Қазіргі таңда жастар арасында ислам дініне қызығушылардың саны артты. Әлеуметтік желіде діни видеороликтер көбейді. Бұл – жастардың рухани ізденісі. Дегенмен, оларды жат ағымнан сақтау жұмыстары қалай жүргізілуде? Ауданымыздағы діни ахуал қалай? Бұл туралы аудандық «Орталық мешіттің» бас имамы Асанав Марат Рахметуллаұлымен сұхбаттастық.
– Сәлеметсіз бе, Марат Рахметуллаұлы?! Әңгімемізді аудан жастарының дінге бет бұрысы қалай, осы сұрақтан бастасақ.
– Қазақ халқы мұсылман халықпыз ғой. Ата-бабаларымыз салт-дәстүрімізде ата-ананы құрметтеу, біреудің ақысын жемеу, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, ұятты біліп өсуге тәрбиелеген. Дін мен дәстүр бір-бірімен тығыз байланысты. Қазір адамдар намаз оқығанды «молда» деп жатады. Намаз оқығанның бәрі молда бола бермейді. Алдымен адам «діни білім алғым келе ме, әлде діни мамандықты меңгергісі келе ме?» деп, мақсатын айқындап алғаны дұрыс. Егер діни білім алғысы келсе, мешіттегі сауат ашу курсына тегін қатыса алады. Ұстаздар әртүрлі пәндер бойынша дәріс өткізіп, аят, хадистердің мағынасын түсіндіріп, Құран оқуға үйретеді. Ал, болашақта сол салада қызмет етемін десе, арнайы оқу орнында білім алуы қажет. Діннен хабары бар адам, қай жерде жүрсе де адамның, мемлекеттің ақысын жемейді. Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса дәрігерге барасыз ғой, сол сияқты діннен дәріс алғыңыз келсе, мешітке барыңыз. Әр сала мамандары өз жұмыстарын біліп, өздеріне тиісті маманды насихаттауы керек. Әлеуметтік желіде жарияланған видероликтерді қарап, діни сауатым бар деп айту қате. Арнайы Қазақстан Республикасының Мұсылмандар Діни Басқармасының рұқсат етілген сайттарынан қараған дұрыс.
– Қазір жастардың көбі дін жолындағы замандастарына еліктеп, намаз бастайды. Бірақ намаз оқығаны бірнеше айға ғана созылады. Мұндай жағдай болмау үшін не істеу керек?
– Жастарымыздың намазы қабыл болсын, оразасы қабыл болсын, иншалла! Бала балиғат жасқа толғаннан кейін намаз, ораза парыз болады. Содан көптеген жаманшылықтан аулақ болады. Темекі, арақ, трамадол деген сияқты қазір зиянды заттар көп шығып кетті ғой. Намаз – осы зиянды заттардан тияды. Ал намаз бастап, оны тастап кеткен адамдарды байқамадым. Туыстары, ата-аналары қарсы болады. Сол кезде аз уақыт оқымай, кейін қайта бастап жатады.
– Жас қыз-келіншектердің соңғы уақытта орамал тағып, хиджаб киюі сәнге айналып бара жатқандай. Хиджабтардың көбі көзге тартымды, әдемі. Бұлай киіну дінге сай келе ме?
– Балиғат жасқа толғаннан кейін қыз балалар әурет жерлерін жауып жүруі керек. Орамал тағып, жүзін ғана ашып жүргені дұрыс. Ал көзін ғана көрсетіп, қара жамылу ол дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізді қарасаңыз, үлкен әжелеріміз кимешек киіп, тұрмыстағы келіншектер орамал таққан.
– Жастардың басқа ағымда екенін қалай білуге болады? Ауданымызда жат ағымда жүрген жандармен қалай жұмыс жасайсыздар?
– Жастар деп айтуға болмайды. Қазір Аллаға шүкір, жастар сауатты, жастарымыз спортпен, шығармашылықпен айналысады. Басқа ағымда жүрген жандар көбіне орта жастан асқан жандар. Олар салт-дәстүрді мойындамайды. Келінге сәлем салдырмайды, бет сипамайды, әйелдер болса қара жамылып жүрсе, ер кісілер балақтарын қысқартып тастайды. Арабтарға еліктейді. Өзіміздің салт-дәстүрімізді ұстанбай, арабтардың салт-дәстүрін ұстанатындар бар. Жат ағымда жүргендермен ауданымызда 26 имам бірлесіп жұмыстар атқарады. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөліміндегі теолог мамандармен бірлесе отырып, адам көп шоғырланатын жерлерде, мекемелерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Ризабек Батталұлы, Қабылбек Əліпбайұлы, Абдулаһат Сманов, Арыстан Оспанов, Жарқын Мырзатай, Арман Қуанышбаев, Талғат Бақытұлы, Бақытжан Қожаханов, Дінмұхаммед Сманов сынды имамдар келіп, уағыз айтты.
– Мұсылман күнтізбесі бойынша 11 ақпанда Шағбан, 11 наурызда Рамазан айы кіреді. Рамазанға қалай дайындалған дұрыс?
– Рамазан – Алланың рақымы жауатын, берекелі ай екені рас. Дегенмен дайындық та аса маңызды. Ораза араб тіліндегі «ас-соум» деген сөзден шыққан. «Ас-соум» деген сөздің мағынасы «өзін-өзі тоқтату, тартыну, тыйылу» деген ұғымдарды білдіреді. Демек ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, ауыз бекітуге қабілетті мұсылман баласы қасиетті Рамазан айы келгенде Аллаға шынайы құлшылық ету ниетімен таң атқаннан күн батқанға дейін ас-судың барлық түрінен, сонымен қатар жыныстық құмарлықтан өзін шектейді, тыяды. Шағбанды ораза айы деп те атаймыз. Бұл айда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көбірек ораза ұстайтын болған. Сондықтан, барша мұсылман Рамазанның келе жатқанын сезініп, қарсы алуға рухани тұрғыда дайындалып, иммунитетін де жақсартуы керек. Қаза оразаларын толықтырып, аптасына бір рет болса да ораза ұстап, ағзаны ашығуға дайындауы керек.
– Балалардың ораза ұстағаны дұрыс па? Жалпы қай жастан бастап ораза ұстау парыз етілген?
Балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Бұл Алла Тағаланың әмірі. Жас балаларға ораза ұстау парыз емес. Бірақ зиян келтірмейтіндей түрде балаларды бірте-бірте оразаға үйреткен абзал.
Әйелдер етеккір кезінде және нифастағы (босанған) әйел осы күндері біткенше ораза ұстамайды, намаз оқымайды. Бұл жағдайлар біткеннен кейін ұстай алмаған оразаның қарызын ұстайды. Яғни, қанша күн ұстамаса, сонша күн қазасын ұстайды. Бірақ намаздардың қазасын оқымайды.
– Рамазан айына қатысты дінде қандай тыйымдар бар?
– Ораза кезінде күндіз тамақтанып, су ішуге, шылым шегуге тыйым салынады. Ауыз берік кезде жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Әдейі құсуға болмайды. Тіс пастасын жұтуға болмайды; Ауыз арқылы дәрі жұтуға болмайды. Ауыз немесе тоқ ішек арқылы медициналық құрылғыларды денеге кіргізуге тыйым салынады.
– Ораза ұстаудың ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз.
– Оразаның негізгі мәні – Алланың тыйған ісінен тыйылу. Осы ретте оразаның мұсылман баласының тәні мен жанына, рухани өміріне әсер ететін пайдасына тоқталып өтсем. Адам баласы ауыз бекіту арқылы Аллаға бойсұнуды үйренеді. Оразаның хикметі сондай, ол мұсылманның тұлабойына тақуалықтың алтын дәнін егеді. Ауыз бекіткен жан Рамазан айында Алланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан аулақ жүреді.
Ораза – мұсылманға көркем мінезді үйрететін тәрбие мектебі. Оразаның көмегімен адам баласы бойындағы жағымсыз сипаттардан арылады. Рамазан мұсылманды әдепсіз әрекеттен, бос сөзден, жаман нәрсені көрмеуден, жаман нәрсені тыңдамаудан сақтайды.
Ораза адамның зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Шын мәнінде адам асқазаны толы болғанда ұйқы қысады. Ал ұйқы адамды көп нәрседен мақұрым етеді. Адам қарны тоқ кезінде қабілеті де төмендейді екен. Аш құрсақ кезде адам миының белсенділігі артып, ақпаратты қабылдау деңгейі жақсарады. Ораза адамның уақытын жүйелеуді үйретеді. Ауыз бекіткен пенде жүйелілік пен тәртіпті қатаң ұстанады. Сәрісін уақытында ішу, уақытында ауыз ашу, уақыты келгенде намаз оқу, тағы басқа амалдар жүйелілікке тәрбиелейді. Тіпті оразада әрбір сәт маңызды. Сол сәтті құлшылыққа арнаған абзал.
Рамазанда мұсылмандар бір дене тәрізді екенін сезінеді. Өйткені жылына бір рет келетін Рамазан айында әлемнің әр түкпірінде тұратын мұсылмандар ауыз бекітіп, Аллаға құлшылық етіп, мүмкіндігінше бір-біріне көмектеседі, кем дегенде дұғасына қосып, Жаратқаннан бауыры үшін жарылқау тілейді. Ардақты Алла Тағала баршамызға Рамазан оразасын толық ұстауды, оның сауабын толық алуды нәсіп еткей! Әмин!
–Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!