ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Тәжірибе алмасу алаңы» атты облыстық жастар слеті өтті

Мәдениет
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен Шардара аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, лудоманияның алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Шардара су қоймасының «Қытай қалашығы» демалыс аймағында «Жастар слеті: Тәжірибе алмасу алаңы» атты облыстық жастар слеті өтті.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Шардара ауданы әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан мен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға офицері Қарсыбай Гүлзия, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Бектаев Ернар, жастар ұйымдарының басшылары, облыс, аудан, қаладан келген жастар орталығының қызметкерлері, мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Келген қонақтар алдымен Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толуына байланысты жасақталған Шардара тарихынан сыр шертетін Шардара аудандық тарихи-өлкетану мұражайының көшпелі көрмесімен және орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған Шағалалы мекеннің ақын-жазушыларының шығармалары қойылған «Туған жерім Шардара, шаттық мекенім» атты кітап көрмесімен таныстырды. «Шардара Армспорт» клубының тарихы және үздік спортшылардың жетістіктерімен танысып, армспорттан Шардара ауданы республикадағы алдыңғы орында екеніне тағы бір көз жеткізіп, таңданыстарын жасыра алмады. Аудандағы қолөнершілер, суретшілердің және оқушылардың заманауи туындыларымен, 2,5% несие алған жастар мен «Бизнес бастау» қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкерлердің өнімдерімен, «Шебер» тігін шеберханасының отандық өнімдерімен танысты. Аудан өнімдерінің жәрмеңкесінде қауын, қарбыз, балық өнімдерінің дайындалу мен өсіру әдіс-тәсілдері көрсетілді. Сонымен қатар қатысушы жастарға «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алушы әжелер ұлтымыздың «Құрсақ шашу» дәстүрін көрсетті. Келген қонақтарға шашу шашып, дәстүр бойынша «жұғысты болсын» деген ниетпен орамал таратты.
Облысымыздың 10 өңірінен келген 200-дей жастарды біріктірген бұл екі күндік іс-шара, Сырдың сұлу көрінісінде орналасқан сахна, шілденің шіліңгір ыстығында кешкен құм да келген қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Жастар слеті аудандық мәдениет сарайының әншілері Бақберген Омаров пен Ахмет Молдағұловтың орындауындағы «Кел, досым, Шардараға» әнін шырқаумен бастау алды. Шараның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев жастарға сәттілік тіледі.
− Шардара ауданында 28 000-нан аса жастар тұрады. Олардың атқарып жатқан істерінің біршамасын сіздерге таныстырып өттік. Шардара ауданының құрылғанына биыл 60 жыл толып отырғанымен, оның тарихы тереңде жатқандығына осында табылған құнды жәдігерлер дәлел бола алады. Бүгінгі таңда ауданымыз күннен күнге көркейіп келеді. Оған жастардың қосып жатқан үлесі зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған үндеуінде «Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз» деген еді. Сіздер де еліміздің дамуына бар күш-жігерлеріңізді жұмсап, өз үлестеріңізді қоса беруге шақырамын, - деді Бауыржан Қуанышбайұлы.
Өз кезегінде Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тескеру департаментінің аға офицері Қарсыбай Гүлзия:
− Бүгінгі жиынның мақсаты жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, қолайсыз жағдайларға бармау, оның ішінде қазіргі таңда өзекті мәселе - лудаманиямен күресу болып табылады. Өзекті мәселелермен күресу дәл осындай алаңдардан басталуы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл жиында Мемлекет бөлген қаражаттың тиімді жұмсалып жатқандығының куәгері болдық. Осындай жиынды ұйымдастырып отырған аудан әкіміне, аудан әкімінің орынбасарына департамент басшысының атынан және департаменттің қызметкерлерінің атынан алғыс білдіремін, - деді.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев та жастарға ыстық лебізін білдіріп, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
− Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым−Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экоакциясы жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес, бұл бір күндік, бір апталық жоба деп емес, жыл бойына халықтың бойына сіңіру мақсатында аудан-ауданды аралап тазалық жұмыстарын жүргізетін боламыз. Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында плоггинг ұйымдастырылып отыр, - деді Ернар Бектаев.
Бағдарламаның келесі бөлімінде Түркістан облысы тергеп-тексеру департаментінің аға офицері Қарсыбай Гүлзия мен “Komek center” тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаев Айсұлу Полатқызы «Лудомания - қоғам дерті» атты семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингте жастардың денсаулығына жауапты мінез-құлық дағдыларын дамыту, жастардың өз құндылықтарын білуіне ықпал ету, құмар ойынына тәуелділік және оның даму кезеңдері, сондай-ақ тәуелділік қай сәттен басталатыны, құмар ойындарға тәуелді адамдарда қандай белгілері болатыны талқыланды.
Сонымен қатар, жастар слетінде суда шомылу ережесін үйрету бойынша оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. Суда шомылу ережесін үйрету бойынша оқу-жаттығу сабақтарын өткізудің негізгі мақсаты − жастарға суда жүріп-тұру ережелері және суда алғашқы көмек көрсету ережелерін нақты меңгерту, жүзу, шомылу кезінде төтенше жағдай болған жағдайда өздігінен шешім қабылдауға үйрету және облыс су айдындарында азаматтардың өлімінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жастар слеті түстен кейін керемет спорттық эстафеталық жарысқа ұласты. Әр өңірден келген қатысушы командалар суда жүзу, кедергілерден өту, жорғалап жүру, құм толтырылған қапшықпен жүгіру, секіру жібімен секіріп жарысқа түсті. Жастардың спорттық ойындарға деген бейімділігін, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ұйымдастырылған сайыстан кейін құмнан қалашық жасау бойынша жастар командалық сайысқа түсті.
− Сайыс қызықты өтті. Командамызбен бірге әр кезеңнен сүрінбей өтуге тырыстық. Қатысушылардың жеңіске деген ынтасын көріп, біз де жігерлене түстік. Осындай жастардың бірлігін нығайтатын сайыстар көбірек болса деген ойдамын, - деді сайысқа Мақтаарал ауданынан келген қатысушы Жасұзақов Есімхан.
Жастар көңілді ойындардан кейін, кешкілік алау жағып, қаз қатар тізіле отырып Шәмші әндерін Шардараның төрінде шырқады.
«Жастар слеті: Тәжірибе алмасу алаңы» атты облыстық жастар слетінің келесі күнінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Эко-плоггинг» өткізілді. Аталған акция халықтың табиғатқа деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруға және Шардара жағажайында демалушылардың назарын тазалықты сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жағдайды жақсартуға аударуға бағытталған. Акция барысында облыстың 200-ге жуық белсенді жастары Шардара су қоймасы жағалауларын тазалау жұмыстарын жүргізіп 1,5 тоннаға жуық қоқыстарды командаға бөлініп жинады. Жиналған қоқыс арнайы техникаға артылып полигондарға тасымалданды. Тазалықты сақтау − баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жарыс қорытындысына сәйкес Қазығұрт ауданының жастары I орын (150 000 тг), Сарыағаш ауданы II орын (100 000 тг), Келес ауданы III орын (70 000 тг) иеленді. Сонымен қатар, қатысқан командаларға арнайы ынталандыру сыйлықтары берілді.
Облыстық жастар слеті жастарға рухани азық, жаңа достармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді және Шардараның жағажайында қарбалас тіршіліктен бір уақ демалып, жаңа серпіліс әкелері сөзсіз.

Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Made on
Tilda