ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Он саусағынан өнер тамған

Мәдениет Әлеумет
Еліміз егемендік алған жылдардан бері қарай жоғалып бара жатқан дінімізбен қатар салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз қайта жаңғырып, өмірімізде мықтап орын ала бастады. Сол сияқты сыртқы келбетіміз де қазақшаланып, той-жиындарда ер азаматтар шапан, әйелдер қазақы қамзол мен киім, кимешек киетін болды. Жылына бір келетін Наурыз мерекесі мен Ораза, Құрбан айт сияқты өзге де мерекелерде қазақы киім кию дәстүрімізге еніп келеді. Өткенде ауданымызда Республикалық «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі филиалының ашылу салтанатына аналарымыздың кимешекпен, ер азаматтардың қазақы киіммен келгендігі қазақ құндылықтарының жойылмағандығын көрсетті. Аудандық ардагерлер кеңесінде өтетін жиындарға да алдағы кезде ардагерлер қазақы киіммен келмекші.
Әрине, мұндай дәстүр-салтымыздың жандануына ауданымыздағы қолөнер шеберлері де атсалысуда. Айталық, ұзақ жылдардан бері ерлер мен әйелдер киімін тігетін шебер Ақмарал Дауылбаеваның қолымен тігілген киімдерді киген аудандық мәдениет сарайының әншілері мен «Ақ әжелер» халық ансамблінің мүшелері тек өнерлерімен ғана емес киім үлгісінің ерекшелігімен де талай байқауларда топ жарып жүр. Ақмаралдың бүгінде жеке тігін цехы бар. Олардың қатары жыл санап қалада, әр ауылда артып келеді. Биылдың өзінде сол жағалауда мемлекеттен қайтарымсыз грант алып Қамысбаева Гүлшат пен Қожамқұлова Меруерт қыз жасауы мен қолөнер бұйымдарын жасап, саудаға шығарды. Олардың қатарында қазақы қол өнер бұйымдарымыз бен киімдерімізді заман ағымына ыңғайластырып жасап, көпшілікке ұсынып жүрген «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының еңбек терапия инспекторы, қолөнер маманы Сайдакбарова Наргиза Хабибуллақызы да бар.
Сайдакбарова Наргиза көрші Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында дүниеге келген. Әкесі Хабибулла дәрігер-фармацевтик маманы, дәріханада жұмыс істеген. Інісі Нығматулла да дәрігер-ренгенолог, ал екінші інісі Каримулла аудандық білім бөлімін басқарған. Соған қарамастан олар малдың терісін илеп, тон, қалпақ тігіп тігіншілікпен айналысса, әжесі бұйымдарды алтын, күміспен қаптап тіккен.
Наргиза да тігіс тігетін әжесінің қасында жүріп, қолөнер бұйымдарын жасауды қалаған. Осы мақсатта №56 А.С.Пушкин атындағы орта мектепті бітірген соң Аймақтық офицерлер үйі орталығында төрт жыл оқып, модельер-конструктор мамандығын қызыл дипломмен бітіреді. Оқу барысының өзінде қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып, дизайндық топтамалары Ташкентте, тіпті шет елдерде көрсетіле бастайды. Дипломын алған соң Ташкент қаласындағы Оңтүстік Кореяның «DONQSAN» тігін фабрикасында тігінші болып жұмыс істейді.
2000 жылы отбасылық жағдайымен Шардара қаласына ауысады. Балалы-шағалы болуына байланысты тігіс тігуді үйде жалғастыруына тура келеді. Тапсырыстар бойынша неше түрлі қазақы нақыштағы ою-өрнекпен бұйымдар жасайды. 2011 жылдан бастап қолөнер шебері, жеке тігін цехы бар Ақмарал Дауылбаевамен бірлесіп жұмыс жасап он бір жыл көлемінде одан көп нәрсені үйренеді.
Ақмарал өз ісінің шебер маманы болғандықтан оның киім тігу цехында қаладағы колледжде оқитын студенттер іс-тәжірибесін өткізіп, кейбірі екі-үш жыл жұмыс жасап, кейін өздері кәсібін ашып жатады.
Наргиза тігіншілікті нағыз шебер болып меңгерген кезінде қалада 2022 жылы «ҚАСИЕТ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылып, сұраныс болып сол жерге еңбек терапиясы инспекторы – қолөнер маманы болып жұмысқа орналасады. Орталыққа келіп демалушы аналарға қажетті үлгіде киім тігіп, сонымен қатар оларға қолөнердің бірнеше түрін үйретеді. Қазір орталыққа келетін аналардың ішінен 25-тен аса әжелер тұрақты түрде қолөнерді меңгеріп, Наргизамен бірге жұмыс жасайды. Жасаған бұйымдарын аудандық, облыстық, республикалық іс-шарада көрме арқылы көрсетіп, халыққа қолөнерімізді дәріптеп, өздері де үнемі қазақы киіммен, екше киіп жүруді дағдыларына айналдырған.
Наргиза орталыққа келушілермен бірге ұмыт болып бара жатқан қолөнер бұйымдарын – құрақ құрау, тоқыма тоқу, киіз басу, алаша тоқу, қоржын сияқты түрлі бұйымдарды заман талабына сай жасап, шығаруда. Орталық қызметкерлеріне, «Қазына» ансамблінің мүшелеріне бір үлгіде киім тігілген. Орталықта түрлі деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылып, қолөнерімізді дәріптейтін іс-шаралар жоспарлы түрде өткізіледі.
Наргиза «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келе салысымен аналарды ұйымдастырып бір ай көлемінде «Шебердің қолы ортақ» атты сайыс өткізді. Бұл орталыққа келуші аналардың қызығушылықтарын арттырды. Күнімхан Дошимова, Болсынай Ағманова, Сәуле Көбекбаева, Қалдан Тілегеновалар үнемі қасында болып, қандай іс-шара болса да қызу атсалысады. Өткен жылы «Сән әлемі» қазақы ұлттық киімдер коллекциясын жасап, «Наурыз» мерекесінде көпшілікке таныстырды. Одан әрі бұл көрме «Өнерлі өлке» тақырыбында Түркістан қаласында өткен Шардара ауданының мәдени күндерінің көрмесіне қатысып, жоғары бағасын алды. Кейіннен Отырар ауданында да таныстырылымы жасалды.
Биылғы жылы да «Ақ кимешек киген ақ әжем» тақырыбындағы коллекциясы «Наурыз» мерекесінде көрсетіліп, жоғары баға алып, Түркістанда өткен облыстық «Өнерлі өлке», «Агрофест – 2024» іс-шарасында да шардаралықтардың мерейін үстем етті. Шардара қаласында өткен «Әже – ұлт ұйытқысы» форумында ұлттық киімдер дэфилесін көрсетіп, көпшіліктің құрметіне бөленді.
«Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» фестиваліне, «Әже – ұлт ұстыны» форумына қатысып, мерейі үстем болып, ұлттық қолөнерді «Жастар слетінде» насихаттады.
– Әр адамның өзінің бір арқа сүйейтін, мақтаныш ететін адамы болады. Менде ол – Ақмарал әпкем. Мен ол кісіден он жылдан астам тігіншіліктің қыр-сырын меңгердім. «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жұмысқа ауысқанымда да маған қолдау көрсетіп, демеушілік жасап, әр ісіме баға беріп отырған сол кісі болды. Менің әр жетістігіме алғаш қуанатын Ақмарал әпкем деп білемін. Сондықтан да қандай тігіс тіксем үнемі ақылдасып отырамын. Ол кісіге алғысым шексіз, – дейді Наргиза Хабибуллақызы.
Наргизаның шебер қолынан шыққан киім үлгілеріне шет елдіктердің де көріп, тамсанғаны бар. Биылғы жылдың ақпан айында өткізген «Ең дана – ең шебер» әжелер байқауының жеңімпаздары орталықтың сол кездегі басшысы Жұмабек Қабыловтың демеушілігімен Өзбекстанның Ташкент қаласына сапарлап барған. Сол кезде орталықтан барған әжелердің киген киімдері мен салған әндеріне жергілікті тұрғындардың тамсанып, қызығушылық танытқаны бар. Тек қана ташкенттіктер емес, ол елге демалуға келген туристер де таңданып, бірге суретке түскен.
Ал, жақында орталықтың әжелері Алматыға барып «КТК» телеарнасының «Кел, шырқайық!» бағдарламасына қатысып, Орал, Семей, Шардара өңірлері арасында Бас жүлдеге ие болып қайтты. Міне, бұл жұмыстарда да Наргизаның ұйымдастырушылық еңбегі зор. Осындай жетістіктері үшін «Алтын жүрек» медалімен, аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының, облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Наргиза отбасында да бақытты жан. Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы Шардара құтқару бөлімшесінің басшысы қызметін атқаратын өмір жолдасы Қамбаров Мұрат Мамырұлымен бірге бір ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірді. Баласы Ердәулет қазір Түркияда экономист мамандығының 3-курсында оқыса, қызы Назым 8-сынып оқушысы.
Бойындағы бір күш-жігерін қазақ қолөнеріне, қазақы салт-дәстүрімізге арнап, жойылып бара жатқан бұйымдарымызды жаңғыртып, жаңа үлгіде халыққа ұсынып жүрген Наргиза Хабибуллақызына алдағы уақытта мол жетістіктер тілеп, қолыңыз дерт көрмесін дейміз.

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ


Made on
Tilda