ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Өмір жолын ән-жырмен өрнектеген

Мәдениет
Ертеректе, бала кезімізде әншілер мен ақын-жазушыларды теледидардан көріп, газеттерден оқып, ондай адамдар тек қана үлкен қалаларда болады екен деп ойлап өскеніміз рас. Кейін өсе келе олардың бірқатары ауылда өскенін, тіпті тағы бір тобының өзіміздің қасымызда, ауылымызда жүргеніне көз жеткіздік. Әнші де, ақын да, сазгер де ауылда болатыны заңдылық екен. Ақын Каныбек Сарыбаевтың, сазгер Мамыр Жалаңбасовтың жолын қуған шығармашылық иелерінің арасындағы ұлағатты ардагер ұстаз «Домалақ ана» , «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегері, Әлем халықтары Жазушылар Одағының мүшесі, 40-қа жуық әннің авторы ақын, сазгер, әнші Шығанақова Роза Жыққынбайқызы да бар. Шығармаларымен шардаралықтарға рухани азық сыйлап, Ел құрметіне бөленген Роза Жыққанбайқызымен болған сұхбатымызды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
- Саламатсыз ба, Роза Жыққынбайқызы?! Сізді көпшілік қауым ақын, сазгер ретінде таниды. Бұл қасиеттер, яғни дарындылық сізге қалай келген?
- Саламатсыз! Менің әнге әуестігім нағашы жағымнан жұққан болу керек.Үлкендердің айтуы бойынша Әнсары нағашы атамыз ауыл аралап ән айтып, серілік жасап жүретін, өз еліне танымал, көрші түрікмен елімен де араласатын беделді адам болған екен. Түрікмендердің малды барымталап айдап кететін жігіттері «Әнсарының ауылына тимейміз» деп айналып өтеді екен. Анам Нақтөренің ән айтатыны бар еді: халық әндері «Бір бала», «Аққұмды» жақсы орындаушы еді.
Ал өлең-жырға жақын болғаным әжем Құнбөбектен дарыған болар. Ол кісі оқымаған болса да қазақтың жыр- дастандарын жатқа айтатын, шамасы оған әкем оқып беріп, есте сақтау қабілеті мықты болғаннан соң жаттап алған ба деп ойлаймын. Аңыз, ертегілерді шебер жеткізе білетін. Әжемнің кішкентайымнан әдебиетке құмарлығымды оятуда әсері көп болғаны анық.
Шіркін, бұрынғы әжелер нағыз тәрбиенің көзі екен ғой!
-Поэзияға қалай келдіңіз? Алғашқы туындыңыз жайлы айтып берсеңіз?
-Өлеңге, поэзияға жақын болуым сөз зергері болған әжемнің тәрбиесінен болар. Кішкентай кезімнен орыс сыныбында оқысам да қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын көп оқыдым. Өлеңдерді жақсы көріп жаттап жүрдім. Алғашқы өлеңімді 7-8 сыныптарда оқып жүргенімде жаздым. Ол кезде патриоттық сезімде жүретін кезіміз. Сезіммен ойда туындаған өлеңдерді қағазға түсіріп жүрдім. Бірде «Мектебім» деген үш шумақ өлеңімді ұстазыма көрсеттім. Ағайым маған көңіл бөліп, көмектесіп, өлең жазуды түсіндіріп жүрді. Бір топ өлеңімді сол кездегі мектеп директоры Шыныбаев көріп газетке беріп, жариялатты. Ол менің өлең жазуға деген құштарлығымды арттырды.
Саналы түрде еліміз Тәуелсіздік алған жылдары елге, Отанға деген сүйіспеншілікпен жазған өлеңдерімді оқушыларыма тәрбие сағаттарында оқып беріп жүрдім. Бірақ, көп уақытымды өлеңге емес, оқушыларыма арнадым.
-Жақсы екен. Өлең жазумен қатар ән шығаратын қабілетіңіз де бар екен. Бірқатар әндеріңізді ән сүйер қауым айтып та жүр. Алғашқы әніңіз қалай туды, сол туралы айтыңызшы.
-Оқушы кезімнен ән айтушы едім. Музыкаға жақын болдым. Домбыра тарттым. Бір күні мектепте бір сынып сабағына қатыстым. Сонда Жадыра деген қыздың дауысы тамаша екен. «Отыздан асып барамын» деген әнді орындады. Кейін мен сынып жетекшісіне жолығып: «Дауысы тамаша екен. Оқушыға лайықты әнді неге таңдамаған?» дедім. «Өзі соны қалады, оның үстіне қазір оқушыларға лайықты әндер көп емес қой» деді. Сол кезде маған неге оқушыларға арналған ән жазбасқа деген ой келді. Үйге келсем балам Мойнақ деген күшігімен ойнап жүр екен. Сол кезде «Мойнақ» деген алғашқы әнімді шығардым. Содан кейін ән шығаруға деген қызығушылым оянды.
- Роза Жыққынбайқызы, қырық жылға жуық мектепте ұстаздық еттіңіз. Ұстаздық жолыңыз жайлы да айтып берсеңіз.
-1973 жылдан бастап Шардара ауданында тұрып жатырмыз.
Өзбекстандағы Гафур Гулям атындағы институттың «Орыс тілі мен әдебиеті» факультетін аяқтап, 1974 жылы бұрынғы «Октябрдің 50 жылдығы» атындағы мектепке жұмысқа мұғалім болып орналастым. 2014 жылға дейін осы ұжымда еңбек етіп, зейнетке шықтым. Бұл мектеп екінші үйімдей болып, қаншама жақсы жандармен бірге жүрдік. Әбілев Әмзе, Әлімқұлов Хамзе, Алтаев Кенжехан, Букеева Назгүл, Гурова Мария Даниловна, Донбаев Орынбай, Әметов Тыныс, Сманова Рая, Боровик Владимир мен Надежда Николаевна, Қуантаева Нышанкүл, Кесікбаева Айман, Сеитова Болсынай, Айдарбеков Темірәлі сынды ұлағатты ұстаздар мен әріптестерімнің орны мен үшін ерекше. Үлкендерден көп нәрсе үйрендім, қатарыммен қоян-қолтық араласып, достықта болдым. Бірге еңбек етіп, мектептің абыройын көтеруде өзімнің де үлесімді қостым. Алғаш гуманитарлық пәндерден тереңдету сабақтарын еңгізіп, мектептің гимназия статусын алуына үлесін қосқандардың бірімін деп мақтанышпен айтуыма болады.
Үйімізден бұрын жұмысымызды бірінші орынға қойып жұмыс атқардық. 17 жыл мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін бірге алып жүрдім. Ауданның тыныс- тіршілігінен сырт қалмай, әркез түрлі сын мақалаларыммен де өз үнімді газет беттерінде шығарып тұрдым.
Біз мектепте жүрген жылдары ұжымның ауызбіршілігі, білім мен тәрбие сапасы жоғары деңгейде болып, аудандағы үштік орыннан бері түспей жүрді.
- Қуанышқа кенелген бақытты шақтарыңыз жайлы да біле отырсақ.
-Бір мезгіл мектептен тыс, өнерге жақын тілеулес жандардың қошеметін де көрген жақсы екен!
2014 жылы аудандық мәдениет сарайында Нұрмахан Қары, Әбдіғаппар Айдаров, Нұрғали Ыбырайым, Ажар Сламова, Құрманбек Шаметов сынды танымал ақындармен бірге мәдениет сарайының өнерпаздары қатысқан шығармашылық кешім болды. Олардың шығармашылығыма берген бағасы менің өзімді ақын екенмін деп сезінуіме қанат байлап, жігерлендірді десем болады.
Кейіннен ақын ретінде танылғанымнан болар, Ажар Сламовадай жанымыз үндес ұстаз-ақын сіңлім тілектестік ниетімен дарынды балаларға арналған М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушыларымен кездесуге шақырып, керемет әсер алатындай мағыналы бағдарламасымен риза еткен еді. Осындай тілектес жандардың ықыласына марқайып риза боламын.
Жақында сол мектепте Ажардың өзінің «Көктем күліп келеді» атты кітабының тұсаукесеріне қатыстым. Ажардай ару ақын қызын мектеп ұжымының мақтан тұтып, қадірлейтінін байқап, қатты риза болдым.
Оның өлеңдері әріптестерінің де, оқушыларының да арасында кең таралып, жазған мектеп гимінің сүйіспеншілікпен орындауы - ұжымның өнерге деген қызығушылығы мен құрметінің жоғары екендігінің дәлелін көрсетті.
Мектеп директоры Баян Қанайбекова ханымның өзі сахнада Ажардың әнін орындауы керемет болды.
Осындай ұжымда ақын жаны қалай шабыт алмасқа!
Жүрген ортаңның рухани талғамы жоғары болса, оқырмандардан қошемет пен қолдау табылса - ақын үшін одан асқан бақыт бар ма?!
-Сұхбатымыздың соңында ақын, сазгерлермен байланысыңыз, жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.
-2022 жылы Әлем Халықтары Жазушылар Одағы бірлестігіне мүшелікке өтім.
Ол Одақтың негізін 10 жыл бұрын белгілі ақын Қайрат Парман қалаған.
Бұл жерде Қазақстанның түрлі облыстарының және шет елдердің ақындарының ақындық және сазгерлік өнердегі шығармалары ортаға салынып, талқыланып тұрады. Одаққа кіргеннен бері белгілі ақын, сазгер Әлібек Тойлыбаев менің «Аңсарым», «Құрбыларыма», «Билейік вальс» атты өлеңдеріме музыка жазды. Кітаптары жарық көрген алматылық көрнекті ақын, жазушы Мақсұтхан Дәлейұлының «Жайық қызына», «Каспий», «Абай елі», «Асылдарды еске алу», «Қазақтын Қайраты» атты өлеңдеріне ән жаздым. Белгілі ақын Болат Құрманғажының «Тағат қылып тұрмын ба?», атыраулық ақын Сағынғали Нұрышевтің «Ғашығыма», «Астана аруы» атты өлеңдеріне, Салтанат Темірханованың «Балаларым» атты өлеңіне ән жазып, аранжировка жасаттым.
Қырықтан астам ән жаздым. Өлеңдерім түрлі газет-журналдарда, сонымен қатар «Ақ шағала жырлары», «Шардара шайырлары», «Қыздар қыдырған күн» топтамаларында жарық көрді. Екі жүзден астам өлеңдерімді жинақтап, баспаға кітап шығаруға дайындап жатырмын.
Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай өткізілген байқауда «Мағжан рухына» әнім үшін І дәрежелі Дипломмен марапатталдым.
Ауылдық әжелер ұйымының төрайымымын. Аудандық «Әжелер алқасының» мүшесімін. Осы атқарған жұмыстарым ақындық пен сазгерлік шығармашылығымның екі жылдық нәтижесінің бір бөлігі десем де болады.
-Роза Жыққынбайқызы! Уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Сізде алдағы кезде де мол шығармашылық жетістіктер тілейміз!
Сұхбаттасқан: Жаңабай Сейдуәлие
Made on
Tilda