Олжас Бектенов — Үкімет басшысы
9.02.2024
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың отставкасынан кейін бұл жолы таңдау бұған дейін беделіне кір келтірмеген Бектеновке түсті. «Аманаттың» ұсынысын Президент әуелі Парламенттегі фракция жетекшілерімен талқылап алды.
Онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
«Олжас Бектеновтің экономика саласында мол тәжірибесі бар. Ұйымдастыру қабілеті жоғары. Тәртіпті, еңбекқор азамат. Үкіметтің тиімді жұмысын қамтамасыз ете алады деп санаймын» деді.
Шағын құрамнан соң Президент мәжілістің жалпы отырысына қатысып, Олжас Бектеновтің кандидатурасын дауысқа салды. Ата заң бойынша Үкімет басшысын тағайындау үшін депутаттардың келісімі керек. Төрт партия қолдау білдіріп, екеуі қалыс қалды.

Депутаттардың 69-ы қолдап, 7-і қалыс қалды. Осылайша 43 жастағы Бектенов ел тарихындағы 12-Премьер-министр болып Үкімет тізгінін қолға алды. Ол өткен жылдың сәуірінен бері Президент әкімшілігін басқарған. Президент оған көп созбай, маңызды шешімдерді шұғыл қабылдау керектігін айтты.
«Алдымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни, экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті» деген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұрғандарын айтты.
Премьер-министр лауазымына кіріскен Олжас Бектеновтің орнына Айбек Дәдебаев Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Осы күні кешке қарай О.Бектенов басқаратын Министрлер кабинетінің құрамы да белгілі болды.

Премьер-министрдің, орынбасары, ұлттық экономика министрі 48 жастағы Нұрлан Байназаров, Қаржы министрі 46 жастағы Мәди Такиев, Төтенше жағдайлар министрі 40 жастағы Шыңғыс Әрінов, Денсаулық сақтау министрі 52 жастағы Ақмарал Әлназарова жаңадан тағайындалса, Мемлекет басшысының Жарлықтарымен келесі лауазым иелері бұрынғы орындарында қалды:
  • 37 жастағы Көлік министрі Марат ҚАРАБАЕВ;
  • 54 жастағы Туризм және спорт министрі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ;
  • 49 жастағы Мәдениет және ақпарат министрі Аида БАЛАЕВА;
  • 56 жастағы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан НҰРЖІГІТОВ;
  • 42 жастағы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕК;
  • 62 жастағы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ;
  • 54 жастағы Оқу-ағарту министрі Ғани БЕЙСЕМБАЕВ;
  • 40 жастағы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат МУСИН;
  • 57 жастағы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек САПАРОВ;
  • 53 жастағы Энергетика министрі Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ;
  • 46 жастағы Сауда және интеграция министрі Арман ШАҚҚАЛИЕВ;
  • 42 жастағы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат ШАРЛАПАЕВ;
  • 55 жастағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Светлана ЖАҚЫПОВА;
  • 44 жастағы Әділет министрі Азамат ЕСҚАРАЕВ.

Сондай-ақ, Конституция бойынша Президент өз бетімен тағайындайтын үш министр де орындарын сақтап қалды. Атап айтсақ:
Мұрат НҰРТІЛЕУ Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі лауазымына;
Ержан СӘДЕНОВ Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына;
Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ Қорғаныс министрі лауазымына қайта тағайындалды.
Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан басқа вице-премьерлер де қызметінде қалды.
Жаңа кабинеттің жасына келсек, ең жас министр Көлік министрі Марат Қарабаев болып тұр. Ал, ең егде жастағы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың зейнет жасына жетуіне бір жылдай ғана уақыт қалған.
Министрлер кабинетіндегі 21 министрдің үшеуі – әйел.
Made on
Tilda