ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ақиқаттан аттамаған қаламгер

Мәдениет

Ұлт руханиятының ірі тұлғасы, балалар әдебиетінің жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл. Жазиралы қазақ даласының жұпар исін аңқытып, ауылдың ғажайып көрінісі мен тыныс-тіршілігін, топырағында аунап-қунап өскен бала Қожаның боямасыз өмірін тап басып суреттеген қарымды қаламгердің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні мәлім. Осыған орай Шардара аудандық білім бөліміне қарасты Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық тойына арналған «Ақиқаттан аттамаған қаламгер» тақырыбында салтанатты іс-шараның шымылдығы ашылды.
Жиын аясында ұлт әдебиетінің мәртебесін өсірген жазушы Бердібек Соқпақбаевтың құнды кітаптары мен жеке заттары қойылған көшпелі көрменің таныстырылымы өтті.
–Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімі мектебімізге 2002 жылы берілді. Қарымды қаламгердің есімі мектебімізге берілуі, сондай-ақ мектебіміздің үлкен ғимаратқа ауысуы да жазушыға деген үлкен құрмет деп білемін. Өз заманында халықтың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануы да, қуанарлық жайт. Бердібек атамыздың кітаптарын оқып, өлеңдерін жаттаған оқушыларымыздың, білімге құлшынысы ерекше екенін атап өткім келеді. Әдебиеттің қайталанбас тұлғасы Бердібек Соқпақбаев атамыз ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгерлеріміздің бірегейі, жазушының қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалары бірнеше буын ұрпақты тәрбиелегенін де айтпай кету мүмкін емес. Сол үшін де бүгін біз де ұжымымызбен мектебімізді рухани ортаға айналдырып, жазушыға құрмет көрсетіп, аудан көлемінде атап өткелі отырмыз, -дейді мектеп басшысы Еркінәлі Дүйсенбекұлы.
Бердібек Соқпақбаевтың ұлт мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін бағалау бұл бастамалармен ғана шектелмей, жазушының шығармашылығын насихаттау болашақта да жалғаса беретіндігін айрықша атаған мектеп басшысы салтанатты шараға жиылған зиялы қауым өкілдері мен өңір жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.
Аталған іс-шара «Менің атым Қожа» фильмі кейіпкерлеріне негізделген көрмемен бастау алып, мектептің кітапханашысы Гүлайна Айдарованың ұйымдастыруымен «Тау тұлғалы тарлан» тақырыбындағы көрмемен жалғасын тапты. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Маржан Сүгірбаева 5 сынып оқушыларымен «Менің атым Қожа» повесі тақырыбында ашық сабақ, Балжан Бегманова 10 сынып оқушыларымен «Өзін жазып, өзгені ойландырған...» тақырыбында дебат ұйымдастырды. Сондай-ақ, бастауыш сынып мұғалімі Сұлухан Есқараеваның ұйымдастыруымен 4 сынып оқушыларымен «Балалық шаққа саяхат» повесіне негізделген тәрбие сағаты, қазақ тілші Жазира Бұрханованың 8 сынып оқушыларымен «Жекпе-жек» повесіне негізделген ашық сабағы өтті.
Әдеби іс-шара ретроспективалық сұхбат түріндегі сырласу кешімен жалғасты. Аталған мектептің математика пәнінің мұғалімі Данияр Медеубеков Бердібек атамыздың келбетін дәл келтіріп, образын сомдап, шынайы Бердібек Соқпақбаев болып, сахнада өнер көрсетті. Бердібек атамызбен сұхбаттасқан оқушыларымыз көкейлеріндегі бірнеше сұрақтарына жауап алып, жазушының өмірі мен шығармашылығына шолу жасады.
Өрлеу кәсіби даму институтының аға оқытушысы Матекова Бақтыгүл Темірханқызы, Шардара аудандық білім беру мекемелері кәсіптік одағының төрағасы Ұлықбек Жұман, Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде көп жылдар бойы қызмет еткен ардагер ұстаздар кештің өте жоғары деңгейде өткенін тілге тиек ете отырып, мектеп ұжымына, мектеп директоры Еркінәлі Дүйсенбекұлына ізгі тілектерін айтып, ыстық ықыластарын білдірді және шәкірттеріңіз Бердібек атамыз секілді тура жолдан таймай, шыншыл, елімізге адал болып өсе берсін деген ақ тілектерін айтты.
«Кешегі күн – бүгінге тарих» демекші, мектеп ұжымының ынтымағы, татулығы мен бірлігінің арқасында жазушының мерейтойы шынында жоғары дәрежеде өтті.
Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің ғана емес, ұлт әдебиетінің классигі. Сондықтан Алатаудың баурайынан басталған жазушының ғасырлық мерейтойы Алаш жұртына, одан әрі өркениет бесігі Анадолыға, түбі Парижге де жетер күн жақын.
Қорытынды сәттегі, «Ақиқаттан аттамаған қаламгер» атты әдеби-сазды кеш барысында ұлт мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Б.Соқпақбаевтың шығармаларынан үзінділер сахналанып, көрермен жүрегін елжіретті. Осылайша, кеш қонақтары бір сәт түтіні түзу өрілген алтын бесік ауыл мен бейкүнә балалық шаққа сапарлап қайтқандай күйге бөленді.
Made on
Tilda