ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«МӨЛДІР-ҮМІТ» ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Мәдениет
Жуырда аудандық Мәдениет сарайында дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау өнерін дамыту, жас талант иелерін анықтау мақсатында «Мөлдір-Үміт» облыстық балаларға арналған ән байқауы өтті.
Аудандық мәдениет сарайында өткен ән додасы жерлесіміз, талантты жас әнші Мөлдір Жоламанованы еске алуға арналған.
Мөлдір Жоламанова 1992 жылы Шардара қаласында дүниеге келіп, Ж.Жабаев атындағы жалпы білім беретін мектепте білім алған. Мектепте озат, ізденімпаз, алғыр оқушы болған ол ән айтып, өлең шығарып, тумысынан талантты, өмірге деген көз-қарасы ерекше, әлемі бөлек қыз еді. Кенеттен дәм-тұзы таусылып,12 жасында өмірден кете барды.
Ән байқауында алдымен ән мен биден шашу шашқан «Ақ әжелер» халық ансамблі мен Түркістан қаласының «Тик-так» би тобы өнер көрсетті. Жамбыл Жабаев атындағы бастауыш мектеп оқушылары Мөлдірдің өлеңдерін оқыды.
Құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров әнші-композитор Құралай Сәтмұхамбетова мен «Мөлдір-Үміт» атты балалар байқауының құрылтайшысы және жоба авторы Үміткүл Дәуленоваға аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.
Байқауға облысымыздың аудан-қалаларынан 17 жеке ән орындаушы, 5 оқушыдан құралған әншілер тобы мен 2 дуэт қатысып бақ сынасты. Олардан бөлек, Шымкент қаласының «Өнер» мектебінен 16 оқушыдан құралған балалар хоры, Түркістан қаласынан 14 оқушыдан, Шардара қаласынан 8 оқушыдан құралған би ұжымдары қонақ ретінде өнер көрсетті.
Әділ қазылардың шешімімен Сайрам ауданының үміткері Нұрбек Нұрғали Бас жүлде иегері атанды. Шардара ауданының өнерпазы Ақылжан Алмасұлына І орын, жетісайлық «Жұлдыздар» тобы мен төлебилік Мейірхан Рахымға ІІ орын, ал Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» өнер мектебінің «Бес жұлдыз» тобы мен Шардара ауданынан Барат Әлиге ІІІ орын бұйырды. Сонымен қатар «Ең жас әнші» номинациясымен Шымкент қаласының «Дара» өнер мектебінен келген Мерей Еркінбай, «Күміс көмей әнші» номинациясымен Ордабасы ауданынан келген Кәусар Әлайдар, «Көрермендер көзайымы» номинациясымен Түркістан қаласынан қатысқан Сезім Мұхтар марапатталды. Қатысушыларға арнайы Дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттар табысталды.
– Алланың қалауымен байқау тамаша өтті. Күндердің сұлтаны Жұма күнге ұйымдастырылған бұл іс-шара, менің Мөлдірімді еске алып, бүлдіршіндерге ас беріп, конкурс жасап, номинация арнау – менің бір Арманым еді! Шардара қаласының Шардара ауданы Әкімдігі мен Шардара аудандық Мәдениет сарайының қолдауына көп алғыс айтамын!–дей келе, Үміткүл Дәуленова барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Арнайы авторлық құқығы патенттеліп үлгерген аталмыш байқаудың келесі жылдары ауқымы кеңейіп, Республикалық дәрежеге көтерілмек жоспарда бар. Бас құрылтайшысы – бұл күнде Испания тұрғыны, қазақтың төл өнерін, салт-дәстүрі мен ана тілін шет елдерде насихаттап, дәріптеп жүрген шардаралық ұлтжанды, еңбекқор жан. Үміт ханым аталмыш іс-шараны өз қаржысына өткізіп, облыс балалары мен ата-аналардың алғысына бөленді.

Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda