ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Тіл мен әдебиет – тәрбиенің қос қанаты»

Мәдениет Білім
А.Әлімбетов атындағы жалпы білім беретін мектепте жылдық әдістемелік іс-жоспарына сәйкес жаңа әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдану арқылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне оқушылардың қызығушылығын арттыру, зияткерлік деңгейін дамыту, бәсекелестікке қабілетті жеке тұлға қалыптастыру мақсатында «Тіл мен әдебиет – тәрбиенің қос қанаты» атты қазақ тілі мен әдебиеті апталығы өткізілді.
Апталықтың ашылу жиынында мектеп директоры Жанар Нуралиева білім алушыларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірген соң бірлестік жетекшісі Феруза Камбарбекова жиынға қатысушыларды бағдарламамен таныстырып өтті. Жиын барысында оқушылар әдеби-сазды монтаж қойып, ән-билерімен апталыққа қызығушылықтарын танытып, викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз өнерлерін ортаға салды. Апталық барысында білікті тіл мамандары Гүлнар Абдраманова, Дүйсенкүл Үсенова, Феруза Қамбарбекованың ашық сабақтарына мектеп басшысы тарапынан жоғары деңгейде өтті деп бағаланды. 5-7 сыныптар арасында «Ең сауатты оқушы», 8-10 сыныптар арасында «Мемлекеттік тіл мәртебесі – мәңгілік ел негізі» тақырыбында эссе жазу байқаулары өтті. Жазбаша жұмыстары үздік деп танылған оқушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Тәжірибелі ұстаз Гүлжахан Ильясова 11 сынып оқушыларымен «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде оқушылар талқыға түскен, қазіргі көкейде жүрген сұрақтарға ұтымды жауаптарын айтты. «Адасқан әріптер» интерактивті ойыны арқылы қазақ ақын-жазушыларының аты-жөндерін дәл тауып көрермен болып келген төменгі сынып оқушылары мүдірмей жауап берді.
Апталықтың соңын бірлестік мүшелері Аманкүл Чукманова мен Әлия Қалбырова әдеби-сазды кешпен аяқтады. Жиын қорытындысында апталық барысына белсене қатысқан оқушылар марапатталды.
ТУРЕХАНОВА Айнур Серикбаевна –
Аудандық білім бөлімінің әдіскері
Made on
Tilda