Өмірінің 60 жылдан астамын Шардара өңірінде өткізіп...
9.02.2024
Өмірінің 60 жылдан астамын Шардара өңірінде өткізіп, ауданымыздың экономикалық дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан, жастарға рухани күш-қуат сыйлай білген, ауыл-аймақтың құрметіне бөленіп, мол абырой жинаған қазақстандық Жақсылық Орынбасаров ағамыз 88 жасында өмірден өтті.

Жастай еңбекке араласып, шаруашылықтың әр саласында сүбелі еңбек еткен ол көптеген ауыл азаматтарына өз іс-тәжірибесін үйретіп, еңбекке баулыды. Ұзақ жылдардағы еткен еңбегі республика көлемінде ескеріліп, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен бағаланды.

Көзі ашық, көкірегі ояу Жақаң қолына қағаз, қалам алып, шығармашылыққа да көңіл бөлді. Өзінің ой-талғамдарын өлең арқылы көпшілікке жеткізе білді. Шардаралық ақындардың топтама жинағы болып басылып шыққан «Ақ шағала жырлар», «Шежірелі өлке шайырлары» кітаптарына Жақсылық Орынбасаровтың да өлеңдері енді. Одан бөлек жергілікті, облыстық, республикалық мерзімдік басылымдарда өлеңдері жарияланып тұрды. Ауданымыздағы «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігінің» мүшесі болды.

Жақсылық Орынбасаров жұбайы Ұлғанаймен екеуі бақытты ғұмыр кешіп, 1 ұл мен 6 қызды тәрбиелеп өсіріп, ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөберенің ата-әжелері атанды.

Еңбек ардагері, өшпес өлеңдердің иесі Жақсылық Орынбасаровтың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүректерінде ұзақ уақыт сақталатын болады.
Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз серік болсын!
«Шартарап–Шарайна»–ақпарат
Made on
Tilda