ШАРТАРАП ШАРАЙНА

СҮТКЕНТКЕ САПАР

Мәдениет
П.С.Массагетовтың «Заветные травы» кітабынан үзінді

1921 жылы белгілі ғалым, геоботаник П.С.Массагетов дәрілік қасиеті бар өсімдіктерді іздеу және таралу аймақтарын анықтау мақсатында өзінің жеке қаржысы есебінен экспедиция ұйымдастырады. Экспедиция Алтай тауынан бастау алып, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Шу, Қаратау арқылы Сүткентке дейін жалғасып, Сүткенттен Сырдарияның оң жағалауына өтіп, Ташкентке бағыт алады. Негізгі зерттеу жұмысымен қатар жолай көлемді этнографиялық мәліметтер жинап, жергілікті қазақтардың тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін, шаруашылығын сипаттап жазады. П.С.Массагетовтың көне Сүткентте болған күндерінен кітапқа түскен мәліметтер мен деректермен бөліспекпіз.
Кәрібайдың қосы (киіз үйлері) қазіргі Сүткент ауылына қарасты «Тоқболат» мешітінен (қаракөл зираты) 1,5 шақырым солтүстік-батысында орналасқан. Кәрібай қоңыраттың тоқболат руынан болған, қазіргі уақытта Сүткентте тұратын тоқболат бауырларымыздың бұл кісі туралы хабарлары бар, біліп отыр. Жалпы бұл жерлер Сырдарияның сол жағалауынан бастап батысқа қарай тоқболаттардың ата қонысы.
«Жаздың соңғы күндері. Таң сәріде Қаражантақтан шығып, ертесіне түс ауа Кәрібайдың көшпелі қосына жеттік. Ол үш киіз үйден құралыпты. Соның бірі бізге - қонақтарға берілді. Киіз үйде ауа кермек, жусаннын иісі аңқып тұр, ошақ қасында әлі солып үлгермеген, шамалы тапталған боз жусан. Бізге үлкен ыдыспен жаңа тұздалған бекіре уылдырығын ұсынды, мен Носков екеуміз оны ең дөрекі түрде - ботқа сияқты жедік.
Кәрібайдың үйінде мен бұрынғы қарауыл - сыпайы, көпшіл, дене пішімі жас аңшының кейпіне ұқсас егде жастағы казак Чамышты кездестірдім. Біз онымен тез арада тіл табысып, кешке дейін қайтып үлгереміз деген оймен осы жерден он шақырымдай жердегі Сүткент бекінісінің қирандыларына бірге баруға келістік.
Менің айғырым ұзақ жүрістен кейін жем жеп, демалуда. Чамыш жүрісі жорға, қоңыр домалақ айғырға менің ер-тұрманымды ерттеді, өзі жайсыздау қызыл айғырды мінді.
Сүткент бір кездері үлкен қала, бекініс болғаны анық. Төбеде қыш ыдыстардың көптеген сынықтары кездеседі, олардың кейбіреулері түрлі-түсті, негізінен көк және қара көк, жылтыратылған. Күткендей, қирандыларды анабазис (қазақша «итсигек») шөптесін бұталар басып кетіпті.
Бұл төбе біздің сапарымыздағы Сырдария бойындағы ең оңтүстік нүкте болды. Қайтар жолда Чамыш өзінің саятшылыққа құмар екенін айтты, «егер қызықсаңыз, ертең таңертең бірге аңға шығайық» деді. Мен, әрине, келістім.
Кешкі астан кейін Чамыш пен менің серіктерім жыртқыш (ау) құстар туралы әңгіме бастады. Бірақ бұл әңгіме біздің жақтың аңшыларының аңшылық мейрамы кезіндегі дүбірлі әңгімелеріне ұқсамады, бұл нағыз сұңқар салатын саятшының әнгімесі болды және мен осы саладағы алғашқы білімімді осында алдым. Жыртқыш құстардың жергілікті атаулары мен орысша атауларын сәйкестендіру маған қиын болды, бірақ әңгіме барысында естігендіктен жазып үлгердім.


Ителгімен саятшылық

Ең қымбат, ең жылдам және жан-жақты құс - «қаршыға». Оның құны жақсы жылқының құнына тең. Каршығаны қолға үйретіп, баптау өте қиын іс. Оны ерте көктемнен бастап, жаз бойы баптап, тамыз айының аяғында ғана қаршыға аң аулауға кіріседі. Қаршға ұшып бара жатқан барлық құстарды, дуадақты, қаз бен аққуды алады және қонақтап отырған құстарды да оңай алады. Оны осындай қасиеттері лашыннан ерекшелендіріп тұрады, лашын да өте құнды құ, бірақ лашын тек ұшқан құсқа ұмтылады және бір рет қана соққы береді, ал жіберіп алған жағдайда қайта ұмтылмайды. Қаршыға болса, жемтігін алғанша қалмайды, алмай қоймайды. Лашынмен құс аулау үшін, мысалы, үйректі немесе қырғауылды үркіту үшін арнайы барабанды пайдаланып құстарды ұшырасың, сонан соң ғана лашын құстарға ұмтылып соққылайды.






Ақ сұңқар ителгі де жақсы, ол қазды, үйректі, дуадақты алады, бірақ қырғауылга сирек шабуылдайды, тек ашық далада алады. Ителгі аңшы итпен аң аулауға қолайлы. Ителгінің құны лашыннан төрт есе, қаршағадан қырық есеге жуық арзан. Саятшыларға ителгінің ұясынан өте сирек, ілуде бір үлкенірек, ерекше балапан кездеседі, оны «сұңқар» деп атайды. Сұңқар кез келген дала аңын алады, тіпті қарақұйрықты да тоқтатады, бірақ қырғауыл мен үйрекі алып үлгермейді.
Аңшы құстардың ішіндегі ерекшесі «тұйғын». Ол үлкен құстарды да, үйректі, бұлдырық, бұйра, тіпті қоянды да алады, әсіресе қырғауылға жақсы. Тұйғынның қанатында ақ қауырсындары бар.
Қырғи туралы жігерлі сөздер көп айтылды: жайлы, мойынсұнғыш, жалықпайтын жыртқыш құс деп. Бөдене, бұлдырық, шайырды алады. «Жағалтай» немесе «Тұрымтай» сияқты кішкентай жыртқыш құстар балалардың ермегіне айналған, кептер, торғай сияқты майда құстарды аулап жаттығып, көңілдерін көтереді.
Таң атқан бойда Чамыш екеуміз аңға шықтық, ал серіктерім Давлет пен Носков Сырдарияның оң жақ жағалауына қайта өтуімізді алдын ала қамтамасыз ету үшін паромға кетті.
Чамыштың былғары қолғап киген оң қолына басында былғары томағасы бар сұңқар қонақтапты. Бұл ең қымбат «қаршыға», ол әлі жас - бүгін оның екінші немесе үшінші саяты ғана. Чамыш мұны қалай жасырса да, шәкіртіне алаңдағаны байқалып тұрды.
Кәрібайдың қосынан біршама алыстап, аттың басын тартып жай, жеңіл аяңға ауысқанымызда, Чамыш сұңқардың томағасын шешіп алды да, анда-санда білегінде отырған құсты көтере бастады. Кенеттен, қас қағым сәтте қаршыға жебедей зымырап, жердің бетіне тиер-тимес болып ұша жөнелді. Мен оның ұшу бағытына үңілгеніммен ешқандай аңды көре алмадым. Қаршыға көзге көрінбей жоғалып кетті, біз де шапқылай жөнелдік. Алдымызда бірдеңе жарқ етті. Біз жеткенше, сұңқар жекті алып, басып үлгеріпті. Чамыш аттан секіріп түсіп, қаршығаны абайлап ажыратып алып, томағасын кигізіп, аяғын тұсады, арнайы орамалмен дымқыл, ластанған қауырсындарын сүртіп, ер-тоқымның тұмсығына отырғызды да, олжаны бөлшектеуге кірісті. Ішек-қарнын аршып алып, сұңқарға бір кесек берді. Чамыш, жек жыртқыш құстан қашқан кезде шалқалап жатып жоғары қарай нәжісін шашады деп түсіндірді. Оның басқа қаруы жоқ. Көкек те өзін осылай қорғайды, сондықтан оны «сасық көкек» деп атайды. Ұялары да сасық иісті болады, сондықтан мұндай құстардың ұясын бұзуға жыланның да, түлкінің де, жыртқыш құстардың да батылы бармайды.

Сырдария бойындағы қазақтардың үйі.
Уақыттың жетіспеушілігіне байланысты біз саятымызды тоқтатып, артқа бұрылдық. Қайтып келе жатып Чамыштың кешегі қойған сұңқар қақпанына дейін бардық. Қақпан бос екен. Бұл қақпан кәдімгі тор, алыстан көрінбейтін жіңішке жіптен тоқылған торды төртбұрыштап қағылған таяқшаларға жерге жабыстыра тартып қойған. Тордын ортасында жіңішке жіппен байланған қара қарға отыр. Ұшып бара жатқан сұңқар қарғаны көріп, оған қарай ұмтылып, торды шыбықтармен бірге құлатып, оған ілініп, оралып қалады. Тек уақытында келіп, тұтқынды алып кету керек.
Киіз үйлерге тоқтамай, тікелей паромға қарай бет алдық. Паром біз жақтағы жағада тұр екен, барлығы сонда жиналыпты. Кәрібай бізбен жылы қоштасып шығарып салды.
Made on
Tilda