ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Франция Сенатына сайланған қазақ қызы – Есім Саваш

Мәдениет
Тағдырдың жазуымен атажұртын артқа тастап, Еуропа төрінде тамыр жайған қазақ қызы Есім Саваш – бүгінде Франция Сенатының депутаты. Ол – Францияның солтүстігіндегі Крей қаласының бұрынғы мэр орынбасары, ұзақ жылдар бойы саясат сахнасында табандылықпен еңбек етіп келе жатқан жалынды жас.
Есім Саваш – текті әулеттің ұрпағы. Оның атасы – XX ғасыр басында ұлтының азаттығы үшін жанын қиған әйгілі Зуқа батыр. Парижде дүниеге келген Есімнің ата-анасы Түркиядан Францияға қоныс аударған. Ол жасынан-ақ қоғамдық істерге белсене араласып, 18 жасында саяси өмірге қадам басқан. 2014 жылы жергілікті басқару органдарына сайланып, кейін Крей қаласы мэрінің орынбасары қызметін атқарды.
Саясат пен білімді қатар алып жүрген Есім Технология институтынан және Францияның Ұлттық жоғары білім беру институтынан жоғары білім алып, экономист әрі ұстаз мамандығын меңгерген. Оның басты мақсаты – жастардың болашағына жол ашып, қоғамда әділет пен бейбітшіліктің салтанат құруына үлес қосу.
Астанада өткен «Отандастар» форумында сөз сөйлеген Есім Саваш Қазақстанға деген жүрекжарды алғысын білдіріп, шетелде жүрген қандастарға қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, этникалық қазақтардың тарихи тегін дәлелдеу мәселесінде туындайтын кедергілер жайын қозғап, бұл бағытта жүйелі қолдау керектігін жеткізді.
Есім Мақмудқызы – бүгінгі қазақ жастарына шабыт, елдің атын шетелде танытқан ардақты ару. Оның Сенатқа сайлануы – әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, қазақтың рухы мен ерік-жігері биік екенін дәлелдейді.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda