Биылғы жылдың сәуір айында Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай үлкен ауқымды мерекелік шара өткізілгелі жатқаны белгілі. Осы мереке қарсаңында ауданда желаяқтар арасында жүгіруден «Марафон – 2025», «Алпыс жылға – 60 кітап» іс-шараларының бастау алып өткізілгені жайлы әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде хабарлар беріліп жатыр.
Соның жалғасы ретінде аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 72 жастағы мақта өсірудің майталманы, «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласының үздігі» медалінің иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер, төрт кітаптың авторы Тұрғанбек Қанаевтың шығармашылығына арналған рухани кеш өткізілді.
Тұрекеңнің еңбек жолы, атқарған жұмыстары, ауданымызға, елімізге сіңірген еңбегі ерекше. Ал, шығармашылығына келсек алғашқы кітабын мақта өнімін арттыратын «Мерс» биоөнімі жайлы болса, екінші кітабына Отан, қоғам, махаббат туралы өлең-жырлары топтастырылды. Үшінші кітабына мақта өнімін сатып алушы магнаттардың өнім бағасын төмен ұстап, диқандардың еңбегінің еш болып жатқандығы, мақта өсірудің озық технологиялары, қыр-сыры, диқандарға арналған ақыл-кеңестері, баспасөз беттерінде әр кезде жарияланған мақалалары, ғалымдар мен ел ағаларының өзі туралы пікір-лебіздері ендірілген.
Соңғы жарық көрген «Шардарадан шырқалған әндер» кітабы ән әлеміне арналып, оған жүрегінен шыққан әуезді әндері мен күйлерінің, өзінің жүректен жарып шыққан өлеңдеріне ауданымыздың, еліміздің әр өңіріндегі сазгерлердің жазған әндерінің ноталары мен ол әнді орындаушылардың видеолары заман талабына сай тыңдау мүмкіндігі болатын QR-код арқылы берілген.
Шығармашылық кештің шымылдығын ашқан «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Аббаз Тұрғынбаев осындай еңбек және шығармашылық ардагерлерімен орталықта жиі кездесулер мен шығармашылық кештердің жиі өткізілетіндігін, оның өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні зор екендігін айта келіп:
– Бүгінгі кездесу Тұрекеңнің еңбек жолына, шығармашылығына арналады. Ән мен күй, естеліктер айтылатын бұл кездесу сіздердің жандарыңызды жадырататын көңіл күй сыйлаған керемет сәт болсын! Тұрекеңе алдағы кезде де мол шығармашылық, мықты денсаулық тілеймін, – деген тілегін білдірді.
Келесі кезекте Тұрекең анасы Гүлсімнің әнші болғанын, үйінде 12 және 25 тілдік сырнайды тартып, үйреніп, оныншы сыныпта домбыра тарта бастағанын институттан кейін асабалықпен де айналысқанын, осындай жетістіктерден кейін өлең жазып, күй шығарып, сазгерлікке де бет бұрғанын айта келіп «Шардарада шырқалған әндер» кітабының шығу тарихына тоқталды.
– Уақыт деген жүйрік қой. Әр кезде бір жазып жүрген шығармаларыма қайта көз жүгіртсем бір кітап болып қалыпты. Содан бәрін жинақтап, жеке кітап етіп бастырып шығаруға кірістім. Бұл жөнінде ойымды аудандық «Шартарап-Шарайна» газетінің редакторы Қары Нұрмахан Қауысұлына айтқанымда ол үлкен ойымен бөлісті. Ол қазіргі кезде QR–код арқылы ән мен күйдің дыбыстық бейнесін қосуға мүмкіндік бар екенін айтып, «Тұреке, қазір QR–код деген шыққан. Әндеріңіздің сөзін, нотасымен бірге және әнді орындаушыңыздың ән орындап тұрған сәтін де QR–код арқылы кітапқа беруге болады» деп жасау жолдарын үйретті. Сонымен бұл облыста, республикада QR–кодпен шығарылған алғашқы кітап болды. Кітапқа 8 әнім, 3 күйім, еліміздің әр өңірлерінің сазгерлерінің менің өлеңдеріме шығарған 44 әні енді, – деген Тұрекең «Қасиет» орталығына төрт кітабын тарту етті.
Тұрекеңнің нағыз еңбекқор азамат екендігін, ел Президенті алдында халықтың атынан сөз сөйлегенін, қазіргі кезде денсаулығын тіктеп, шығармашылықпен айналысып жүргенін, жалпы өмір жолы жастарға үлгі, өнеге болғанын айтқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков Тұрекеңнің иығына шапан жапты.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов те өмір жолына тоқталып өтіп, қандай ортада болса да салмақты ойын айта алатынын, сөзі мірдің оғындай нысанаға дәл тиетінін, халықтың жанашыр азаматы екендігін айта келіп:
– Бүгін, міне, «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен, оның ішінде аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық Қоғамдық кеңестің белді мүшесі Ерназар Қуаныштың атсалысуымен осындай керемет іс-шара өтіп отыр. Қандай істің болсын бас-қасында бір азамат жүруі керек. Сол үшін Қуанышқа рахмет! – деп құрмет көрсетіп, Қуаныш Ергешұлының иығына шапан жапты.
Сол сияқты мерекелік шарада Қуаныш Ергешұлы:
– Тұрекең бізге есте қалар төрт кітап сыйлап қана қойған жоқ, үлкен тәлім-тәрбиесі мол іс жасады. Бойдағы дарынды, қабілетті жасырудың еш қажеті жоқ. Осы отырғандардың да арасында өзін-өзі аша алмай жүрген жандар бар. Соларға осы іс-шара үлгі болсын! Тұреке, сізге үлкен рахмет! Халық үшін еңбек еттіңіз, халықтың атынан жырладыңыз. Бүгін біз сізге рухани қуаныш сыйлай білдік деп ойлаймын. Қайда жүрсеңіз де «Қасиет» орталығында кигізген ерекше шапан еді деп жүріңіз, – деп орталықтың ұжымы атынан шапан жапты.
Тұрекеңнің шығармашылық кешінде ақын, сазгер Әбдіғаппар Айдаров Тұрекеңе арнаған толғауын, Сәкен Бегманов ақын-әнші Тәшман Шекеровтің, Қанат Дауылбаев ақын Қасқыр Серікбаевтың Тұрекеңе арнаған толғауларын, Абылай Төлепов Тұрекеңнің “Толғау” күйін, “Төрт қақпалы Шардара” (сөзі Т.Қанаевтікі) әнін орындаса, Нұржан Жығалиев «Шағалалы Шардара», «Сұлуым», Халия Абдуханова «Гүлім-ау, гүлім», «Қасиет» тобының мүшелері Балқия Анишева, Сапаркүл Ахметова, Спагүл Чимирова, Қымбат Асанбердиевалар көркемдік жетекші Әлібай Тұрсынбековтың баянда сүйемелдеуімен «Қаздар қайтып барады», «Шардара вальсі» әндерін орындаса, М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Асылжан Алмасұлы Тұрекеңнің «Туған жер», Айсұлу Боташева «Шағалалы Шардара», Күнімхан Дошимова «Немерелер тілегі», Халия Абдуханова «Аға керек өзіңдей», Ұлбосын Ахатаева «Келіндерім» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Осылайша Тұрекеңнің шығармашылық кеші керемет жағдайда, жоғары деңгейде өтіп, шараға қатысушылар естелік суреттерге түсіп, тарқады.
Шығармашылық кеш – тек мерейлі сәт емес жүрек пен жүректің үндестігі болғандай әсер қалдырды.
Жетпіс бес жас жастық шақтың аяғы, қарттық шақтың басы деуге саяды. Демек алда талай әлі асу бар, деген екен Әбілхан қария баяғы, – дегендей әлі жетпіс беске жетпеген Тұрекеңнің алдында бағындырар белестер, асатын асулар көп. Алдағы кезде де Тұрекеңнің биік тұлғасы сол биіктерден жарқырай көрінетініне сенім мол. Тұрекеңнің сыршыл, сезімге толы жүрегінен жарып шыққан сырға толы жырлары көктемдегі жауқазындай төгіліп, жүректен жүрекке жете берсін дейміз.
Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ