«Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында осында қызмет алушы зейнеткер аналардың рухани байлығын арттыру, ой өрістерін, іскерлігін, шеберлігін қалыптастырып, ұқыптылыққа баулу, қазақ халқының қол өнері мен тігін бұйымдарын қазіргі өмір салтымен тығыз байланыстыру мақсатында «Ең дана, ең шебер ...» топтық аналар сайысы өтті. Оның ашылу салтанатында «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры, қажы Қабылов Жұмабек Наржанұлы сөз алып, сайысқа қатысушы топтарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар жеңімпаз топқа ерекше сияпат жасалынғалы тұрғанын атап өтті.
Топтық сайыс басталар алдында орталық басшысы осында қызмет алушы Қаржау Нұралиевке қажылыққа сертификат табыстап:
– Қажылық – Алла тағаланың адам баласына беретін үлкен сыйы, ал қажылар – Жаратушы Иеміздің құрметті қонақтары. Кез келген дәулетті адам «Мен қажылыққа барамын» деп толықтай сенімді бола алмайды, ал жағдайы төмен адам да үмітсіздікке салынбауы тиіс. Өйткені, Алла қажылықты адамдарға бай- кедейіне қарамастан сүйген пендесіне өзі нәсіп етеді, бастысы-ниеттің адал болуы.
– Мен өз отбасымның есебінен қаржы салып Нұралиев Қаржау ағамызды Мұхаммед Пайғамбарымыздың жүрген жері Мекке мен Мадинеге жіберіп жатырмын. Алдағы 20 наурызда келетін туылған күні мен Рамазан айы алдындағы қажылық сапары қабыл болсын! Алла қолдап бүгін жолға шығатын Қаржау ағамыз жұма күні Меккедегі жұма намазына қатысады.
Осындай күн баршаңызға нәсіп болсын, – деді.
Жұмабек Наржанұлы қажылық сапарға 2014 жылы жұбайы Болсынаймен бірге ниет етіп барып, өтеп қайтқан. Өткен жылы қызы Зульфия да қажылық сапарда болған.
Өткен оразадағы «Ауыз ашарда» Жұмабек Наржанұлы биылғы жылы бір адамды қажылыққа жіберуді өзіне ниет еткен еді.
Ол сертификат орталыққа келушілер арасында таңдау жасалу арқылы көп дауыс алған Қаржау Нұралиевке нәсіп етті.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ізтілеу Алтынбек те өз сөзінде сайысқа қатысушы топтарға сәттілік тілеп, қажылық парызын өтеу мүмкіндігіне ие болған Қаржау Нұралиевке «Қасиетті Мекке топырағында жүргенде ең алдымен еліміздің амандығы мен халқымыздың бірлігін тілейсіз деп ойлаймын. Ниетіңіз қабыл болсын!» деді.
«Ең дана, ең шебер...» топтың сайысына «Ақ әжелер», «Тұмар» және «Ақниет» топтары қатысып, «Таныстыру», «Біз өнерліміз», «Шеберліктерін сынау», «Жасырын сұрақтар» және ұмытылып бара жатқан ерекше салт-дәстүр «Бала асырап алу салт-дәстүрі» бойынша өз шеберліктерін байқатты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ізтілеу Алтынбек, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гаухар Шәмеева, аудандық «Саз» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Әбдиева және Шардара ауданына өз шеберлігімен танымал болған жеке кәсіпкер Ақмарал Дауылбаеваның қазылық етуімен Тілегенова Қалдан басқарған «Ақ әжелер» тобы бірінші, Ағманова Болсынай жетекшілік еткен «Тұмар» тобы екінші, Көбекбаева Сәуле жетекшілік еткен «Ақниет» тобы үшінші орынды иеленді. Бірінші орын алған «Ақ әжелер» тобының ұжымына орталық басшысы Жұмабек Наржанұлының жеке қолдауымен көрші Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласына сапарлайтын сертификат табысталды.
Сайыс барысында орталық қызметкері Камал Әлия «Бағым сен едің», «Саз» мектебінің қызметкері Ақтолқын Әбдиева «Мама» әндерін орындады.