелдіұлы балалардың түнгі беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүруі, құжатсыз көлік басқаруы, электронды сигаретке еліктеуі жиі кездесетіндігін атап өтті.
«Аманат» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлы да семинар тақырыбының өзі бұл іс-шараның маңыздылығын айқындап тұрғанын, балаларға ұрпақтар сабақтастығын, отбасы құндылығын, Ұлы Абайды, Ыбырай Алтынсаринді, Бауыржан Момышұлын дәріптеп жатқанымыздың өзі жастар үшін үлкен мәнге ие екендігін айтып, бұл семинарды өзге мектептерде де ата-аналар мен оқушыларды қатыстыра отырып өткізу қажеттілігіне тоқталып өтті.
Сол сияқты семинарда Майқала шағын ауданы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мұсахан Мархабаев, аудандық білім бөлімінің бас маманы Нұрғали Әбілдаев, М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаты қамқоршылық кеңесінің төрайымы Әлия Зүлей, Аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы "Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ыбырайым, ардагер ұстаз Жаңылай Айдаровалар да жастар тәрбиесі жайлы өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
Келесі кезекте семинарға жиналғандар Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі бойынша отбасылық құндылықтарды анықтау мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында бір мезетте есеп шығарып, жұмбақ шешіп, мақал айтып, бой сергітті.
Мектептің «Жас талант» шығармашылық тобымен жұмыс жасайтын қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, ақын, сазгер, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Сламова Ажар Сапарғали қызының шәкірттері әке туралы жазған өлеңдерін оқып, мектептің жоғарғы сынып оқушылары «Менің әкем — жақсы адам» тақырыбында жазған эсселерін оқып, салған суреттері бойынша әңгімелеп берді. Мектеп ұстаздары мен көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері әке туралы әндер орындады.
Жиынды қорытындылаған Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков семинарды жоғарғы деңгейде ұйымдастырып, жастар тәрбиесіндегі олқылықтарды толтырудағы ата-ананың атқаратын ролі жөнінде ардагерлердің пікір алмасуларына мүмкіндік жасағаны үшін мектеп басшысы Баян Қанайбекованы Алғыс хатпен марапаттап, алдағы жұмыстарында мол жетістіктер тіледі.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағаты ол – әке.
Бала болашағына дұрыс жол салушы да ата мен ана. Тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, мақсатына жету, мәртебелі болу әрбір ата-ананың арманы. Сол арманға бірге жету баршаға нәсіп болсын!