ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Отбасымыздың беріктігіне – қоғам үшін бір адам болып күресуіміз себепші»

Мәдениет
Жыл сайын 15 мамырда бүкіл әлемде отбасы күні тойланады. «Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады». Осы халық мақалы арқылы бүгінгі әңгімемізді бастағымыз келеді. Отбасы, адалдық және махаббат – әр адамның өміріндегі ең маңызды құндылықтар. Адамның өмір жолы отбасынан басталады: туылу, тәрбиелеу, құндылық бағдарлары мен көзқарастарын қалыптастыру, дәстүрлерді беру, рухани-адамгершілік даму.
Осыған орай, «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында отбасының рөлі мен отбасына деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен аудан жастары мен колледж студенттері «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында Ілесов Қыстау Інайұлы мен Айдарова Жаңылай апамыздың шаңырағында қонақта болып, келісті кездесу өткізді.
Кездесуде «Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Себебі отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Тек отбасы бізге күш пен өзімізге деген сенімділік береді, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, адамгершілік құндылыққа баулиды. Тұлға болып қалыптасу көбінде тәрбиеленген ортаға, адамдарға, олардың арақатынасына тәуелді болады» дейді Қыстау ағамыз жастарға аталық ақылын айтып.
Жанұя мүшелерінің бір-біріне сыйластығы, ізгі махаббаты кейінгі жастарға үлгі боларлықтай, бақытты отбасылардың бірі, Шардара ауданының тұрғындары, ардагер,ұлағатты жандар – Ілесовтер әулеті. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», –демекші, бұл отбасының мүшелері бір-біріне құрметпен қарап, кішкентай балапандарының бойына эмоционалды әрі рухани құндылықтарды сіңіріп өсіріп, бүгінде қанаттарын кеңінен жайып, елдің абыройлы азамат пен азаматшалары болып отырған жайы бар. Әулеттің абызы Қыстау ақсақал аудандық Қоғамдық келісім және Шардара қалалық қоғамдастығының төрағасы, зайыбы Жаңылай елге сыйлы аналардың бірі. Екеуі бір институтта бірге оқып, бірге білім алып, шаңырақ құрған. Отбасында 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеген.
Бүгінде Қыстау Інайұлы мен ұлағатты ұстаз Жаңылай апайдың отау құрғандарына 53 жыл толып отыр. Сондай-ақ, 15 шақты немере, екі шөбере сүйіп отырған берекелі жанұямен дидарласу — Отбасы күніне орай тұспа -тұс келді, -дейді жастар.
Сұқбаттасу барысында, Қыстау аға мен Жаңылай апа жастардың қойған сұрақтарына тұщымды жауап беріп, отбасы құндылықтары, жас отбасыларға кеңес, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы айтып, рухани азық алуға сеп болды.
Әрқашан отбасымыз аман, босағамыз берік болғай!
Бота Болатова
Made on
Tilda