ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Қызылқұмдық әжелердің істері жастарға өнеге

Мәдениет
Қазіргі таңда ата-ананың, қоғамның басты байлықтарының бірі болып саналатын ұрпақтың тәрбиесі басты мәселе болып тұрғаны барша жұртқа мәлім. Бала бір мезгіл мектеп бақылауында болғанымен одан кейінгі уақыттарда немен айналысатыны, кімдермен араласатыны, немесе әлеуметтік желіде нені көретіні күндіз жұмыста болатын ата-аналарының назарынан тыс қалып жатады. Осындайда «Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» деген қағиданы ұстанып, бала тәрбиесіне өзіндік үлестерін қосып, немересін бауырына басып өсірген ата-әжелердің де еңбектерінің зая кетпегендігін, небір тарихи тұлғалар өсіп шыққанын тарихтан жақсы білеміз.
Бала тәрбиесі жайлы Қызылқұм ауылындағы аналар кеңесін он жыл көлемінде басқарып келе жатқан Анаркүл Ысқақова да «Бала тәрбиесін буыны қатпаған балабақша мен мектептегі кезінен бастап қолға алып, қазақы құндылықтарымызды бойларына сіңіріп өсіруіміз керек» дейді. Сондықтан да өткізетін іс-шараларын Айнұр Көкишева басқаратын «Алтын білім» балалар бақшасымен, мектеппен байланыстыра өткізеді. Сонымен қатар ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Марат Бегалиевпен бірлесіп, жас аналармен де бала тәрбиесі жөнінде сыр-сұхбаттар жүргізеді. Өткізген «Қызға қырық үйден тыю», «Қыз еркем – мінезімен көркем» деген іс-шаралар соның бір айғағы.
– Балаға, жастарға бос уақыттарында пайдалы жұмыс істеуді үйретуіміз керек. Қолы бос бала әртүрлі қажетсіз, пайдасыз істерді жасауға, қабылдауға бейім болып тұрады. Өзінің бойына қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сіңіріп, ата-әженің тәрбиесін алған жастардың болашағынан көп үміт күтуге болады дейді, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Анаркүл Оразбайқызы.
Анаркүл бала тәрбиесіне олар болашақ ата-ана деп қарап, ауылда пошта-байланыс бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезінің өзінде түрлі тәрбиелік шараларға атсалысып келген болса, қазір төрайым ретінде жұмысын жылдан жылға жандандырып келеді.
Ауылдағы өзі қатарлы әжелердің басын қосып, «Наурыз», «Республика күні» мерекелеріне орай түрлі жастарға тәлім-тәрбиесі мол іс-шаралар өткізеді.
Желтоқсан оқиғасына орай мектепте «Аналар мектебі» мүшелерімен бірлесіп өткізген іс-шарада барлық сыныптарда дерлік оқушылар форма киіп, оқиғаға қатысушылардың образдарын сомдап, көріністерін көрсетіп, Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімдерін байқатты. Салт-дәстүрді жаңғырту бойынша атқарған жұмыстары еленіп, өткен жылы суреттерінен арнайы бильборд жасалып, ауылдың көрнекті жеріне ілінді. Аналар кеңесінің мүшелерін айғақтайтын арнайы «Шапан» тігіліп, атқарған жұмыстары елге үлгі болып балабақша мен мектепке жиі шақырылатын болды.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Анаркүл Ысқақова, кәсіпкер Қымбат Дәуренбекова, «Алтын алқа» иегері Ұлжалғас Бижанова мен ардагер ұстаз Анапия Маханбетованы Алғыс хатпен марапаттады. Ақбала Сарыбасова, Толғанай Ақжігітова, Назым Бегалиева, Зульфия Момбекова, Пернеш Сейілова, Ділдә Пусурманова, Шолпан Исимова, Күміс Акбердиева, Құттықыз Тұрабаева, Тасбике Қосақова, Ғалия Пернеханова мен Қадиша Қараевалардың жастар тәрбиесін жандандырудағы еңбектері ерекше аталып өтті. Ауылдық мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары аяқталса аналар кеңесіне ол жерден арнайы бөлме беріліп, жұмыс мұнан да жандана түспек.
Қазіргі таңда аналар кеңесінің ұжымы Анаркүл Оразбайқызының басшылығымен Қызылқұм ауылының 50 жылдық мерекесіне орай өткізетін үлкен іс-шара жоспарын жасауда.
Істеріңізде әрқашан сәттілік болсын, ардақты аналар!
Гүлжан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda