ШАРТАРАП ШАРАЙНА

2024 жылы Қазақстанды Әлемге танытқан отандастарымыз

Мәдениет
Қазақстанды әлемге танытып жүрген жұлдызды отандастарымыздың саны күн санап артуда. «Шартарап–Шарайна» ақпараттық-танымдық газеті әрдайым оқырман назарына Қазақстанды әлемге танытқан тұлғалар туралы материалдарды үздіксіз жариялап отырады. Осы тақырыпта газет тілшісі Еркежан Тәжібектің 60-қа жуық мақалалары жарық көрді. Бүгінгі нөмірде оқырман назарына таңдаулы тізімді ұсынамыз.
Анар Бурашева – Эверестті бағындырған алғашқы қазақ қызы. Альпинизм әлемінде Эверестке әрбір көтерілу эпикалық жетістік болып қала береді. 12 мамырда Непал уақыты бойынша таңғы сағат 07:25-те "Kazakh Everest Team" қазақстандық командасы Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаевпен бірге әлемнің шыңына жетіп, 8 848 метр биіктікті бағындырды. Анар Бурашева Эверест шыңын бағындырған тарихтағы тұңғыш қазақ әйелі ғана емес, баршамызға шабыт көзі болып, адамның өз күшіне, табандылығы мен жігеріне сенімі болған кезде мүмкін болмайтын нәрсе болатынын көрсетті.
Еркінбек Птыралиев – енді қазақ киносының жаңа белестерімен ұштасатын есім. Ол «Джамбул. Новая эра», «Степной волк», «Сабыр», «Коллективный иммунитет», «Батырлар» және тағы басқа фильмдердің операторы. Өткен жылы Америка кино өнері және ғылым академиясына ресми түрде қосылды. Осылайша ол «Оскар» сыйлығына дауыс беруге қатысу құрметіне ие болған алғашқы қазақстандық атанды. Бұл жағдай оның жерлестері мен кино шеберханасындағы әріптестерінің таңданысы мен мақтаныш сезімін тудырады.
Есбол Сұлтановтың (Instagram: @yesbol_sultanov) Шымкент іргесіндегі шағын ғана Қарабастау ауылынан басталған жеңістері әлемдегі ең үлкен таэквондо алаңдарында жалғасты. Бүгінде оның есімі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Тунис құрамасын жаттықтыратын қазақстандық World Taekwondo нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік жаттықтырушысы деп танылды.
Әділхан Дүйсембаев - қарағандылық талантты монтаждау режиссері және дыбыс дизайнері. Оның шығармашылық одиссеясы он жылдан астам уақыт бұрын басталды және осы уақыт ішінде ол Rihanna, Kanye West, Скриптонит және Jah Khalib сияқты халықаралық жұлдыздармен, сондай-ақ Disney, Levi's және Adidas сияқты беделді брендтермен жұмыс істеді. Әділханның шығармашылық жолы кәдімгі хоббиден басталған. Ол барлығына өзі үйреніп, әрқашан жаңа білім мен бірегей мазмұн құруға ұмтылған.
Әли Тұрғанбеков – үлкен арман жетегіндегі ерекше чемпион. Оның жетістіктері Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем халқының жүрегін жаулап алды. Әли жарық дүниеге екі аяқсыз келді. Алайда, бұл Әлидің өз арманына ұмтылуына және белсенді спортпен шұғылдануына кедергі бола алмады. Францияда Әли алғаш рет халықаралық жүзу жарыстарында Қазақстанның атынан шықты. Оның табандылығы мен қажырлы еңбегі оған лайықты күмісті сыйлады. Бұл оның қайсар мінезі мен әлеуетінің тағы бір дәлелі еді. Бұл жетістік оның Паралимпиада чемпионы болу арманына жасалған маңызды қадам болды.
Қанат Рымтаев 1992 жылы 23 шілдеде Қазақстанның Екібастұз қаласында дүниеге келген. Кейініректе ол Алматыға көшіп келіп, киноиндустриядағы сапарын сонда бастады. Қазір ол небәрі 31 жаста, соның өзінде мамандығы бойынша айтарлықтай биіктерге қол жеткізіп үлгерді. Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі Қанат бар өмірін кино өнеріне арнады. Оның арсеналында Қазақстаннан тысқары қазақ диаспорасы және «Барыс» хоккей командасы туралы сериалдар сияқты көптеген қысқаметражды деректі фильмдер бар. Ол сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің жұмысы туралы баяндайтын «Бюро» сериалына өз үлесін қосты. Ал оның «Далма» фильмі халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаға ие болды, бұл оның көркемдік және техникалық маңыздылығын көрсетеді. Қазылар алқасына әйгілі режиссер Баз Лурман басшылық еткен Red Sea халықаралық кинофестивалінде фильм өзінің ерекше жетістіктерімен танылды. Al Ain халықаралық кинофестивалінде фильмнің қазылар алқасының арнайы жүлдесін жеңіп алды.
Арлан Рахметжанов – технология мен кәсіпкерлік әлемінде елеулі қадамдар жасап келе жатқан жас талант. Алматылық оқушы небәрі 17 жасында Арлан Рахметжанов екі стартап ашып қана қоймай, инвестиция туралы кітап жазып үлгерді. Almaty International School мектебінің өршіл жас жігіті мектеп бітіргеннен кейін Силикон алқабын бағындырып, Стэнфорд университетіне түсуге бекінді. Арлан өзінің екінші стартапын ағасымен бірге іске қосты. Бұл ауа-райы мен сән трендтеріне байланысты киім таңдайтын жасанды интеллектке ие жеке стилист. Жоба оң пікірлерге ие болды және тез өзгеріп отыратын сән әлемінде өзінің өзектілігін дәлелдеді. Оның мақсаты - әлемдік технологиялық революцияға үлес қосу және осы саладағы көшбасшылардың бірі болу.
Анеля Алим (@anelyaalim) – Жамбыл облысының қарапайым ауылында дүниеге келген бойжеткен сән әлемінде адам нанғысыз биіктерге көтеріліп, Американы бағындырып, халықаралық аренада таныла білді. Анелдің ең әсерлі жетістіктерінің бірі Эйнштейн визасын алу болды. Бұл виза ерекше таланттар мен әртүрлі салалардағы жетістіктер үшін беріледі. Анеля оны керемет макияж шеберлігі үшін алды. Бұл құжат оның алдында жоғары мүмкіндіктер мен танымалдық әлеміне есік ашты. Оның талантын Бейонсе, Дженнифер Лопес сынды жұлдыздар байқап, жоғары бағалады. Әлемдік шоу-бизнестің осы иконаларымен жұмыс істей отырып, Анеля өзін жоғары білікті кәсіби және шығармашылық визажист ретінде көрсетті. Анеля тек танымал тұлғалармен жұмыс істеумен шектелмеді. Ол Нью-Йорк Фэшн Уик және Хэмптон Фэшн Уик сияқты ірі сән шараларының ұйымдастырушысы болды.
Шадияр Лес – өз жетістіктерімен үлкен мақсаттарға ұмтылып, арманға сенетін адамдардың арманын қанаттандыратын тұлға. Ол Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі мұғалімі, әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі саналатын Гарвард университетіне түсуге мүмкіндік алған 5% адамның қатарына енді. Бұл – Қазақстан мен оның білім беру жүйесі үшін маңызды жетістік және ұстаздар мен студенттеріміздің жоғары деңгейін айқындайды. Шадияр «Болашақ» бағдарламасына қатысып, Қазақстанның дарынды студенттері мен ұстаздарына әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін грантты жеңіп алды. Осы бағдарлама аясында Шадияр Гарвардта білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Ол жерде алған білімдері мен дағдылары тек өзіне ғана емес, оқушыларына және туған еліне де пайдасын тигізері анық.
Елімізді әлемге танытқан жандардың тізімі мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта, газетіміздің кейінгі нөмірлерінде жариялайтын боламыз!

«Шартарап–Шарайна»–
ақпарат
Made on
Tilda